Қазақстан • 05 Қазан, 2017

Азия кеңесінің өткені мен бүгіні

970 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Азия заманауи әлемдік дамудың қозғаушы күштерінің бірі болып табылады және оның маңызы мен рөлінің арта түсетініне ешкімнің күмәні жоқ. Аталған құрлық өзінің алуан түрлілігімен ерекшеленеді және бүгінгі таңда қарқынды түрде дамуда. Орасан зор табиғи және адами ресурстары, сондай-ақ серпінді экономикалық өсуі оның әлемдегі ерекше орнын айқындайды.

Азия кеңесінің өткені мен бүгіні

Сонымен қатар өкінішке қа­рай Азия аумағында қарулы қақ­тығыстардың туындауына жә­не өңірлік шиеленістердің өсуіне алып келетін қақты­ғыс­­тардың пай­да болуы жалғасуда. Бұл ха­лықаралық қоғамдастықтың жедел әрекет етуін және ұжымдық қар­сы тұру үлгісін әзірлеуді талап етеді.

Осы орайда, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) аталған мәселелерді шешу жолын­да­ғы ең ірі көпжақты ауқым­ды форум болып отыр. Қазақстан Респуб­ли­касы­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассам­блея­сының 47-ші сес­сия­сы­ның мінберінен осы АӨСШК-ні құ­ру­ға бастамашылық жаса­ғанына бүгін, 5 қазанда 25 жыл толады.

90-шы жылдардың басында Азияның қауіпсіздігі және даму мәселелерін талқылау бойынша ортақ құрлықтық құрылым жоқ еді. БҰҰ мінберінде ал­ғаш рет сөз сөйлеген, шалғай­да­­ғы Орталық Азиядағы жаңа құ­рыл­ған мемлекет басшысының ұсы­­­нысы бірден ықыласпен қа­былданды. Уақыт АӨСШК про­цесінің өзектілігін көрсетті жә­не оның аясында саяси диалогты институттандыру және азия­лық мемлекеттерді жаңа сая­си жағ­дай­ларға бейімдеу жүр­гізіледі. Қазақстан және АӨСШК процесін қол­даған мем­­лекеттер осындай те­тік құ­ру­дың күрделілігін айқын тү­сін­ді. Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінгі күні АӨСШК кө­бінесе тыңға түрен салған, сон­дықтан да тірлікте кездесетін жағ­дайларға дайын тұрған бі­регей жас форум болып табылады.

Сонымен бірге АӨСШК үд­е­­рісі түрінде жүзеге асы­рыл­­­ған, Елбасы ұсынған Азия­да­ғы ұжымдық қауіпсіздік тұжы­рым­да­масын көпжақты ілгерілету идея­сының халықаралық маңызы зор. Қазіргі кезде Еуропаға қа­ра­ғанда Азияда әлі күнге дей­ін мықты саяси институттар жетіспейді. Бұл өкінішке қарай, не­­гізгі мемлекеттер арасын­да­ғы сенімнің төмен болуынан ту­ындайтын жағдай. Қауіп­сіз­дік мәселелері бірқатар қосал­қы өңір­лік ынтымақтастық тетік­те­­рінің болуына қарамастан, әр мем­­лекеттің ішкі мәселесі болып қа­­луда. Осындай жағдайларда ха­лық­аралық қауіпсіздікті қам­та­масыз етудің жалғыз ғана айқын тетігі мемлекеттер арасындағы сенімді арттыру қағидаты болып табылады. Бұл жағдайда АӨСШК-ні шақыру аталған мәсе­лені уақтылы қарастыруға мүм­кіндік берді.

Бүгінгі таңда құрамына 26 қаты­сушы мемлекет кіретін АӨСШК күрделі халықаралық жағ­­дай тұсында орнығып келеді. Ха­лы­қ­аралық бейбітшілік пен қау­іпсіздікті сақтауға бағыт­тал­ған бұрынғы жүйенің әлемдік аренадағы сын-те­геу­ріндер мен күштердің жа­ңа арақатынасына байланыс­ты тиімділігі азаюда. Қауіпсіздікті қам­та­­масыз етудің қолданыстағы дәс­түрлі құралдарының қазіргі за­ман­ғы сын-қа­­тер­лерге қарсы тұру қабі­леті де тө­мен­деуде.

Азияда жаһандық әскери-саяси процестердің ықпалымен ту­ындаған қақтығыс әлеуеті сақ­­талуда. Бұл өңірден алыс ай­мақ­­тарда көрініс тапқан «ескі» қа­қ­ты­ғыстар жанданып, кейде жаңа күш­пен қайта ө­р­шу­де. Аталған жағ­дайды транс­ше­ка­ралық си­пат­тағы жаңа «қозғамалы» қа­терлер күшейе түсуде. Сол себепті аталған мәселелерді 1999 жылғы «АӨСШК принциптерінің дек­ларациясында» көзделген са­яси процесс аясында шешу ма­ңызды, сондай-ақ алдағы уа­қытта осы бағытта прог­рес­ті қамтамасыз ету, бір­жақ­ты әрекеттерге баруды жә­не бей­­мәлім жағдайдағы өңір­лік эт­но­саралық және басқа дау­лардың шиеленісуін болдырмау қажет.

Қа­зақстан 2017-2018 жылдар­дағы БҰҰ Қауіп­сіз­дік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде АӨСШК құрылтай құжат­тарында көрсетілген ынты­мақ­тастық пен сенім шараларын ны­ғайту қағидаттарын нақты іске асы­руда. АӨСШК тәсілдері БҰҰ Қау­іп­сіздік Кеңесінің мүшелері ара­­сындағы әріптестікті және өза­­ра түсіністікті нығайту үшін ерек­­ше маңызды.

Сириядағы күр­делі қақты­ғыс­ты реттеу бойын­­ша Н.Назарбаевтың қолдауымен жүзе­ге асырылып жатқан  Астана процесі сенім ша­ра­ларының маңыздылығына ай­қын мысалы болады.  Бұл шаралар тараптардың кез­де­сіп, диалогты тікелей немесе бітім­гер арқылы келіссөздерді жүр­гізуден бастау алады. Соны­мен қатар аймақтардағы жа­ғ­дайдың жақсаруына ықпал ете­тін нақты әскери-саяси және гу­ма­нитарлық шаралар туралы сөз қозғалады. Сирия АӨСШК-ге мүше емес,  алай­­да бұл елдің бастан өткеріп жатқан қасіретті жағдайы жергілікті жә­не өңірлік деңгейлердегі се­нім­ді ны­ғайту құралдарының өзек­тілігін көрсетеді.

Көп жағдайларда диалогтың болмауы үлкен қатерлі фактор болып саналады. Азия үшін осы олқылықтың орнын АӨСШК айтарлықтай толтырып отыр.

Аймақ елдерінің қарым-қаты­нас­тарын өңірлік қауіпсіздік мәсе­лелерінің өзара тиімді ше­шім­дерін іздестіру үшін диалог режіміне ауыстыру құралы ре­тін­­де АӨСШК іс жүзінде құрлық мем­лекеттері арасындағы сенімді ны­ғайтуға ықпал етеді. Азиядағы жә­не бүкіл әлемдегі қауіпсіздік пен болжамдылықтың артуы АӨСШК үдерісінің мазмұн­ды­лы­ғын айқындайды.

АӨСШК қатысушылары бас­тап­қыда «қарапайымнан күр­де­ліге» қозғалыс тактикасын қол­да­ған болатын. Яғни, Кеңеске қатысушылар алғашқы кезеңде тараптардың ортақ мүдделеріне сай келетін мәселелерді талқылау және сол арқылы ортақ пікірге ке­лу, содан соң ымыраға қол жет­кі­зіп одан әрі даулы мәселе­лерді тал­қылауға келісті.

Айта кететін жайт, Кеңесті құ­ру барысында оған Азиядағы өзек­ті мәселелер мен жан­жал­­ды жағдайларды жедел шешу міндеті жүктелген жоқ. Себебі, бұл біріншіден мүм­кін емес, екін­шіден, аталған ын­ты­мақ­тас­тық форматының өкі­лет­ті­лі­гіне кір­мей­ді және ұзақ тал­қы­лау және ше­шу үдерісін талап етеді.

АӨСШК қызметін талдау осы форумның негізгі мақсаты Азия мемлекеттері арасындағы қау­іпсіздік саласындағы өзекті мә­с­е­лелер мен проблемаларды тал­қылау үшін қолайлы жағдай жа­сау, жалпы адами қағидаттар мен күш қолдану позициясы тұр­ғысынан алғанда саясат қо­лай­сыздығы, экономикалық да­мудағы айырмашылықтар, нә­сіл­дік, этностық және діни тиіс­тілікке негізделген ақылға қо­ным­ды диалогты өткізуге алаң ұсы­ну мүмкіндігін жасау болып та­былды.

Қазақстан 25 жыл бойы өңір­де жалпыазиялық ортақ қауіп­сіз­дік құрылымын құру бойынша өзінің мақсатты жұмысын жүр­гізіп келеді. Президентіміздің бас­шы­лығымен көптеген жұмыстар атқа­рылды, соның нәтижесінде АӨСШК идеядан практикалық және нақты жұмыс істейтін құ­ры­лымға айналды. Бұл қызу әрі қо­мақты еңбекті талап еткен жұ­мыс болды.

Форум құрылған кезден бастап, Каирден Сеулге дейін, Мәскеуден Пномпеньге дейін АӨСШК мүшелерінің саны 16-дан 26 -ға дейін артты. Кеңес­те­гі келіссөздерге Израиль, Палес­ти­на, Үндістан, Пәкістан, Иран жә­не бірқатар араб мемлекеттері қатысады. Кеңестің мақсаттарын ілге­рілетуге негіз болатын норма­тив­тік-құқықтық база құры­л­ды. АӨСШК БҰҰ және басқа да ха­лық­аралық ұйымдарда бай­қау­­шы мәр­тебесіне ие болды. АӨСШК – Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйы­мы бағыты бойынша диалог жүр­гі­зуде.

Бірнеше жыл бұрын Кеңестің Алматыдан Астанаға көшірілген Хатшылығы 10 жылдан астам табысты жұмыс атқаруда. Форум жұ­мысының өзекті мәселе­л­е­рімен айналысатын органдары қалып­тасты. Арнайы жұмыс то­бы­ның, Аға лауазымды тұл­ға­лар комитетінің, Жастар және Іс­керлік кеңестердің отырыс­тары жүйелі түрде өткізіліп оты­рады және 2014 жылдан бас­тап АӨСШК-нің төрағасы болып та­былатын Қытай Халық Рес­пуб­ликасының бастамасымен жә­не қолдауымен құрылған Үкі­мет­тік емес ұйымдардың форумы «күш алып» келеді.

Кеңес аясында әскери-саяси, экономикалық, экологиялық, ада­ми өлшемдер және жаңа сын-тегеу­ріндер мен қатерлерге қарсы тұ­ру салаларында сенім шараларын іске асыруға негіздеме бола­тын тұжырымдамалар мен іс-қи­мыл жоспарлары қабылданды.

Қазақстан, Түркия және Қы­тай төрағалықтары барысында, қорытындылары бойынша ма­­ңыз­ды саяси декларациялар қа­­был­данған төрт саммит пен Сыр­тқы істер министрлерінің бес тұ­рақ­ты кездесуі өтті.

Екі апта бұрын, 2017 жылғы 20 қыркүйекте Нью-Йоркте, БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-ші сессиясы аясында Қазақстан Президенті бастамасының 25 жылдығына арналған, АӨСШК мүше мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлерінің бейрес­ми кездесуі өтті. Кездесу бары­сында қатысушылар халық­ара­лық күн тәртібіндегі өзекті мәсе­лелерді талқылады, форум­ның ширек ғасырдағы негізгі же­тіс­тіктерін атап өтті және бүгін­гі күні АӨСШК алдында тұр­ған мақсаттарын айқындады. Ми­ни­стрлердің қорытынды мә­лім­демесінде «Азияның өзге мем­лекеттерін барынша қам­ту, сыртқы алмасуды арттыру, сон­дай-ақ өңірлік және халық­ара­лық істерге кеңінен қатысу, яғ­ни қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, дамуды ілгерілету мен тұр­­ғындардың әл-ауқаттылығын жақ­сартуда белсенді рөл атқару үшін алдағы уақытта АӨСШК-ні кеңейтуге мүдделіміз», – деп атап көрсетілді.

ЭКСПО-2017 халықаралық маман­­дандырылған көрмесі ая­сында Астанада Азияның бар­лық өңірлерінен жиналған кә­с­іби және әуесқой спорт­шы­лардың қатысуымен бірлескен ШЫҰ-АӨСШК жеңіл атлети­ка­лық марафоны өткізілді.

Осы уақытқа дейін еңсерген жолға шолу жасай келе, мүше мемлекеттердің бірлескен күш-жігері АӨСШК үдерісін бастауға ға­на емес, өңірлік қауіпсіздіктің не­­гіздерін қалыптастыруда нақ­ты нәтижелерге қол жеткізуге мүм­кіндік берді деп сеніммен атап айтуға болады.

Белсенді ұжымдық өзара іс-қи­мыл, өркениеттердің ашық та ай­қын диалогы болмаған жағ­дай­да, барлық мемлекеттердің тұ­рақ­тылығы мен орнықты дамуын қам­тамасыз етудің дұрыс жолдарын табу мүмкін емес. Осыған бай­ланысты 2014 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Шанхайдағы АӨСШК саммиті барысында баян­далған АӨСШК негізінде ха­лық­аралық ұйым құру бас­та­ма­­сы аса өзекті болып табы­ла­ды. Бү­гінгі таңда форум қ­аты­су­­шы­ла­ры аталған мәселені тал­қы­лау үстінде.

Бүгінде АӨСШК шеңберін­де­гі тиісті жұмыс өз қарқынын сақ­тап, осы үдерісті күшейтіп, нығай­татын өзекті құжаттарды бір­лесіп әзірлеуді жалғастырудың және тағаттылық пен дәйек­тілік танытудың маңызы зор. Халық­ара­лық ұйымдарда АӨСШК мақ­сат­тары мен міндеттерін белсенді түр­де түсіндіру қажет.

АӨСШК мәміле қағидасына не­гізделген саяси платформа бо­лып табылады. Оның бар­лық мү­шелері өзара тең жә­не 2002 жыл­ғы Алматы ак­тісі, АӨСШК-дегі қа­рым-қа­ты­нас­­тар­ды реттейтін прин­цип­тер дек­­ларациясына және бас­қа да құ­жат­тарға сәйкес өз мін­дет­те­мелерін орындайды.
Еуропадағы қауіпсіздік және ын­­тымақтастық ұйымымен са­лыс­­тырғанда, АӨСШК саяси, мә­­­дени, географиялық және эко­но­­микалық тұрғыдан әралуан­ды­ғымен ерекшеленеді.

Бұл ретте АӨСШК-нің күр­де­лілігінің өзі де оның бірегей си­паты болып табылады.

Ұйымның негізін салған мемлекет ретінде Қазақстан алдағы уа­қытта Азия құрлығындағы қа­уіп­сіздік пен тұрақты даму жо­лында АӨСШК-нің барлық не­гі­згі бағыттары бойынша ын­тымақтастықты дамытуға бар күшін салады, өйткені бұл Ел­басы айқындап берген сыртқы сая­си басымдылықтарымызды қамтиды.

 

Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ, 
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі