Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі.
Басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін.
Жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс. Үрдісті мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет. Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап, құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек...» – деп атап көрсетті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында.
Жалпы, бағдарламалық мақаланы нақтылы қазақ халқы үшін, оның атамекені ауылдар үшін жазылған десек те артық емес. Бұл – мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасырдың биігіне шығаратын үлкен бағдарламалық құжат. Ол туған елі мен жерінің тағдырына жаны алаң әрбір азаматты бей-жай қалдырмайды деп білемін.
Менің туған жерім – Нұра өңірі. Нұра – менің кіндік қаным тамып, туып-өскен жерім. Туған жерім – менің мақтанышым, бүгінім мен келешегім. Қорғаным да, барым да, асылым да осы – қара Нұра. Мен оған мәңгі қарыздармын. Өмірдің қай белесіне көтерілсем де, қазақ байтағының қай қиырында жүрсем де туған жерімді бір сәт жадымнан шығарған емеспін. Жиі ат басын бұрып, тыныс-тіршілігімен хабардар болып отырамын. Түрлі сән-салтанат, жиын-тойларынан қалмауға тырысамын. Қанатымен су сепкен қарлығаштай, қал-қадерімше көмек қолын созуға ұмтылып тұрамын, мұны өзімнің перзенттік парызым санаймын. Кезіндегі Нұра өзенін сынаптан тазарту жөніндегі жобам да ел қамын ертеден ойлаудан туындаған еді. Онда біз еліміздің ірі өзендерінің бірі – Нұраның ластануы тек өсімдіктер мен жануарлар ғана емес, адамдар үшін де аса қауіпті екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеп берген едік. Осындай азды-көпті еңбегімізді, іске деген жанашырлығымызды ескерді ме, қайсыбір жылы жерлестерім маған «Нұра ауданының құрметті азаматы» атағын ыстық ықыласпен табыстаған еді. Ол маған бір жағынан ерекше мерей, мәртебе болса, екінші жағынан қосымша жауапкершілік жүктейді.
Осы ретте, Елбасының рухани жаңғыру орайындағы мақаласын оқи отырып, туған жерім туралы толғанғым келеді. Оның ішінде, адамзат үшін аса маңызды қоршаған ортаны қалыпты сақтау, бір сөзбен айтқанда, қызметтік, ғалымдық өрісіме байланысты, экологиялық саламаттылық жөнінде ой бөліссем бе деймін.
Экология мәселесі қазіргі таңда өндірісті өңірдің кез келген тұрғынын толғандырады. Экологиялық қауіпсіздік – табиғи экологиялық жүйенің тұрақты дамуы мен негізі сақталуына және кеңеюіне кепіл болып табылатын ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі. Қарағанды облысының қоршаған ортаға әсер ету жөнінен өзіндік ерекшелігі бар. Республиканың бірде-бір облысы дәл біз тәрізді техногендік ауыртпалықтың зардабын тартып отырған жоқ. Тау-кен металлургиясы, кен шығару, шығарылған кенді өңдеу, жылу энергетикасы және тағы басқалары облыс өнеркәсібінің жетекші салалары болып табылады. Өнеркәсіп кешендері өздерінің жұмыс істеуі барысында облыстың экологиялық ахуалына техногендік әсерін тигізуде. Өңірдің экологиялық жағдайының ушығуына «Байқоңыр» кешені, «Сарышаған» әскери зымырандар полигонының жұмыс істеуі, сондай-ақ Семей ядролық сынақ алаңының ұзақ жылдардағы салдары ерекше зардабын тигізуде, оның бәрі жан-жақты зерттеп, баға беруді талап етеді.
Қарағанды облысы – Қазақстандағы экологиялық жағынан ең ластанған, өнеркəсіптік өндіріс орындары көп шоғырланған ірі өнеркəсіп орталығы. Бұл өңірдегі өндіргіш күштердің даму барысы көптеген жылдардан бері экологиялық зардаптар ескерілмей іске асырылды. Соның салдарынан облыстың атмосфералық ауасы бұзылды. Мəселен, тұрақты көздерден атмосфераға тарайтын лас заттар жылына бір миллион тоннадан асады. Ал бұл жалпы республикадағы барлық қалдықтардың үштен бірі деген сөз. Негізгі ластаушы көздер Теміртауда, Жезқазғанда, Балқашта, сол сияқты Қарағандыдағы энергетикалық кəсіпорындардың өзі жылына 96,2 мың тонна ластандыратын қоспа таратады екен.
Қала маңына орналасқан ГРЭС-1, №3 ЖЭО жəне Қаражал ЖЭО-ның күлі мен түтіні бұрқырап мазаны алуда, сол сияқты, Ақжал байыту фабрикасының, Қайрақты, Жамбыл, Қарағайлы Ақшатау кеніштерінің қалдықтары да бұрқырап, желге ұшып жатыр. Бұларда қауіптілігі 1-3-ші сыныпты қорғасын, мырыш, берилий, висмут және радионуклидті флотация қалдықтары көп. Тозаңданып аспанға ұшудың салдарынан мұндай заттар маңайын да шаңдатып жібереді. Бұған қоса, атмосфералық ауаны автокөліктер де ластандырып, одан шығатын тастанды қалдықтар жылына жүздеген мың тонна көлемінде зиянды заттар таратса, оның ішінде 200-ге жуық әртүрлі қоспа бар екендігі анықталғаны баршаға мәлім.
Бүгінгі таңда су ресурстарын қорғап, ұтымды пайдалануда да проблема көп. Облыстың жалпы жылдық су ресурсы 3,4 млрд текше метрге жуықтайды. Оның жыл сайын 2-2,3 миллиард текше метрі пайдаланылады. Негізгі су көздері Нұра өзені, оның Шерубай-Нұра жəне Соқыр құймалары, Ертіс-Қарағанды каналы, Қаракеңгір жəне Жезді өзендері, Балқаш көлі болып табылады.
Облыстағы жер ресурстары да қиын жағдайда. 854 мың гектардай жер азып-тозған, жел эрозиясына ұшыраған. Оның басты себебінің бірі – жерді қорғайтын орман алқаптарының қанағаттанғысыз жағдайы. Жер ресурстарын ғана емес, жалпы қоршаған ортаға зиянын тигізетін негізгі ластану көздерінің бірі – кәсіпорындардың өндірістік қызметі үдерісінде және тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінде пайда болған қалдықтар. Облыста тұрмыстық қатты қалдықтардың өте көп болуы да біраз проблемалар туғызуда. Сонымен қатар қоршаған орта мен адам денсаулығына ықпал ететін проблеманың бірі – қазылып, кен өндіріліп алынған соң қалып кеткен, жабылмай аузы ашық қалған радиациялық қауіпті кен орындары мен карьерлер мәселесі.
Қазіргі кезде игеріліп отырған минералды шикізат көзі өте көп. Солардың ішіндегі ең маңыздылары мыс, темір, марганец, полиметалдар, вольфрам, молибден, ванадий және құрылыс материалдары. Өлкенің мыс кендері кембрийге дейінгі заманнан бастап, кейінгі палеозойдың пермь дәуіріне дейін жиналған тау жыныстарымен байланысты.
Бүгінгі таңда саналы тіршілік иелерін ғаламдық деңгейде алаңдататын өзекті жайттың бірі – қоршаған ортаны қорғау мәселесі. Адамдардың салғырттығы мен бейқамдығынан бастау алған экологиялық күрделі ахуалды табиғи қалпына қайыра түсіру осы саладағы ғалымдар мен мамандарды соңғы жылдары терең толғандырып келеді. Өндірістің дамуы мен өнеркəсіп орындарының ұлғаюы, техниканы пайдаланушылар санының өсуі секілді өркениет үрдісімен үндес шаруалар, екінші жағынан, табиғатты тамылжыған таза күйде қалдыруға кері әсерін тигізуде.
Нұра өзенінің суын Қарағанды және Теміртаудан құйылатын өнеркәсіп сарқындыларынан кешенді түрде тазарту қажет. Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, Нұра өзенінің табанында мыңдаған тонна сынап қалдықтары шөгіп жатыр. Бұған кінәлі деп «Карбид» АҚ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ деп ашық айта аламыз.
Өндірісті өлкемізде осындай ойды онға, сананы санға бөлетін салмақты əрі түйінді шаруаларды оңтайлы шешуде жүзеге асырылып жатқан шаралардың бар екені де күмəнсіз. Бүгінде бұл проблема ішінара «ҚР Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстары және Астана қаласының тұрақты дамуы үшін қоршаған ортаны жақсарту» атты Үкімет жобасы көлемінде шешілуде.
Қазіргі уақытта Қарағанды облысында өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытудан бұрын экологиялық салдарын ескерместен, табиғи ресурстарды бей-берекет пайдаланудан туындаған күрделі экологиялық ахуал орын алып отыр. Осыған байланысты экологиялық қауіпсіздік өте маңызды және ол үшін қоршаған ортаға барынша антропогендік әсер ету салдарынан жеке тұлғаны, қоғамды және мемлекетті қорғауды қамтамасыз ететін кешенді шараларды тұрақты түрде іске асыру қажет.
Экология – адамдардың бақытты өмір жолында өзін қоршаған табиғи, рухани ортамен жарастықты қарым-қатынас жасай білуі. Ендеше, ол барша тіршілік әрекеттердің бәрін біріктіреді. Қорек айыру жолында қалай қол қусырып отыра алмайтын болсақ, экологиялық үйлесім жолында да дәл солай қарекеттенген ләзім. Сау-саламат тіршілік жолындағы майданға отбасынан бастап күллі адамзатқа дейінгі ұйым, бірлестіктің бәрі де атсалысуға тиісті. Сонда ғана экологиялық жарасым жолындағы күрес әлеуметтік әділеттілік жолындағы күреске айналады. Өз денсаулығыңды күтуден бастап, аймақ, ел мен жердің тыныштығын қамтамасыз етуге дейінгі жарастықтың бәрін қамтитын бұл күрес майданында әрбір адам шешуші қызмет атқаруға тиіс.
Дамудың діңгегі – рухани байлықтар. Дегенмен, қоршаған орта, табиғи жаратылыстың да жаңарып, жаңғырып отырғаны абзал.
Қазіргі таңда дүниежүзінің көптеген елдері жасыл экономика қағидасын қабылдаған. Соған орай, 2013 жылдың 1 маусымында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» өту Тұжырымдамасы жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Жасыл экономика – экономикалық теориядағы жаңа бағыттардың бірі. Ол табиғи ресурстарды «табиғи капитал» ретінде қарастырады. Міне, бұл тұрғыда да ойластырар, атқарылар жұмыстар жеткілікті. Яғни, рухани жаңғыру мен биосфера жаңғыруы қатар жүргізілетін жұмыс.
Елімізде аса табысты өткен халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің бір бөлігі «Жасыл экономикаға», қоршаған ортаны қорғауға арналғаны да тегін болмаса керек. Бұл бағыттағы Елбасымыздың тың ойлары барша қазақстандықтарды жігерлендіріп, осы идеяны іске асыру үшін барынша талпыныс жасауға серпін береді.
Менің ұзақ жылғы экология саласын зерттеуімнің, жиған тәжірибелерімнің нәтижесінде 2013-2016 жылдары «Экологияның рухани өрісі» атты монография кітап болып жарыққа шықты. Осы зерттеу еңбекте ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, табиғатты қорғау, ел мен жердің тарихы мен тағдыры, Отанды сүю, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселелері тегіс қамтылды. Бұл – менің туған жерге, Еліміз бен Отанымызға деген тамшыдай болсын қосқан үлесім деп білемін.
Қайыржан БЕКІШЕВ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры