Қазақстан • 05 Қазан, 2017

Іс пен із

322 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел жүрегімен бірге соққан жүрек, ел тынысымен біте қайнасқан өмір, ел берекесін көтеруге сіңірілген еңбек бақытына бағаланар адамдар қатарында Астана іргесіндегі астықты Нұра ауданының даму жолында елеулі ізі бар Дауылбай Мейрамұлы Құсайыновты атауға болады.  

 

Іс пен із

Оның өсу жолы алыстағы аядай ауылдан бастау алған. Шамасы кешегі дәуірдің жетпі­сін­ші жылдарының басы болар, бір­де соның алдында құрылудан кейін етек-жеңі түзеліп қалған «Ба­лықтыкөл» кеңшарындағы ағайын­дарға сәлем бере бардық. Бұл Қарағанды облысының Нұра ауданындағы қой өсіруге бағыт­талған шаруашылық болатын. Бас есепші Жұмтай Құнанбаев аға­мыздың үйіне есіктен жүзі жадырап кірген бір кісі «Қосқопадан келіп тұрған бетім. Біраздан бері сырттай байқауымша биыл оқуын бітіріп келген ондағы жас механик ширақ жігіт секілді. Бөлімшедегі бұрыннан жүруінен тұруы көп машина-тракторларды жөндетіп, қатарға қостырып қойғызыпты. Мұн­­да жұмысқа кіріскеннен бастап меха­­низаторлардың жайба­сарлығы, салдыр-салақтығы сейілді. Білімі талабына сай жақ­сы маман болып өсетін азамат сыңайлы тегі», деді. Қай басшы білікті кадрды қала­май­ды, шаруашылық директоры Қорабай Досжановтың айтса айтқанындай, сол қуанышы тегін болмады.

Бұл оқиға, бәлкім, естен шығып кетер ме еді, егер бес-алты жыл өткенде енді айналадағы дүние­ден тысқары қалған ауыл Көк­өзектегі үлкендер аузынан Қо­ре­­­кең айтқан есім жадымызда жаң­ғырмағанда. «Трудовик» кеңшарының тұр­ғы­лықты жұрт мұң-мұқ­тажына құ­лықсыздау, тү­сінуге керенау бас­шылары ара­сын­дағы жалғыз бауыр­ластың ауылға жанашырлығы сүй­сін­тіпті. Келешегіне үлкен үміт ар­тарлық жас ол кездегі үрдіс бойын­ша алдымен саяси жетекші болып тағайындалып, белді қызметі арқылы үй іргесіне дейін егілген егін азын-аулақ мал ұстауға кедергі келтіруін, сон­дай-ақ өзек­тер бойындағы жайы­лымдарға картоп отырғызу сияқты тығырық қыспағын тоқтатқан екен.

Біраз уақыттан соң Нұра ауда­­нының әкімі лауазымында көпшілік көңіліне қонған жа­ғымды істері құлаққа шалына бастағаны бар. Сөйтіп еңбегі ерте танытып, ерте өрлеткен аза­маттың талапты басшы ретінде де, халқы арқа тұтқан аза­маты ретінде де кемелденуі аумалы-төкпелі, айқай-шулы, тартысты уақытқа кез келген. Жұрт­тың жүйкесі жұқарып, құлдырау күйзелткен, табыс көзі жоқ, амалсыздан қолдағы ма­лын сатып үдере көшкен тоқ­саныншы жылдардың ең бір күр­делі шағында ауыр жүкті арқалау оңай болмады. Дегенмен «Намыс – ер қайрағы» дейтін сөз шындығын Елбасы сенімін, ел үмітін ақтау үшін аянбай қызмет етуде қайрат, қай­сарлық пен табандылық танытты. 

Ауданды дамытуға қосқан үлесі үлкен. Ең алдымен, іргелі ша­руашылықтардың жоғары жақ­тың нұсқауларына қарамастан ұсақ, жеке-жеке қожалықтарға бөлініп ыдыраудан сақталуы осы күнде өз жемісін беріп отыр. Диқан қауымының ұйымдасқан түрде еңбек етуінің арқасында «Қайнар, «Шахтер», «Пржеваль» ЖШС-лер байырғы қалыпта 30 мың гектардан астам алқаптан жылына миллиондаған пұт алтын дәнді қамбаға құюда.
Жалпы алғанда жеке­ше­лендіру бойынша кеңшарлар таратылып, әркімнің пай үлес­терін алып, өзінің қалаған шаруасымен шұғылдану еркіне ешқандай қысым жасалған жоқ. Бірақ бәрінің бірде ісінің оңғарылып ке­туіне мүмкіндік аздығы, ке­дергі көптігі, әрқайсысының әрі салғанда 100 немесе 200 гек­тардан артық жерге егін егуге әл-шамасы жетпеуі өлкенің негізгі саласы астық өндірісінің жергілікті экономикадағы үлес салмаған төмендетпеу, жыл сайынғы 300 мың гектарға дейін дән себу көлемін кемітпеу үшін ірі шаруашылықтар шаңырағын шайқалтпау шаралары белгіленді. 

– Өз алдына бөлек егін егуге ұмтылушылар бастапқыда аз болмады. Ал жұмыстың бар жүгі мойындарына түскенде біразы тез айнып қалды. Техниканың жарамсыздығы, тұқымның тап­шы­лығы, қаржының жетімсіздігі тосқауыл бола берді. Мұндай күйде астықты мандытып өндіру мүмкін еместігі түсінікті еді. Осы­ған байланысты бірегей қа­дам­ға бастап, тірек, қорған бола білген Дауылбай Мейрамұлының ұйымдастырушылық, іскерлік, байыпты шешімдері бәрімізге зор күш берді, ілгері ұмтылдырды. Оның сондай сын кезеңге сәйкес қырынан танылуы аудан бағы болды десем, артық айтқандығым емес, – дейді «Шахтер» ЖШС жетекшісі Георгий Прокоп.

Әр нәрсенің бағасы уақыт өте келе білінеді емес пе. Сол уақытта өзіміздегіге тосырқай қарап, еленбеген бұл шараға енді ғана өріс ашылып, ірілендірілген шаруашылықтар қатарын ұл­ғайту, ауыл-село коо­перациясын дамыту қолға алынып жатса, нұралықтардың соның үлгісін жиырма жыл бұрын көрсетуі ауданды еліміздегі ең ірі астықты аймақтың біріне айналдырды. Сонымен қатар басқа салалардың қоса жетілдірілуі табысы көлдей, талабы таудай агроөнеркәсіптік кешендер қалыптастырды. Мә­селен, «Қайнар» егінмен бірге асыл тұқымды мал өсіру тізгінін тең ұстаса, «Шахтер» бидайдың бағалы тұқымдарының жылына 10 мың тоннасын өндіруге қол жеткізді. Ал «Отқанжар» жоғала жаздаған құйрықты биязы жүнді « Қарғалы» қойын өріске толтыруда. Игілігін еңбеккерлері көріп келеді. Зәулім мектеп, мәдениет үйі, сәнді балалар бақшасы, тойхана, келісті спорт кешені, сыңғырлаған тұрғын үйлер ел игілігі үшін қызмет істеуде. 

Бұдан соң Парламент Мәжі­лісінің депутаты болып сайлануы өміріндегі үлкен белес болды. Ал елу жыл елге адал қызметі кеу­десінде «Парасат», «Құрмет» орден­дері мен медальдар болып жарқырады.

 

Айқын НЕСІПБАЙ

Қарағанды облысы,
Нұра ауданы