Жоғарыда көрсетілген мәселелерді шешу мақсатында Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасының «Сараптама және зерттеу орталығы» «Алматы қаласының интерактивті діни картасы» жобасын жүзеге асырды. Сала сарапшылары жаңа жобаның халықтың діни сауатын көтеруге ықпалын тигізеді деп отыр.
Екі тілде, ерекше дизайнмен жасалған жоба барлық гаджет түрлеріне бейімделген арнайы электронды портал түрінде шығарылды.
Сайттың басты бетіндегі «Интерактивті картада» қаланың барша діни ұйымдары, культтік ғимараттары, діни әдебиеттер тарататын орындары мен басқа да нысандар толық сипатталған. Бұл картаның басты артықшылығы, алматылықтардың бақылау процесіне араласа алады. Сайт қызметі хабарламалар мен фото-бейнематериалдарды тіркеп, картада нақты геопозициясын көрсетіп, сайт арқылы жіберуді қарастырады.
Жоба нақты іске кіріскен кезде қала тұрғындары заңды түрде қызмет етіп жатқан діни ұйымдар, культтік ғимараттар мен миссионерлер жайлы хабардар болып отырады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың тіркелмеген діни ағымдар мен деструктивті культтерге тартылуын айтарлықтай азайтады деп күтілуде.
– Әлбетте радикалды және экстремистік топтар мен діни ағымдардың, оған қоса діни культтердің таралуы қоғамымызға үлкен зардабын тигізеді. Неге десеңіз, бақылаусыз өз бетімен кеткен ағымдар қай жаққа бастайтыны белгілі. Дін істері басқармасы мен «Сараптама және зерттеу» орталығының біріккен жобасы – интерактивті карта осындай ағымдардың ықпалынан адамдарды сақтандыруға септігін тигізеді. Себебі ресурс ашық әрі кез келген қолданушы кіре алады. Барлық ақпарат қолжетімді, – дейді орталықтың бас сарапшысы Асхат Құмашев.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ