Жиынға қатысқан Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесі Ресей Федерациясының және Орталық Азия елдерінің энергетикалық жүйелерімен қатар штаттық режімде жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
«Ағымдағы жылдың басынан бері республикада 75 млрд кВт сағат немесе өткен жылғы деңгейден 9,5 пайызға көп электр энергиясы өндірілді және 71,7 млрд кВт сағат немесе өткен жылғы деңгейден 6,7% пайызға артық электр энергиясы тұтынылды», деді спикер.
Сонымен қатар Сұңғат Есімханов бүгінгі таңда солтүстік өңірлердің барлығында жылу беру маусымы басталғанын, барлық әлеуметтік нысандарда жылу беріліп жатқанын, тұрғын үйлерге 80 па-йыз жылу берілгенін мәлімдеді.
«Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында және Астана қаласында әлеуметтік нысандар толығымен қосылған, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында бұл нысандар 80 % деңгейінде қосылған. Жылыту жүйесіне ең көп қосылған тұрғын үйлер Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарында», деді ол.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»