Алайда, бұл тәртіпке бағынбай, бастарына ақ жаулық орап, орамал тартып келетін оқушылар да кездесіп жүр. Мысалы, өткен оқу жылында 160 оқушы қыздың мектепке орамалмен келгені анықталса, биыл бұл сан 200-ден асқан. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова зерттеу жұмыстары балалардың орамалға тым ерте құмартуына атааналарының ықпалы барын көрсеткенін айтады. Ал өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев мектепке орамал тағып келу заңға қайшы екенін ескертті.
– Өткен жылдың қыркүйек айында үш кезең бо-йынша түсіндіру жұмыстарын бастаған едік. Бірінші кезеңде жетілдіру, қаладағы мектеп оқушылары мен психологтары, ата-аналарының қатысуымен түсіндіру, ақпарат беру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде орамал таққан 136 оқушының тоқсаннан астамы кәдімгі мектеп формасын киді. Екінші кезеңде жеке кездесу жұмыстарын өткіздік. Оқу жылы біткенше жұмыс жүрді. Оның да оң нәтижесі болды. Үшінші кезеңде әкімшілік құқық бұзушылық талаптары бойынша шара қолданылады, – дейді Қ.Көшқалиев.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ