Соңғы жылдары ел басшылығы ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлкен көңіл бөлуде. Мұның себебі түсінікті. Біздің елімізде көптеген табиғи ресурс көздері бар. Мұнай, металл, уран, көмір, тағы басқалар. Бірақ үдемелі сипатқа ие өнеркәсіптік әлеуетіміздің қазіргі деңгейімен есептегенде бұлардың барлығы таусылуға жататындықтан және аталған өнімдерге халықаралық бағалардың тұрақсыз бола бастауынан халқымыздың болашағы негізінен ауыл шаруашылығымен байланыстырылады. Соңғы жылдары әлемдік рыноктарда ауылшаруашылық өнімдеріне деген сұраныс тұрақты өсуде. Осы сұранысты қанағаттандыруға Қазақстанның мол мүмкіндігі бар. Мемлекетіміздің иелігіндегі 272 миллион гектар жер дұрыс игере білген жағдайда ұрпақтарымыздың алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуші негізгі табиғи ресурс көзі болып табылады. Ол үшін ең алдымен еліміздің басты саласы – ауыл шаруашылығын заман талабына сай өркендетуіміз қажет.
Міне, осы жағдайды ескере отырып, бұл салаға мемлекеттік бюджеттен жылма-жыл мол қаржы бөлініп келеді. Ендігі міндет – осы қаржыны тиімді пайдаланып, өсу мүмкіндіктері бар қажетті салаларға дұрыс бағыттай білу.
Осындай міндетті алға қойған Ауыл шаруашылығы министрлігі саладағы қордаланған проблемаларды шешудің нақты жолдарын айқындады. Нәтижесінде жеті бағыт бойынша агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жол карталарының жобаларын әзірледі. Аталған жобалар осыдан біраз бұрын ғана министрлікте өткен Аграрлық саясат жөніндегі кеңестің отырысында талқыланды. Бұл, шамасы, министрліктің былтырғы жылдың соңында әзірлеген агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасынан кейінгі екінші үлкен құжаты болса керек. Сонымен бұл жол карталарының жобаларында қандай мәселелер қозғалған?
Жол картасы мынадай бағыттар бойынша әзірленген екен: тұқым шаруашылығы, өсімдіктерді қорғау құралдары өндірісі, агрохимия, азық өндірісі (азық теңгерімі), отарлы қой шаруашылығы, көтерме сауда орталықтарын дамыту және егістік жерлерді игеру. Карталарда осы аталған салалардың жағдайы, олқылықтары мен проблемалары және оларды жоюдың жолдары көрсетіліп, осыған сай бөлінетін қаржы көлемі анықталған.
Мәселен, Агроөнеркәсіп кешенін техникалық қайта жарақтандыру картасы негізінде ауылшаруашылық техникалары парктерінің жай-күйімен қоса осындай техникалар жасайтын кәсіпорындардың әлеуетіне талдау жүргізіліпті. Талдау нәтижелерінде мына мәселелер анықталған: ауыл шаруашылығы саласында қазіргі қолданыста жүрген тракторлардың – 65, комбайндардың 46 пайызының пайдалану мерзімі 17 жылдан асқан.
ондай-ақ тракторлардың 15 пайызы қазірдің өзінде істен шықса, 26 пайызы есептен шығаруға жатады. Комбайндардың да жағдайы осындай.
Ескі техникаларды пайдалану шығынды көбейтеді және егінді толық жинап алуға мүмкіндік бермейді. Осының салдарынан тұқым себу және егін жинау кезінде дәнді және майлы дақылдардың 14 пайызы шығынға ұшырайды. Бұл дегеніңіз 200 миллиард теңге желге ұшты деген сөз дейді картаны әзірлеген мамандар.
Осы олқылықтарды жою үшін техникалар жасаушы отандық кәсіпорындарды қолдау шаралары белгіленді. Солардың қатарында отандық техника жасаушыларға өз өнімдерін ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге арзандатып сату үшін субсидиялар беру, қосымша құн салығынан жеңілдіктер жасау шаралары бар. Ал отандық өндірістің өздігінен жүретін және аспалы, тіркемелі техникаларын сатып алушыларға жеңілдікті несиелер ұсынылмақ.
Картаны жасаушылардың атап көрсетуінше, мұндағы негізгі мақсат – ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің кірісін 20 пайызға көбейту, еңбек өнімділігін 1,5 есеге, өндіріс көлемін 2 есеге арттыру және ауылшаруашылық машиналары паркін жаңарту.
Тұқым шаруашылығы картасы да жоғарыдағыдай проблемаларды шешу үшін әзірленіпті. Бұл картаны жасаушылардың айтуынша, егістік өнімділігінің әлі күнге дейін артпай келе жатуына ауылшаруашылық дақылдары тұқымдары сапасының төмендігі, тұқым өсіруші шаруашылықтардың техникаларымен дұрыс жарақтандырылмауы және тұқымның тиімсіз сорттарының пайдаланылуы әсер етуде. Соңғы 5 жылда орта есеппен егіс алқаптарының 4,6 пайызына ғана элиталы тұқымдар себілген. Ғылыми деректер бойынша егіс кезінде төменгі репродукциялы тұқым пайдаланылатындықтан астықтың 20 пайызы өспей жатып-ақ шығынға ұшырайды. Мәселен, элиталы тұқым шаруашылықтарындағы проблемаларға жүргізілген талдаулар тұқым себу және егін жинау техникаларының жартысына жуығы, тұқым тазалаушы техникалардың үштен екі бөлігі 10 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келе жатқандығын көрсеткен. Соның ішінде тұқым себетін техникалардың 83 пайызы, егін жинайтын техникалардың 72 пайызы, тұқым тазалайтын құралдардың 94 пайызы жаңартуды талап етеді.
Тұқым шаруашылықтарында пайдаланылатын техникалардың ескіруінен туындайтын шығындар да көп. Мәселен, 1,1 миллиард теңгенің электр қуаты мен жанар-жағармайы құмға сіңген су секілді артық жұмсалуда. Сондай-ақ ескірген тұқым тазалайтын техникалардың пайдаланылуы тұқым дәндеріне зақымын тигізіп, мұның арты егіске себілген кезде олардың дұрыс өсіп-жетілуіне кері әсерін тигізіп, сапасын төмендеуіне әкеліп соғуда.
Тұқым шаруашылығындағы осы олқылықтарды жою үшін жол картасы бойынша кешенді шаралар әзірленді. Соның ішінде тұқым шаруашылықтарына субсидия берудің тетіктерін жетілдіру, субсидияны тек қана жоғары тиімділік, мол өнім беретін сапалы сорттар үшін беру көзделінуде. Сонымен қатар республика бойынша жұмыс істеп тұрған субсидия беру схемасы да қайта қарастырылуда. Егіннің және өнімнің сапасын арттыру үшін сапасы 1-ші репродукциядан төмен емес тұқымдар пайдаланылмақ. Мұның өзі сорт алмасу мен сорт жаңарту үдерісін күшейтеді деп күтілуде. Мұндай элиталы тұқым себілетін егістік алқаптарының көлемі кезең-кезеңмен ұлғайтылмақ. Мәселен, элиталы тұқым себілетін егіс алқаптарының көлемі 2018 жылы 6 пайызды құрайтын болса, 2021 жылы ол 12 пайызға жеткізілмек. Осы үшін элиталы тұқым шаруашылықтары мен тұқым шаруашылықтарының желісі кеңейтілмек.
Ауыл шаруашылығындағы малдарды толыққанды азықтандыру мен олардың өнімділігін арттыру – жол карталарындағы негізгі бағыттың бірі. Өкінішке қарай, бүгінгі күні мал азығының тапшылығы өткір сезілуде. Мәселен, бұл жөніндегі жол картасында еліміздегі қазіргі мал мен құс көлемін қажетті деңгейде қамтамасыз ету үшін қатқыл мал азығын 68 пайызға немесе 33,8 миллион тоннаға дейін, шырынды азықтарды 5 есе немесе 6,4 миллион тоннаға дейін, құрамажемді 2,5 есе немесе 10,8 миллион тоннаға дейін арттыру қажеттігі айтылған.
Мал азығы өндірісін дамыту үшін облыстарда айналымға жаңа жерлерді қосу және мал азығы өндірісін әртараптандыру шаралары қолға алынатын болады. Сондай-ақ бір жылдық және көп жылдық шөптердің 1 гектарына берілетін субсидияны жалғастыру, құнары мол жем-шөп шығаратын кіші цехтарды сатып алушыларға субсидия беру, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-тан ішкі қажеттіліктер үшін арпа сатып алу шаралары көзделінуде.
Міне, осындай шаралардың негізінде мал азығы өндірісі жолға қойылып, мал шаруашылығының өнімділігі артады деп күтілуде. Мәселен, бұл бағыттағы картаны жасаушылар осындай қолдау шараларының нәтижесінде мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін 21 пайызға, соның ішінде сүтті мал шаруашылығының өнімділігін 19 пайызға, мал тұқымдарының түрлерін 21 пайызға арттыруға болатындығын айтады. Сөйтіп мал шаруашылығынан 255,6 миллиард теңгенің қосымша өнімін өндіруге болады.
Шаруаларды дер кезінде тыңайтқыштармен қамтамасыз ету ісінде де проблемалар баршылық. Егістік алқаптарға жыл сайын 260-290 мың тонна көлемінде тыңайтқыш себіледі екен. Бұл өте аз. Негізгі қажеттіліктің бар болғаны 10 пайызын ғана құрайтын көрсеткіш. Агрохимиялық зерттеулердің нәтижелері бойынша топырақ құрамында азот және фосфордың үлесі төмен екендігі байқалады.
Кішігірім жер телімдері бар көптеген шаруалар үшін тыңайтқыштарды зауыттардың өзінен тікелей алып, оларды темір жол арқылы жеткізу тиімсіз болып келеді. Сондықтан олардың түр-түрін жақын қоймалардан сатып алған дұрыс секілді.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жеті бағыт бойынша әзірленген жол карталарында міне, осындай қордаланып қалған көптеген мәселелер қозғалған және оларды шешудің нақты жолдары мен қажетті қаржы көлемі айқындалған. Егер жол карталарының жобалары нақты шешім ретінде қабылданатын болса, мұның өзі ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан жасалынатын жаңа мүмкіндік болатындығы айқын.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»