Медицина • 06 Қазан, 2017

Ауыл тіршілігін қалай көркейтеміз?

1411 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары ел басшылығы ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлкен көңіл бөлуде. 

Ауыл тіршілігін қалай көркейтеміз?

Соңғы жылдары ел басшылығы ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлкен көңіл бөлуде. Мұның себебі түсінікті. Біздің елімізде көптеген табиғи ресурс көздері бар. Мұнай, металл, уран, көмір, тағы басқалар. Бірақ үдемелі сипатқа ие өнеркәсіптік әлеуетіміздің қазіргі деңгейімен есептегенде бұлардың барлығы таусылуға жататындықтан және аталған өнімдерге халықаралық бағалардың тұрақсыз бола бастауынан халқымыздың болашағы негізінен ауыл шаруашылығымен байланыстырылады. Соңғы жылдары әлемдік рыноктарда ауылшаруашылық өнімдеріне деген сұраныс тұрақты өсуде. Осы сұранысты қанағаттандыруға Қазақстанның мол мүмкіндігі бар. Мемлекетіміздің иелігіндегі 272 миллион гектар жер дұрыс игере білген жағдайда ұрпақтарымыздың алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуші негізгі табиғи ресурс көзі болып табылады. Ол үшін ең алдымен еліміздің басты саласы – ауыл шаруашылығын заман талабына сай өркендетуіміз қажет. 

Міне, осы жағдайды ескере отырып, бұл салаға мемлекеттік бюджеттен жылма-жыл мол қаржы бөлініп келеді. Ендігі міндет – осы қаржыны тиімді пайдаланып, өсу мүмкіндіктері бар қажетті салаларға дұрыс бағыттай білу.

Осындай міндетті алға қойған Ауыл шаруашылығы министрлігі саладағы қордаланған проблемаларды шешудің нақты жолдарын айқындады. Нәтижесінде жеті бағыт бойынша агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жол карталарының жобаларын әзірледі. Аталған жобалар осыдан біраз бұрын ғана министрлікте өткен  Аграрлық саясат жөніндегі  кеңестің отырысында талқыланды. Бұл, шамасы, министрліктің былтырғы жылдың соңында әзірлеген агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасынан кейінгі екінші үлкен құжаты болса керек. Сонымен бұл жол карталарының жобаларында қандай мәселелер қозғалған?

Жол картасы мынадай бағыттар бойынша әзірленген екен: тұқым шаруашылығы, өсімдіктерді қорғау құралдары өндірісі, агрохимия, азық өндірісі (азық теңгерімі), отарлы қой шаруашылығы, көтерме сауда орталықтарын дамыту және  егістік жерлерді игеру. Карталарда осы аталған салалардың жағдайы, олқылықтары мен проблемалары және оларды жоюдың жолдары көрсетіліп, осыған сай бөлінетін қаржы көлемі анықталған.

Мәселен, Агроөнеркәсіп кешенін техникалық қайта жарақтандыру картасы негізінде ауылшаруашылық техникалары парктерінің жай-күйімен қоса осындай техникалар жасайтын кәсіпорындардың әлеуетіне талдау жүргізіліпті. Талдау нәтижелерінде мына мәселелер анықталған: ауыл шаруашылығы  саласында қазіргі қолданыста жүрген тракторлардың – 65, комбайндардың 46 пайызының пайдалану мерзімі 17 жылдан асқан.

ондай-ақ тракторлардың 15 пайызы қазірдің өзінде істен шықса, 26 пайызы есептен шығаруға жатады. Комбайндардың да жағдайы осындай.

Ескі техникаларды пайдалану шығынды көбейтеді және егінді толық жинап алуға мүмкіндік бермейді. Осының салдарынан тұқым себу және егін жинау кезінде дәнді және майлы дақылдардың 14 пайызы шығынға ұшырайды. Бұл дегеніңіз 200 миллиард теңге желге ұшты деген сөз дейді картаны әзірлеген мамандар.

Осы олқылықтарды жою үшін техникалар жасаушы отандық кәсіпорындарды қолдау шаралары белгіленді. Солардың қатарында отандық техника жасаушыларға өз өнімдерін ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге арзандатып сату үшін субсидиялар беру, қосымша құн салығынан жеңілдіктер жасау шаралары бар. Ал отандық өндірістің өздігінен жүретін және аспалы, тіркемелі техникаларын сатып алушыларға жеңілдікті несиелер ұсынылмақ.

Картаны жасаушылардың атап көр­се­туін­ше, мұндағы негізгі мақсат – ауыл­ша­руа­шылық тауарларын өндіру­ші­лердің кірісін 20 пайызға көбейту, еңбек өнім­ділігін 1,5 есеге, өндіріс көле­мін 2 есеге арттыру және ауыл­ша­руа­шылық машиналары паркін жаңарту.  

Тұқым шаруашылығы картасы да жоға­ры­дағыдай проблемаларды шешу үшін әзірленіпті. Бұл картаны жасаушылардың айтуынша, егістік өнімділігінің әлі күнге дейін артпай келе жа­туы­на ауылшаруашылық дақыл­дары тұқымдары сапасының төмендігі, тұқым өсіруші ша­руашылықтардың техникаларымен дұрыс жарақтандырылмауы және тұқымның тиімсіз сорт­тары­ның пайдаланылуы әсер етуде. Соңғы 5 жылда орта есеппен егіс алқаптарының 4,6 пайызына ғана элиталы тұқымдар себілген. Ғылыми деректер бойынша егіс кезінде төменгі репродукциялы тұқым пайдаланылатындықтан астықтың 20 пайызы өспей жатып-ақ шығынға ұшырайды.  Мәселен, элиталы тұқым шаруа­шы­лықтарындағы проб­лемаларға жүргізілген талдау­лар тұқым себу және егін жинау техникаларының жартысы­на жуығы, тұқым тазалаушы тех­ни­калардың үштен екі бөлігі 10 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келе жатқандығын көрсеткен. Соның ішінде тұ­қым себетін техникалардың 83 пайызы, егін жинайтын техни­калардың 72 пайызы, тұқым тазалайтын құралдардың 94 пайызы жаңартуды талап етеді. 

Тұқым шаруашылықтарында пайдаланылатын техникалардың ескіруінен туындайтын шы­ғын­дар да көп. Мәселен, 1,1 миллиард теңгенің электр қуаты мен жанар-жағармайы құмға сіңген су секілді артық жұмсалуда. Сон­дай-ақ ескірген тұқым тазалай­тын техникалардың пайдала­ны­луы тұқым дәндеріне зақы­мын тигізіп, мұның арты егіске се­біл­ген кезде олардың дұрыс өсіп-жетілуіне кері әсерін тигізіп, сапасын төмендеуіне әкеліп соғуда. 

Тұқым шаруашылығындағы осы олқылық­тар­ды жою үшін жол картасы бойынша кешенді шаралар әзірленді. Соның ішінде тұқым шаруашылықтарына субсидия берудің тетіктерін жетілдіру, субсидияны тек қана жоғары тиімділік, мол өнім беретін сапалы сорттар үшін беру көзделінуде. Сонымен қатар республика бойынша жұмыс істеп тұрған субсидия беру схемасы да қайта қарастырылуда. Егіннің және өнімнің сапасын арттыру үшін сапасы 1-ші репродукциядан төмен емес тұқымдар  пайдаланылмақ.  Мұның өзі сорт алмасу мен сорт жаңарту үдерісін күшейтеді деп күтілуде. Мұндай элиталы тұқым себілетін егістік алқаптарының көлемі кезең-кезеңмен ұлғайтылмақ. Мәселен, элиталы тұқым себілетін егіс алқаптарының көлемі 2018 жылы 6 пайызды құрайтын болса, 2021 жылы ол 12 пайызға жеткізілмек. Осы үшін элиталы тұқым шаруашылықтары мен тұқым шаруашылықтарының желісі кеңейтілмек. 

Ауыл шаруашылығындағы малдарды толыққанды азық­тан­дыру мен олардың өнімділігін арттыру – жол карталарындағы не­гізгі бағыттың бірі. Өкінішке қарай, бүгінгі күні мал азығының тапшылығы өткір сезілуде. Мәсе­лен, бұл жөніндегі жол картасында еліміздегі қазіргі мал мен құс көлемін қажетті деңгейде қам­тамасыз ету үшін қатқыл мал азығын 68 пайызға немесе 33,8 миллион тоннаға дейін, шырынды азықтарды 5 есе немесе 6,4 миллион тоннаға дейін, құрамажемді 2,5 есе немесе 10,8 миллион тоннаға дейін арттыру қажеттігі айтылған.

Мал азығы өндірісін дамыту үшін облыстарда айналымға жаңа жерлерді қосу және мал азығы өндірісін әртараптандыру шаралары қолға алынатын болады. Сондай-ақ бір жылдық және көп жылдық шөптердің 1 гектарына берілетін субсидияны жалғастыру, құнары мол жем-шөп  шығаратын кіші цехтарды сатып алушыларға субсидия беру, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-тан ішкі қажеттіліктер үшін арпа сатып алу шаралары көзделінуде.

Міне, осындай шаралардың негізінде мал азығы өндірісі жол­ға қойылып, мал шаруа­шы­лығының өнімділігі артады деп күтілуде. Мәселен, бұл бағыттағы картаны жасаушылар осындай қолдау шараларының нәти­же­сінде мал шаруашылығы өнім­дерінің кө­лемін 21 пайызға, соның ішінде сүтті мал ша­руа­шылығының өнімділігін 19 пайызға, мал тұқымдарының түрлерін 21 пайызға арт­тыруға болатындығын айтады. Сөйтіп мал ша­руашылығынан 255,6 миллиард теңгенің  қо­сымша өнімін өндіруге болады. 

Шаруаларды дер кезінде тыңайтқыш­тар­мен қам­тамасыз ету ісінде де проблемалар бар­шылық.  Егістік алқаптарға жыл сайын 260-290 мың тонна көлемінде тыңайтқыш с­е­бі­леді  екен. Бұл өте аз. Негізгі қажеттіліктің бар болғаны 10 пайызын ғана құрайтын көр­сет­кіш. Агрохимиялық зерттеулердің нә­ти­желері бойынша  топырақ құрамында азот жә­не фосфордың үлесі төмен екендігі бай­қа­лады. 

Кішігірім жер телімдері бар көптеген шаруалар үшін тыңайтқыштарды зауыттардың өзінен тікелей алып, оларды темір жол арқылы жет­кізу тиімсіз болып келеді. Сондықтан олар­дың түр-түрін жақын қоймалардан сатып ал­ған дұрыс секілді.  

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жеті бағыт бойынша әзірленген жол карталарында міне, осындай қордаланып қалған көптеген мәселелер қозғалған және оларды шешудің нақты жолдары мен қажетті қар­жы көлемі айқындалған. Егер жол карталарының жоба­лары нақты шешім ретінде қа­былданатын болса, мұның өзі ауыл шаруашылығын дамы­туға мемлекет тарапынан жасалы­натын жаңа мүмкіндік бола­тын­дығы айқын.

 

 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»