Аймақтар • 06 Қазан, 2017

«Достық керуені» – терең байланыстар дәнекері

396 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ пен өзбек халқының тамыры ортақ. Сондықтан да қазақ «Өзбек – өз ағам» деп әспеттейді, ардақ тұтады. Әйтсе де замананың ұйытқып соққан желімен туысқан екі халықтың арасындағы алтын арқау үзілмегенімен, жіңішкерген уақыт болған. Екі ел Президенттерінің күш салуымен осы жағдай жақсыға реттеліп келеді.

 

«Достық керуені» – терең байланыстар  дәнекері

Өзбекстанда ресми емес де­ректерде бір миллионнан астам этностық қазақтар тұ­рады делінеді. Ал өзбек хал­қының бес жүз мыңға жуығы Қазақстан жерін жайлап жатыр. Бар тұрмыстық жағдайы келіскен, өзбек тілінде мектеп­тері, драма театры бар диаспора өкілдері осындай мемлекеттік қамқорлық үшін Елбасына үнемі рахметін айтып отырады.

Жақында Қазақстан хал­қы Ассамблеясы Оңтүс­тік­ Қазақ­стан облыстық филиа­лының ұйымдастыруы­мен Өзбекстанға жол тартқан «Достық керуені» оңтүстікке оралды.

– Бұл сапар Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиёевтің наурыз айында Қазақстанға жасаған ресми сапары кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өз­бек­стан интернационалды мәдени орталығының арасында түзілген ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылып отыр. Меморандум екі ел ара­сын­дағы мәдени ықпал­дастықты арттырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Өзбек­стан ин­тер­­­националды мәдени орталығының әріптестігін ны­ғайтуды көздейді. Соның аясында этносаралық бірлікті қамтамасыз етіп отырған ұйым­­дардың қос елге этно­сая­хат ұйымдастыруына мүм­­кіндік беріп отыр. «Дос­тық керуені» Оңтүстік Қазақ­стан облысы Қазақстан хал­қы Ассамблеясының ұйымдас­тыруымен Өзбекстанға екінші рет жол тартты. Достық ниет­тегі өзбекстандық делегаттар да Оңтүстік Қазақстан облысы­ның тарихи орындарына саяхат­тар ұйымдастыруда, – дейді керуенді бастап барған облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов.

Құрамында облыстың зиялы қауымы, еңбек ардагерлері, этно-мәдени орталық төраға­лары мен БАҚ өкілдері бар­ керуен Өзбекстанда көр­ші елдің тарихи-мәдени орындарын аралады. Сапар басын Ташкенттегі Төле би кесе­несіндегі ұлы әруақтарға зиярат етуден бастаған азаматтар Самар­қан­дағы әйгілі Регистан тари­хи-сәулеттік кешенімен танысып, Шахи-Зинда тарихи кешенінде жерленген Өзбек­станның экс-президенті Ислам Каримовтің рухына Құран аяттарын бағыштады.

Бұхарадағы Бахауаддин Накшбанди мавзо­лейін аралап көрді.

– Өзбекстан жерінде қазақ­тың айтулы екі биі Төле би мен Әйтеке бидің әз денесі мәң­гі демалып жатыр, – дейді Қазақ­стан халқы Ассамблеясы Оң­түстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов. – Екі туысқан елдің тамыры бір алып бәйтеректен та­рай­тындығы Қадыр ақын айтқан­дай «тарихы қалың болса да оқу­лығы жұп-жұқа» өткен дәуір­лерден белгілі. Сапар барысында өзбек ағайындардан түбі бір туысқанға деген жылуды айқын сезіндік. Олар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемде орны ерек қайраткер екендігін, дүние жүзінде бейбітшілікті сақтауда ерен еңбек етіп жүргенін сүй­сінішпен айтады. Біз де өз кезе­гімізде бауырларымызға жақ­сы тілектер тіледік. Бір кез­дері Өзбекстанның алғашқы президенті Ислам Каримов «Қазақпен бірге жүрсең адас­пайсың» деген ғибратты сөз айтып еді. Сол ізгі тілек екі ел арасын бұрынғыдан бетер жақындатып келеді.

«Достық керуені» осылайша жақсы ниетке қызмет етіп жатыр.
        

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы