Бұл бағдарламада жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуге, қазақтың негізгі рухани құндылықтарын сақтап, қастерлеуге ерекше көңіл бөлу қажеттілігі атап көрсетілді. Аталмыш мақала өскелең ұрпақтың туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін арттыратын іс-шараларға жаңа қарқын берді. Сөйтіп ол қызу қолдау тауып, туған жердегі тарихи орындарды зерттеу, насихаттау, олардың тәрбиелік мән-маңызын анықтау арқылы ұлттық код пен ұлттық сананы ұрпақтар бойына сіңіру бағытындағы жұмыстардың кеңетек алуына жол ашты. Алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыру жолында 1705-1801 жылдары өмір сүрген батыр Ер Тоқпанбет Тұңғатұлының 1724-1756 жылдардағы қалмақ басқыншыларынан елімізді азат етудегі ерен ерліктерін зерттеу қарқынды жалғасын тапты.
Зерттеулер барысында батырдың тікелей ұрпақтарының бірі, журналист Жемісбек Дулатбекұлы 2012 жылы «Төлегетай Матайдың шежіресі» атты танымдық кітап жазып шығарып, Ер Тоқпанбет Тұңғатұлының тарихи тұлғасын алғашқылардың бірі болып көрсетіп берді. Осы жылы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы Ғылыми кеңесінің 2012 жылғы 28 ақпанында өткен №2 отырысының шешімімен Ер Тоқпанбет батыр Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген тарихи тұлғалар тізіміне енгізілді. Одан соң Алматы облысы Ақсу ауданының 80 жылдығына орай шыққан «Абыз Ақсу, аңыз Ақсу, нағыз Ақсу» кітабында Тоқпанбет Тұңғатұлының өмірбаяны, ерлік жолдары ресми жүйеленіп түзілді. 2013 жылы тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Берлібаев республикалық «Қарыз бен парыз» газетіне «Абылай ханнан бата алып, түмен басқарған батыр» деген тақырыпта мақала жариялады.
Сондай-ақ профессор Б.Берлібаев Ақжан Машани білім беру институты мен Қазақ ұлттық техникалық университеті 2013 жылы бірігіп өткізген республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Батыр көбейді деп байбалам салудың қажеті жоқ немесе ер Тоқпанбет мысалынан» деген баяндама жасады. Ол баяндама ғылыми конференцияның материалдары жинағына енді. 2011 жылдан күні бүгінге дейін Ер Тоқпанбет туралы материалдар «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті», «Қазақ елі», «Қарыз бен парыз», «Жетісу», «Ақсу өмірі» газеттерінде жарияланып келеді.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» идеялары жүзеге асырыла бастауына байланысты Ер Тоқпанбет Тұңғатұлының тарихтан алар орнын туған өлке тарихында бедерлеу жұмысы жаңа серпін алды. Мұндағы мақсат – Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров кентіндегі Мәдениет үйінің алдындағы гүлзар алаңында Ер Тоқпанбет Тұңғатұлына ескерткіш қоюға қол жеткізу. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін құрылған «Ер Тоқпанбет» қоғамдық қоры біршама іс-шаралар белгіледі. Осынау негізгі іс-шаралар ішінде белгіленген экспедиция бір ғана мүддені көздейді, ол – «Туған жер» бағдарламасы бойынша Ер Тоқпанбет Тұңғатұлының қазіргі ұрпақтары тұратын Ақсу ауданының орталығында ескерткіш қою үшін тарихи негіздеме жасауға жаңа деректер жинау. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында (1-кітаптың 57-бетінде) «Тоқпанбеттің төсі, шыңы, қыстауы» деп суреттеген жерлермен танысып, олардың шын мәнінде бар екенін, атаулардың ел аузында сақталып келгенін тарихи негіздемеге қосуды ғана мақсат ететін экспедиция өз миссиясында классик қаламгердің осы романдағы «Тоқпанбеттің қыстауы – қалың шалғынды, мол тоғайлы, ең бір құйқалы қыстау» деген сөздеріне сүйенеді. Экспедицияны Тоқпанбет батырдың ұрпағы ретінде демеушілік жасап, қаржыландырдым. Ұлы Абай өмір сүрген өлкеде Ер Тоқпанбет есімімен байланысты жерлердің болғанын анықтау қорытындысы Ер Тоқпанбет Тұңғатұлының тарихи тұлға екенін дәйектеуші дерек ретінде ғана ақпараттық сипатта пайдаланылатын болады.
Сонымен «Ер Тоқпанбет» қоғамдық қорының төрағасы ретінде өзім басшылық еткен, құрамында ҰҚК құрметті ардагері, отставкадағы полковник, Абай ауданының тумасы Серікбол Нұрахметов; полковник, Абай ауданы аймағының жер жағдайын жетік білетін азамат, жолбасшы Бауыржан Арғынбеков, әдебиетші Сәбит Дүйсебаев бар экспедиция Тоқпанбет атымен аталатын жерлер бар делінетін қарт Шыңғыстауға жолға шықты. Алдымен Семей қаласындағы Абайдың тарихи-мәдени әдеби-мемориалдық қорық-мұражайына соғып, ондағы М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы жер атауларының картасымен таныстық. Одан әрі Қарауылға жеткенде аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Тәтібеков пен мәдениет саласын басқаратын Ердар Оразалин сынды азаматтар қарсы алып, Кеңгірбай би (жергілікті халық Биата деп атайды) ауылдық округі ардагерлер алқасының төрағасы Асқар Аманбайұлы Жарасбаевты жол көрсетуші етіп қосып, бізді Шыңғыстауға аттандырды. Шыңғыстау ішін армансыз аралап, жер біткеннің құты, елінің сарқылмас ырысы екеніне көз жеткіздік.
Жол көрсетушіміздің жершілдігіне қайранбыз: әр биікті, әр кезеңді, әр өзен арнасын, әр қыстауды, әр қорымды олардың ескі атауын айтып, жазбай таниды, бірінен-бірі аумайтын қисапсыз жота-шоқыларды емін-еркін айналып өтіп, бірде қиялай тартып мүлтіксіз бастап, біз іздеген Тоқпанбет жұртына да алып келді. Бұл жерде Тоқпанбет қыстауының басына темір баған орнатып, оған бекітілген едәуір аумақты темір тақтаға үлкен әріптермен «Бөжей қыстауы. Тоқпанбет» деп жазылған белгі бәз-баяғы қалпында тұр. Асқардың айтуынша, бұл белгіні жазып, қойған кісі Серікқазы Шабдаров болса керек. Ол кісінің өзі «Абай жолы» романындағы Бөжейдің ұрпағы болып келеді екен. 1990 жылдары Абай мен Мұхтар мерейтойларына дайындық қарсаңында екі ұлы тұлғаға қатысты жерлерге осындай белгілер қойып шығу тапсырмасы болғанға ұксайды. Қайткенде де ел есінде Ер Тоқпанбет есімі құрметпен сақталып келгені анық екенін осы белгі айғақтап тұр. Осы белгі бұл қыстаудың о баста Ер Тоқпанбеттікі болғанына, кейініректе заман ағымымен Бөжей иелігіне өткеніне – даусыз дәлел.
Ең көңіл аударарлығы – осы жер атаулары М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы жер атауларымен сәйкес келетіні, тіпті: «Кеңгірбай тобықтыларға жер бөлгенде, Бөжейге Тоқпанбеттің қыстауы тиеді» деген роман сөзімен де дәлме-дәл келуі. Романдағы қыстау суреттемесі тап бүгін жазылғандай: расында да, бұл қыстаудың шалғыны қалың, құйқалы екен, топырағы жонданып, семіз көрінеді. Тоқпанбет қонысының таудың тақтатастарынан қаланған іргетабаны ғана сақталған. Тақтатастардың өзара байланыстырылып жымдасуы оған беріктік берген. Ал құлаған қыш қабырға топыраққа айналып, батыс іргесін басып қалған. Қоныстың ұзындығы жиырма қадамнан артық, ені он қадамнан кем емес. Қыстау атпен шоқытып шыға беруге де болатын үлкенді-кішілі жатаған шоқылар тізбектей сақиналай қоршаған жазықта. Айналасы – шұрайлы беткейлерді іргелей аққан өзен арнасы. «Ел мұны Тоқпанбет өзені деп атайды», – деген Асқардың сөзін негізге алып арнаның бойымен жүргенімізде, өзеннің тау аралығындағы кезеңдердің табандарын қуалай аққаны көрініп тұрды. Осы қыстаудан аса қашық емес жердегі бейітті де ел Тоқпанбет бейіті деп атайтынын айтып, бізді сонда алып барды. Дұға оқылып болғаннан соң біраз үнсіздіктен кейін тебірене ой қозғадым: «Әрине, елдің бұл бейітті Тоқпанбет бейіті деп есімін әлі күнге дейін еске сақтап келуі жанымызды толқытпай қоймайды. Дей- тұрғанмен, Тоқпанбет сүйегі Түркістандағы Ясауи әулие мазарында ғой. Өзі 1801 жыл қыста қайтыс болар алдында: «Менің мәйітімді аманаттап уақытша жерлеңдер.
Немерем Құлтай батыр жорықтан аман оралса, тұрағымды сол шешеді», – деген екен. Батырдың мәйітін елі Шыңғыстаудың етегіне уақытша аманаттап қойған. Немересі Құлтай жорықтан оралған соң, Түркістандағы Ахмет Ясауи мазарынан қозыжаурын алтынға жер сатып алып, мәйітті түйенің терісімен қаптап, 19 күн жол жүріп, әулие орынға апарып жерлепті. Қалай болғанда да, елдің ықыласы ешқашанда артықтық етпейді. Біз ел ниетіне құрметпен бас имей тұра алмаймыз. Тегінде, бұл қорық – Тоқпанбеттің әулеті ғана емес, Сыр бойынан еліне қайтқан Тоқаң бастаған матай елінің қорығы. 1750 жылдардың орта шенінде қалмақтан босаған Шыңғыстау өңіріне Ер Тоқпанбет матай жұртын жинап қоныстандырады. Ш.Құдайбердіұлы мұны растап, Еңлік-Кебек поэмасында «Бос тұрған Шыңғысқа матай қонған. Біз әрі-бері деп жүргенде» деп жазған. Ал тобықтыларды 1780 жылдардан кейін Мамай бастап Шыңғыстауға әкелген. Жоғарыда айтылғандай, осы қорым ішінде батыр мәйітінің уақытша аманаттап қойылуы да мүмкін деген ойға келіп тұрмын», – деп, ықылас қойып, қайыра зиярат еттім.
Тоқпанбеттің тікелей ұрпағының толғанысына құлақ түрген экспедиция мүшелерін сан алуан ой баурап алған сәтте орнаған тыныштық тау тылсымымен тұтасып тұрғанда, сөзімді жалғай түстім: «Шәкәрімнің шежіресі бойынша айтсақ, бұл жерді матай елі ғасырға жуық уақыт мекен еткен. Қорымдағы бейіт санының молдығы соған меңзейді. Жоңғар соғысының соңына қарай 1750 жылдары «Ақтабан шұбырындыда» жаудан ығып барған Сыр өңірі мен Арқа аралығынан үш ата матай (аталық, қаптағай, кенже) елін жинап алып келіп, осы Шыңғыстауға орнықтырған Тоқпанбет батыр болатын. Шәкәрім: «Біздің тобықты мұнда келген кезден бұрын қалмақты қуған найман-матайлар екен... Тобықтыларды Мамай батыр бас-тап, Шыңғыстауға 1780 жылға тақағанда әкелген», – деп анықтап жазған. Шәкәрім дерегінен тарихи мәлімет табамыз». Үш ата матай қоныс қылған сол алқапты Ер Тоқпанбет қонысы деп атайды. Тоқпанбет бейіті деп аталатын алқаптан көзкөрім жерде ақ кірпішпен өрілген үлкен мазар көрінеді. Жолбасшымыз оның Жиренше бейіті, яғни «Абай жолы» романындағы бай Жиреншенікі екенін айтты. Бейітті оның ұрпақтары жаңалап қайта көтерген екен. Осылайша заманның жақсылығына шүкіршілік еткен мерейлі елдің көмегімен өлке үшін маңызды құнды-құнды тарихи деректер жинақтап Семейге қайыра оралдық. Мұнда да бізді жергілікті ел ағалары күтіп отыр екен. Олардан да Тоқпанбет елінің Шыңғыстауға келіп-кетуіне қатысты ой қозғарлық әңгімелер олжаладық. Әсіресе Жарма аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нұрлыбек Оспанбекұлы Есболов мәнді мәліметтерге қанықтырды, оның өзі түпкі шежіресінде әйгілі Молықбай қобызшының (Ілияс Жансүгіровтің «Күй» дастанының кейіпкері) шөбересі болып келеді.
Ол Тоқпанбет елінің Шыңғыстаудан Қалба тауларына қарай қоныс аударуының қоғамдық сипатының да жоқ емес екенін нанымды айтып берді, атап айтқанда, ол ұлы көш Абылай ханның ұйғарымымен басталған сыңайлы. Әңгіме арасында: «Қазақтың құдандалық салты да көп жағдайда ел ішін татулыққа ұйытып отырғанын, матайдың кенже атасынан тобықты Өскенбайға ұзатылған Тоқбала қыздың (тобықтыларға келген соң, кілең зер қондырылған бұйымнан құралған жасауына қарап ел Зере атап кеткен) матай-тобықты татулығына септігі көп тиген», – деп құрметпен еске алды.
Сол Зереден Құнанбайдай кемеңгер туады. Кейінде, Өскенбай ел билеген шақта, үлкен бәйбішесі Зеренің ықпалында болуы кәміл. Тіпті кемел жаратылысты Құнанбай да ел арасы істерінде анасы Зере ақылынан шыға қоймағаны белгілі. Екі елдің достығының кепілдігі болған сол Тоқбала-Зере әже хакім Абайдың да ұлылық бесігі болды ғой. Сонымен сапарымыз хал-қадерінше сәтті болып, көздеген мақсатқа қол жеткізілді. Тоқпанбет өзені, Тоқпанбет бейіті, Тоқпанбет құдығы дейтін жерлер шын мәнінде бар. Олар бүгіндері де солай аталады.
Ақшамбек БАРЫСБЕКҰЛЫ,
«Ер Тоқпанбет» қоғамдық қорының төрағасы,
ҰҚК ардагері,
Сәбит ДҮЙСЕБАЕВ,
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының мүшесі