Осындай азаматтың бірі Емілбайұлы Омарғали 1897 жылы қазіргі Кабанбай ауылдық округінің аумағындағы Еміл өзенінің бойында кедей отбасында дүниеге келген.
Бала кезінен тұрмыс таршылығын көріп өскен ол өзінің еті тірілігінің арқасында он үш жасында сол кездегі Көктұма (Бақты) ауылына барып бай орыстарға жалданады.
Он алты жасында Қытайдың Шәуешек қаласындағы орыс консулдығына ат бағушы болып жұмысқа кіреді.
Оның бұл жұмысқа орналасуына болашақ ірі, дүние жүзіне әйгілі түрколог ғалым Әмір Нәжібтің сол кезде Ресей консулдығында кызмет істейтін әкесінің көп көмегі тиеді.Әмір Нәжіб 1899 жылы туған, Омарғалидан 2 жас кіші, болашақ ғалым екеуі жақын қарым-қатынаста болады.
1916 жылы ақ патшаның июнь жарлығына сәйкес Ресей азаматы болғандықтан Омарғали қара жұмысқа, окоп қазуға алынып орыс пен неміс соғысып жатқан Батыс майданға тап болады. 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін ақ патша тақтан құлап оның әйгілі июнь жарлығы күшін жойғаннан кейін қара жұмысқа алынған бұратаналар елге қайтарылады. Міне, сол кезде Әлихан Бөкейхановтың жұмсауымен қазақтарды топтастырып, ұйымдастырып елге аман-есен алып қайтуға барған, өзі заңгер Отыншы Әлжанов Омарғалимен танысады.
Орыс, қытай тілдеріне судай азаматты Отыншы бұдан былай жанынан тастамай өзіне көмекшілікке алады.
1917жылы желтоқсанда, Орынборда Алашорда үкіметі жасақталған соң оның мүшесі болып тағайындалған Отыншы Әлжанов Жетісуда атап айтқанда сол кездегі 12 болыс Қаракерей орналасқан Лепсі уезінде Алаш әскерін жасақтай бастайды.
12 болыстың әрқайсысына мініс аттарымен, әскерге керек-жарақтарымен қамтамасыз етілген 100 атты сарбаз, жасақтау міндеттеледі.
Бұл істі болыстар бір ауыздан мақұлдап, қысқа уақыттың ішінде 11болыстан 1100 сарбаз ал Қабанбай батырдың алтыншы ұрпағы Қанағат 200 сарбаз жасақтап, барлығы 1300 атты сарбаз Жетісу Алаш полкі болып құрылады. Қанағат қосымша 100 сарбазды Кытайдағы дүнген жігіттерінен жасақтап, барлық шығынын өз мойнына алады.
Әскерге басшы болып Лепсі қаласындағы уездік әскери гарнизонның офицерлері Кеңсаба Мухарабов пен Керімбай Асанов тағайындалады.
Алаш полкі қызылдармен соғысып жатқан атаман Анненковтың армиясының құрамына кіріп, соғыс өнерін үйренеді.Әскери жаттығулар Үшарал қаласында өтеді.
Алаш әскерін қазақша тілге судай жүйрік, кейін 1933 жылы Шәуешекте дүнген көтерілісін қанға бояп басқан капитан Хиловский жаттықтырады.
Айта кететін бір жайт, 1918 жылы Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың Шәуешек қаласында өткізген жиналысына барар жолда Омарғали бастаған Алаш жүздігі оларды Лепсі уезінің шекарасынан күтіп алып, қызылдардан қорғап Шәуешекке алып барады. Жиын біткен соң оларды қайтадан Семей жаққа шығарып салады.
1920 жылы Ресей кұрамында Қазақ автономиясы құрылып Ленин бұрынғы болшевиктерге қарсы күрескендерге толық кешірім берген соң Омарғали да ел ісіне кіріседі.1920 жылдан 1925 жылға дейін Қарағаш болысында милиционер,1925-1927 жылдары Қарағаш болысының басқарушысы.1927 жылдан 1937 жылға дейін Шығыс шекара округі Еміл комендатурасында аудармашы(тілмәш) болып жұмыс істейді.1937жылы жергілікті белсенділердің көрсетуімен Омарғали «халық жауы» ретінде ұсталып, Үржардың абақтысына қамалады.Омарғалидың бағына орай тергеуші татар кезінде Анненковтың әскерінде болған, оның үстіне Омарғали ажалдан құтқарған азамат болып шығады. Ол Омарғалиды ақтап, босатып қоя береді.
Бұл жағдай Омарғалиға жайсыз тиеді. Ол аудармашылық жұмысынан босап қалады да шекара отрядының қосалқы шаруашылығының қой фермасына меңгеруші болады. Бұл жұмысты 1942 жылдың қазан айына дейін қашан соғысқа кеткенше істейді.
1944 жылы 9 наурызда фашистермен соғыста Белоруссия жерінде ерлікпен қаза болады.Сүйегі Могилев облысындағы Чауссы ауданының Скварск селосындағы бауырластар зиратына жерленген.
Мұхаметкәрім ОмарҒалиев
Шығыс Қазақстан облысы