Барлық жол Римге апарады десек, сол жолға бүкіл адамзат баласы қазақ даласынан аттанған сияқты. Оны біз абыз Ақселеу ағаның пайымы бойынша зерделедік. Ақселеу Сейдімбектің қай сөзі болсын қазақтан бастау алады. Ол жазған құнды еңбектердің барлығының атауы қазақ сөзін төркіндейді екен. Қарап отырсақ, «Қазақ әлемі», «Қазақтың ауызша тарихы», «Қазақтың бейпіл сөздері», «Қазақтың күй өнері» деп қаламы қаңтарылғанша қайран Ақаң қазақты жырлапты. Оны жазушы Оралхан Бөкейдің өзі «Ақселеу Сейдімбектің қай шығармасы болмасын, ойлы, саналы қазаққа ата-бабамыздың осал болмағанын бұлтартпас дәлелдермен терең түсіндіріп береді», деген.
Сол Оралхан Бөкей бірде Сарыарқаға ат шалдырып, Ақселеу Сейдімбекпен бірге Жаңаарқаға барған екен. Сонда жаны да, тәні де нағыз қазақ Ақселеу өзі туған топырақтың әр тасының тарихын терең білетін әдетімен жер-су атауларын Оралханға таныстырып келе жатып, «Мынау біздің Иманақ деген тау» депті. Және ол таудың Жақсы Иманақ, Жаман Иманақ деп бөлінетінін айта берейін десе, Оралхан Бөкей жымиып келеді екен. «Ақселеу, мұны бізде жота дейді» депті. Екеуі сол жерде сәл кідіріп, бір-біріне ерекше құрметпен жымиса керек. Шынымен де Сарыарқаның ұсақ шоқыларын Алтайдың мұз құрсанған биік шыңдарының қасында тау деп атау ыңғайсыз ғой. Бірақ Ақселеудің көзімен ол Иманақ шынымен де заңғар, биік тау еді. Кейін, көз жұмардан бұрын тура сол Иманақтың етегін өзінің мәңгілік мекені болатынын балаларына аманаттапты. Қазір ол жер Ақселеу биігі деп аталады. Иә, бәрібір Иманақтың биік екенін дәлелдеп жатқандай. Ол төбе шынымен де уақыт өткен сайын биіктеп барады. Оған көтерілген адам Сарыарқаны тегіс шолып тұрғандай болады. Сол кезде жаңағы әңгіме есімізге түседі. Сонда марқұм Ақаң өзі туып-өскен өлкені мәңгілік жер бесігінде жатса да биік деп жатқандай сезіледі...
Ақын Бағдат Мүбарак Ақселеу ағасы өмірден өткенде жазған өлеңінде «Сарыарқада Ақсораң ең биік тау,
Жаңаарқада Ақселеу таудан биік» деген еді.
Ақселеудей аңыз да абыз тұлғаның ойы да бойы да биік екеніне бұл да ғажап дәлел сияқты.
Біз бұл күйді таяуда өткен Қарағанды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған Ақселеу Сейдімбектің туғанына 75 жыл толуына арналған игі шарада кештік.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс деп атап өткен еді.
Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана. Осы ұлылардың қатарында әрине Ақселеудің де айтылары сөзсіз. Себебі Елбасы айтқан салт-дәстүрдің де, тіл мен ділдің де, ұлттық музыка мен әдебиеттің де бірден-бір жоқшысы ол Ақселеу Сейдімбек болатын.
Ойы биік, қаламы жүйрік саңлақ қаламгердің 75 жылдығына орай лайықты құрмет Ақселеу биігінен құран бағыштаудан бастау алып, Ақселеу Сейдімбеков атындағы жас ақындар мен жазушылар және көсемсөз шеберлерінің әдеби-шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау қорытынды кеші аудандық мәдениет үйінде ұласты. Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай бастады. Ақселеу шекпенінен шыққан ақын Ғалым өз сөзінде «Ақселеу ағамыз арамыздан кеткен уақыт алыстаған сайын оның мұрасы бізге жақындап келеді. Бұл – ұлы тұлғаларға тән құбылыс. Қазіргі уақытта көзіқарақты әр қазақтың жүрегінде өз Ақселеуі бар» деді. Сондай-ақ кештің шымылдығын ашып берген ақын келесі жылы Ақселеуге өзі туған өлкеден еңселі ескерткіш орнату идеясын алға тартты.
Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова кіріспе сөзінен соң, сахнаға көтерілген Ақаңның үзеңгілес досы, тарих ғылымдарының докторы, танымал қоғам қайраткері Қойшығара Салғараұлы мен қанаттасы, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік естелікке толы жан толқытар жақсы сөздер айтты.
Салтанатты кеш барысында Қойшығара аға өзінің сүбелі еңбектерінің алды «Алтын тамырды» қалай жазғаны жайлы сыр ақтарды. «1975 жылы бүгінгі «Егемен Қазақстан» ол кезде «Социалистік Қазақстан» деп аталатын газетке жұмысқа орналастым. Менен бір жылдан кейін Ақселеу де осы басылымға келді. Құдайдың қош көргені болар, екеуміздің кабинетіміз қатар болды. Бірде Ақаң «Біз, қазақ – жазушыларға кенде емес халықпыз.
Екеуміз жазушы болсақ жақсы жазушы болмаспыз, бірақ жаман да жазушы болмасымыз анық. Ал, қазір қазаққа тағылым болатын тарихи танымдық дүние қажет. Егер қош көрсең, бүгіннен бастап әдеби шығарма жазбауға уәделесейік» деді. Содан араға жыл-жарым уақыт салып, ол «Күмбір-күмбір күмбездерді» жазды, мен «Алтын тамырды» шығардым», деді қазақтың қоңыр тарихының қоңырауындай болған Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қойшығара Салғараұлы.
Келесіде қазақтың классик жазушысы Төлен Әбдік сөз алып, тамаша естеліктермен тамсандырып, қызықты мезеттермен Ақселеу әлемін айшықтап өтті. «Осыдан тура 15 жыл бұрын осы Ақселеу Сейдімбек, Дулат Исабеков үшеуміз құрдас болып, алпыс жас мерейтойымызды Астанада бірге өткіздік. Сонда сахнада сөйлеп тұрған Дулат досымыздың қалжыңы әлі есімде. Дулат тұрып: «Мына отырған екеуінен менің бір ғана артықшылығым бар екен. Қазір бұл екеуі туған облыс жоқ, мен туған облыс әлі орнында» деп елді ду күлдірді. Сөйтсек, Ақселеу туған Жезқазған мен біз туған Торғай облысы қазір жоқ екен», дейді Төлен ағамыз.
Сахнада күркіретіп өлең оқыған Алаштың ақиық ақыны Серік Ақсұңқарұлының да мәнді сөзінде дәнді деректер жатады. Ақын ылғи айтып жүретін бір сөз есімізде. «Ақселеу болмаса мына жарық дүниеде Ақсұңқарұлы деген жұмыр басты пенде болуы мүмкін, бірақ ақын болмас еді» дейді ылғи.
Ақселеу шапағатының бір көрініс осы дер едік.
Байқау қорытындысы бойынша поэзия жанрында ІІІ орынды облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің тілшісі Анна Строкова, ІІ орынды ҚарМУ-дың студенті Ерік Нарынов, І орынды ҚарМТУ-дың оқытушысы Айзада Рахымжанова иеленсе, проза жанры бойынша ІІІ орынды ҚарМУ-дың студенті Гүлден Ерғали, ІІ орынды ҚарМУ-дың студенті Әйгерім Қарабаева, І орынды Қарағанды облыстық жастар ресурстық орталығының ақпараттық қызмет көрсету инспекторы Ерзат Ермағанбетов және көсемсөз жанры бойынша ІІІ орынды Жаңаарқа ауданы Бидайық мектебінің тәлімгері Нәзира Ақаева, ІІ орынды Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының оқытушысы Құлынтай Монайұлы, І орынды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі Нұрдос Кәрім еншіледі. Ақселеу Сейдімбеков атындағы арнайы 100 000 теңгені журналист Дулат Аманжол қанжығалады. Сондай-ақ Ақселеу Сейдімбектің туыстары тағайындаған арнайы жүлдені Qasуm.kz ақпараттық порталының бас редакторы Нұрлыхан Қалқаманұлы иемденіп, Қазақстан Жазушылар одағының дипломымен ҚарМУ-дың студенті Жоламан Айткен марапатталды.
Айтулы шараның соңынан Ақселеу Сейдімбектің туған-туыстары құран оқытып, ас берді.
Аталмыш басқарманың бастамасына барлық ел ризашылығын білдірді. Тұлғаны туған топырағында дәріптеу бөлек әсер етеді. Ақселеу – қазақтың темірқазығы дер едік. Оның жұлдызы бізді мәңгілік ұлы мұраттарға жетелей берері сөзсіз.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Жаңаарқа ауданы