Кеңес отырысын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» Республикалық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Әзімхан Қойлыбаев жүргізіп отырды. Сондай-ақ аталған іс-шараға өңірлік «Қоғамдық келісім» коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің басшылары – Достық үйлерінің директорлары, Қазақстан Халқы Ассамблеясы, этномәдени бірлестіктердің мүшелері және этноағарту кешендерінің оқытушылары қатысты. Жиында әуелі Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов сөз сөйлеп, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының және «Достық» үйінің бүгінгі таңда атқарып отырған жұмыстарына тоқталды. Елімізде бастау алған рухани жаңғыру негізінде де бірқатар нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті.
Бұдан кейін Астана қаласынан келген «Өзбек этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Діндерді зерттеу орталықтары» қауымдастығының сарапшысы Шерзод Пулатов «Рухани жаңғырудың факторы ретінде қазақстандық бірегейлікті нығайту» тақыбырында баяндама жасады. Өз сөзінде Шерзод Аббозұлы еліміздің бүгінгі таңда бірегейлік пен татулықты сақтап отырған бірден-бір мемлекет екенін атап өтіп, қазақстандық бірегейлікті нығайту жөнінде ойларын айтты. Сондай-ақ «Вынхуа» Жамбыл облыстық дүнген мәдени орталықтарының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Руслан Исмазов жаңақазақстандық патриотизмді тәрбиелеудегі қоғамдық ұйымдардың рөлі жөнінде айтып өтсе, Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық-мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Жамал Ихсанова «Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы қоғамдық келісім кеңесінің жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде» сөз сөйледі. Ал Алматы облысы әкімі аппаратының «Дом Дружбы – Қоғамдық келісім» коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің директоры Тәңірберген Қасымберкебаев қайырымдылық бойынша жұмыстардың негізгі бағыттары жөнінде әңгімелесе, Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің директоры Аманкүл Жайылханова Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация кабинеттерінің мемлекеттік органдар және азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылының тетіктері жөнінде ой бөлісті.
Жалпы, бүгінде рухани жаңғыру негізінде жастармен жұмыс жүргізудегі инновациялық жобалар маңызды. Бұл жөнінде Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің директоры Әсемгүл Есқожа айтып берді. Сондай-ақ Ақмола облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық-мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Манат Исмағұлов, Жезқазған қаласы «Достық және мәдениет үйі» мекемесінің көркемдік жетекшісі Ғайнияш Мергенова және Шығыс Қазақстан облысы, Бородулиха ауданы Достық үйі коммуналдық-мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры Александра Шпилькина сөз сөйлеп, өз пікірлерін білдірді. Сонымен қатар отырыс барысында рухани жаңғырудың факторы ретінде қазақстандық бірегейлікті нығайту, жаңақазақстандық патриотизмді тәрбиелеудегі қоғамдық ұйымдар рөлінің мәселелері де талқыланды. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясын, Достық үйлерін дамыту тұжырымдамасының екінші кезеңіне сәйкес, коммуналдық-мемлекеттік мекемелер мен Достық үйлері қызметкерлерінің біліктіліктерін арттыру мәселесі де қаралды. Отырыста директорлар Алматы, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының мысалында Достық үйлерінің жұмыс тәжірибесі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қоғамдық келісім» кеңесінің жұмыстарын ұйымдастыру, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің жаңа бағыттары болып саналатын қайырымдылықты, медиацияны дамыту мәселелері бойынша да пікір алмасты.
Отырыс шеңберінде тілдерді үйретудің инновациялық әдістеріне, баршаға арналған медиативтік технология тақырыбына арналған «Біліктілікті көтеру жүйесі: дәстүрлер мен инновациялар», «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы», «Баршаға арналған медиативтік технология» тақырыптарында панельдік пікірсайыстар мен семинар-тренингтер де ұйымдастырылды.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы