Парламент • 06 Қазан, 2017

Жекешелендіру сапасы назардан тыс қалмасын

782 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылғы Жолдауында Үкіметке мемлекеттік кәсіпорындарды жеке­ше­лендіруді жылдамдату туралы тапсырма берген, ал ақпан айында болған кеңейтілген отырыста бірде-бір трансұлттық компанияның осы іске тартылмағандығын сын тезіне алған еді. Елбасы Үкіметтің осы бағытта жүйелі жұмыс жасай алмай отырғандығын да атап өткен. 

Жекешелендіру сапасы назардан тыс қалмасын

Бүгінгі таңда Үкіметтің жаса­ған тізі­лі­міне қарағанда, 903 кәсіп­орын жеке­ше­лендіруге қойыл­ған, соның ішінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ енетін 68 ірі компания мен 168 кәсіпорын бар. Бұ­лард­ан басқа 440 коммуналдық мен­шік ны­саны және 52 ұлттық холдинг­тер­ мен ком­паниялар және т.б. же­ке­ше­лендірілуге шы­ғарылып отыр. 

Қаржы министрі Б.Сұл­та­нов­тың үстіміздегі жыл­дың шілде айындағы хабарлауына қарағанда, жекешелендірудің кешенді жоспары 47 пайызға орындалған. Пре­зиденттің тапсырмасы 2018 жыл­дың аяғында толық орындала­ды деген мақ­сат­пен жергілікті ат­қарушы органдар, ұлттық хол­дингтер және компаниялармен бірлесе отырып біршама жұмыстар атқарды. Соның нәтижесінде 2019-2020 жылдары сатылуға тиісті 131 нысан 2017-2018 жылдарға аударылды. Сөйтіп  2017 жылы 488, ал 2018 жылы 101 нысан сатуға қойылған. Ал жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ-тың 216 ак­тивін сату көзделген. Осы қор­дың 17 аса ірі компанияларын сату 2019-2020 жылдарға бел­гі­ленген. Сатудың алдын ала дайын­дық­тарын аяқтау 2018 жылы бі­ту­ге тиісті. Сон­да «Қазақстан те­мір жолы», «Са­мұрық-Энерго», «Қаз­атом­өнер­­кәсіп», «Қазпошта», «Қаз­МұнайГаз», «Тау-Кен Са­мұрық», «Эйр Астана» компаниялары си­яқ­ты аса ірі кәсіпорындардың акция­лары ІРО-ға шығарылмақ. 

Алайда осы әрекеттердің бәрі де жеке­ше­лендіру процесінің сапасын арттырмай отыр. Кон­ку­рс­тарға негізінен 1-2 үміткер ғана қатысады. Тіпті сол сатуға қой­ылған ЖШС қатысушылары да үлес ала алмайды. Қорыта айт­қанда, осы ком­мерциялық сау­даға әлеуетті үміт­кер­лер­дің қа­ты­суының жолы кесілген. Көп жағ­­дайларда жекешелендіру ақша түсіру­дің орнына басқару құқын беріп, ны­сандар біртіндеп сатып алу арқылы бү­гінгі басшыла­рына тегін беріледі. Мұн­дай жағ­дайда кәсіпорындар сырттан ке­ле­тін қаражатқа емес, өздері тапқан ақ­ша­ға сатылатыны аян. Нәтижесінде же­ке­шелендірудің төмендегідей мақсаттары іс­ке ас­пай отыр: 

– Мемлекет жекешелендірілген нысандардан нақты қаражат таба алмайды; 
– Жекешелендіру нысандары өзінің да­муына мүмкіндік беретін инвестициялар мен ресурстар ала алмайды; 
– Жекешелендіру процесіне азамат­тар­дың көптеп қатысуы шектеліп, нысан бүгінгі таңдағы басшыларының өзі­не тұтастай бұйырып, оларды байыту арқы­лы қоғамдағы тұрғындар арасындағы әлеу­мет­­тік алшақтықты одан әрі тереңдете тү­­седі.

 Міне, осындай іс-әрекеттер се­бебі­нен Президенттің жеке­ше­лен­діру бағы­тын­дағы ашықтық пен тиімділік турал­ы талаптары орын­далып отырған жоқ. Оның үстіне аса ірі компанияларды же­ке­шелендіру бойынша IPO/SPO шы­ғару процесі де ұзаққа со­зылып кетті. Ны­сан­ның бүгінгі күнге қа­рағанда тиімді, өнім­ді жұмыс істеуіне мүм­кіндік беретін ше­телдік әлеуетті инвесторларды тарту про­цесі де орындалмай отыр.

Бүгінгі таңда жаппай жеке­ше­лендіруге ғылыми-зерт­теу, жо­балау институттары, ме­ди­ци­налық орталықтар, ауру­ха­на­­лар және басқа да әлеуметтік ны­сандар қойылған. Осы ны­са­ндардың бәрі тех­никалық және бас­қа да жағдайларының жақ­сартылуына зәру. Сондықтан олар нақ­­ты қаражат құя алатын әлеуетті сатып алу­­шыға бе­рі­луі керек. Алайда сатудың та­­­лабы конкурсқа қатысатын үміт­керлердің осы міндеттерді ше­шуіне бағыттамаған. Ал­дағы уа­қытта Үкімет жекешелендіру мә­­се­лесінде осы проблемаларға на­зар аударуы керек. 

Екатерина НИКИТИНСКАЯ,
Мәжіліс депутаты