Қаржы • 06 Қазан, 2017

Маңғыстауда Арнайы экономикалық аймақтар туралы халықаралық форум өтті

375 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында  бүгін Ақтау қаласында Қазақстандағы Арнайы экономикалық аймақтардың инвестициялық әлеуетінің таныстырылымы өтті. 

Маңғыстауда Арнайы экономикалық аймақтар туралы халықаралық форум өтті

Халықаралық форумға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, «Kazakh Invest» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Біржан Канешев,  10-нан астам  елден келген инвесторлар, сондай-ақ Әзірбайжан, Түркия, Иран, Литва елдерінің консулдары қатысты.

Мемлекет басшысының Жарлығымен елімізде әртүрлі салалық бағыттағы 10 арнайы экономикалық аймақтар құырлған еді.  Соның бірі -

«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы.  АЭА  іске қосылғаннан бері 88 млрд.теңге инвестиция тартылып, 241 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Аймақта 15 мекеме қарқынды жұмыс жүргізіп жатса, 1 144 жаңа жұмыс орны құрылды және бюджетке 21 млрд.теңге көлемінде салықтар төленді.

Форумда Ақтау, Атырау, Шымкент, Алматы, Тараз, Павлодар қалаларының арнайы экономикалық аймақтары (АЭА) таныстырылды.

Баяндамашылар арнайы экономикалық аймақтардың ерекше жағдайымен таныстырып, жүзеге асқан жобаларын ортаға салды. Жобалардың даму тәжірибесі мен болашақ жоспарлары туралы айтып берді.

- Маңғыстау облысы - өндірісімен қатар, сан саласы жедел даму үстіндегі бірден-бір аймақ. Қазақстанның экономикасын нығайтуға облысымыздың қосқан үлесі де зор, қол жеткізген табыстары да, жетістіктері де аз емес. Қазыналы өңірдің келешек үшін бергенінен әлі берері мол. Осы форум Қазақстанның жаңа инвестициялық мүмкіндіктерін сіздермен бірлесе саралауға жол ашады деп сенемін, - деді Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов.

Түркия, Сауд Арабиясы, Малайзия, АҚШ, Венгрия және басқа елдерден келген қонақтар отандық компаниялармен іскерлік қарым-қатынас орнатуға қызығушылық танытты.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы