Форумның ашылу салтанатында Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шараға қатысушыларға арнаған құтықтауын оқып берді. Мемлекет басшысының құттықтауында МГИМО-ға өз елінің өмірінде маңызды рөл атқаратын көрнекті саяси және қоғамдық қайраткерлер, дипломаттар, журналистер, кәсіпкерлердің тұтас бір шоғырының қарашаңырағы ретінде жоғары баға берілді. Қазақстан Президенті жер жүзіндегі саясаттың, экономикадағы және қоғамдық өміріндегі күшейе түскен дүрбелеңдер аясында халықаралық сала мамандарының жауапкершілігі мен рөлі арта түскенін атап өтті.
Қ.Тоқаев өз сөзінде Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты Форумы жаһандық күн тәртібіндегі аса маңызды мәселелер бойынша пікір алмасу мүмкіндігін беретінін атап өтті.
Сенат Төрағасы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болардың алдында ядролық қаруды таратпауға, терроризмге қарсы күреске, дінаралық үнқатысуды қалыптастыру мәселелерін шешуге мейлінше үлес қосқанын еске салды. Астана ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ТМД, ЕАЭО, АӨСШК саммиттерін өткізген ірі халықаралық орталық ретінде қалыптасты.
Сенат Төрағасы Қазақстан Елордасында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі жүйелі түрде өтіп отыратынына маңыз беріп, оған рухани және саяси қайраткерлер, оның ішінде БҰҰ Бас хатшысы, Йордания Королі, Финляндия Президенті және тағы басқа да тұлғалар қатысқанын айтты. «Біздің мақсатымыз – саяси көшбасшылар мен діни қайраткерлердің бір үстел басына жиналғаны, ең бастысы, олардың бірін-бірін тыңдағаны және естігені», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.
Қ.Тоқаев 1994 жылы Президент Н.Назарбаевтың Мәскеу мемлекеттік университетіндегі әйгілі лекциясынан бастау алатын Еуразия Экономикалық Одақ аясындағы интеграциялық үдерістер туралы өз ойларымен бөлісті. «Геосаяси тұрғыдан қарағанда, бұл одақ Қазақстан мүдделеріне сөзсіз сәйкес келеді, біз оны қолдап келеміз», - деді Парламент жоғарғы Палатасының басшысы.
Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік трансформация үдерістеріне назар аударылды. Қ.Тоқаев форумға қатысушыларға Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан конституциялық реформа туралы, сондай-ақ «100 қадам» стратегиясы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы айтып берді.
«Нұрлы жол» бағдарламасы туралы айта келіп, Төраға оның Қазақстандағы көлік қатынасы желісін, логистика және барлық инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталғанын атап өтті.
Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Президент Владимир Путиннің құттықтауын оқыды. Ресей көшбасшысы Астананы «көптарапты дипломатияның, халықаралық экономикалық ынтымақтастықтың, Еуразиялық интеграциялық үдерістер орталықтарының бірі» деп атады.
«Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевты, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты түлегі Қ.К. Тоқаевты, сондай-ақ осы ауқымды шараның әзірлеуге қатысқан барлық қазақстандық әріптестерді шынайы құттықтағым келеді», - делінген Ресей Президентінің үндеуінде.
Шараға қатысушыларға Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов және Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты ректоры Анатолий Торкунов та үндеу жолдады.
Форум аясында әлемдік саудадағы қазіргі жағдай, аймақтық ынтымақтастықтың келешегі, оның ішінде білім беру және мәдениет саласы бойынша сессиялар болады. Шараға ТМД, Еуропа Одағы, Солтүстік Америка, Таяу Шығыс, Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінен 400-ден астам Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты түлектері, сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік органдары, қоғамдық және іскерлер қауымдастығының өкілдері қатысуда.