Кедесу барысында қос тарап ОҚО әкімдігі мен Астана қаласындағы Мемлекеттік қызмет саласындағы аймақтық хаб арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Аталған меморандум аясында мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет жүйесінің өзекті бағыттары көзделген. Мәселен, Әкімдік пен Аймақтық хаб жобалық менеджмент, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру, адам ресурстарын басқару және басқа да өзекті салалардағы білім беру және ғылыми-зерттеушілік сипаттағы шараларға қатыса алады.
Жиында сөз алған аймақ басшысы Оңтүстік Қазақстан облысы қазіргі уақытта халық саны бойынша республикада бірінші орында екенін және әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақты өсім тенденциясы қалыптасқан өңірлердің бірі екенін айтты.
«Осы өңіріміздің одан әрі тұрақты өркендеуіне сөзсіз қомақты үлес қосатын мемлекеттік қызметшілер болып табылады. Қазіргі уақытта өңірімізде жергілікті атқарушы органдарда 4573 бірлік көзделген. Үстіміздегі жылы Мемлекет Басшысының тиісті жарлығына сәйкес әкімдіктің 3700 ден аса мемлекеттік қызметшісі кешенді аттестаттаудан өткізілді. Бұдан басқа, осы жылы мемлекеттік қызметшілерді оқытуға 53 млн 441 мың теңге бөлінген болатын. Бүгінгі күнге дейін 1254 мемлекеттік қызметшілер біліктілігін арттырып, 490-ы қайта даярлаудан өтті. Сонымен қатар, биыл 3 қызметші «Болашақ» халықаралық бағдарламасының стипендиаты атанса, 7 қызметші Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға қабылданды», - деді әкім.
Үш миллионға жуық адам шоғырланған Оңтүстік өңірінде мемлекеттік қызметшілер тарапынан халыққа қызмет көрсетуде қордаланған мәселелер аз емес екенін айтқан өңір басшысы облыстағы бір мемлекеттік қызметшіге 650 – ден астам қызмет алушы күнделікті жүгінетінін жеткізді.
Өз кезегінде Өңірлік хаб басқарушы комитетінің төрағасы Ә.Байменов бүгінгі меморандум осы мемлекеттік қызметшілердің халыққа көрсететін қызметінің сапасын арттыруға, Мемлекет Басшысының белгілеген мақсат және міндеттерін орындаудағы жұмыстарын жетілдіруде ықпалы мол болатынын сендірді. Яғни, қол қойылған меморандум трансформация және кадрлық әлеуетті арттыруда біздің өңірдің мемлекеттік аппаратының жұмысына оң септігін тигізетін болады.