КЕЗІ КЕЛГЕНДЕ АБЫРОЙМЕН КЕТКЕН ДЕ ЖӨН
Өткен жұма күні туысқан Татарстанның президенті Минтимер Шаймиев Ресей Федерациясының президенті Дмитрий Медведевпен кездескен кезінде өзінің қызметтен кететінін мәлімдеді. Жұртшылық мұны абыройлы қадам ретінде қабылдады.
Татарстан Республикасы Ресейдей алып мемлекеттің бір нысаны деңгейінде ғана. Сол нысанның басшысын тағайындау Ресей президентінің құзырында. Сөйтсе де халықтың тілін тапқан қайраткер Минтимер Шаймиев республиканы жиырма жылдай басқарды. Абыройлы басқарды. Кеткенің жөн ғой деген сөзді естіген жоқ.
Осы жерде Ресейдің бір аймағы мәртебесіне ие болғанмен, Татарстанның басқалардан орны бөлектеу. Мұнда үлкен дәстүрі бар татар дейтін халық қалыптасқан, ұлт болып ұйысқан. Олар әлемнің талай жерінде шашырап өмір сүрсе де, ту тіккен атажұрты – осы жер. Тағдырдың талайы ғой, үлкен мағынадағы мемлекеттігі мойындалмай, ол басқа алып мемлекеттің аумағына кіреді. Осындай жағдайда ұлттың мәртебесін сақтап қалу оңай емес. Аумақтық тұрғыда басқаның қарауына кіргенмен, ұлттық, халықтық егемендік сақталуға тиіс. КСРО күйреп, одақтас республикалар өз алдына тәуелсіз, егеменді мемлекеттерге айналғанда, татар ағайындардың біреудің ортасында отырып, тәуелсіз мемлекет туын көтеруге мүмкіндігі болмаған. Бірақ татар халқының ұлттық егемендігі туралы сөзді, талаптарын жұрт естіген. Минтимер Шаймиевтің аузымен естіген.
Содан да татар халқы осынау азаматын айрықша құрмет тұтады, оған ұзақ жылдар сенім артып, өздерінің көшбасшысы санады. Бұл жайды Мәскеу де мықтап ескерген. “Ұзақ отырдың, ауыссаң қайтеді” деп емеурін танытса, партиялық әдеп мектебінен өткен Шаймиев оны бірден-ақ ұғар еді. Тіпті ондай емеуріннің алдын алып, өткен жолы кезекті мерзімді тауысқанда, “енді жарар, кетейін” дегені бар. Сол кездегі президент В.Путин де алды-артын ойлап, татарлардың көңілінен шықты, тағы да бір мерзім жұмыс істеуді ұсынды. Бұдан екі жақ та ұтты. Менің дегенім болады деп Мәскеу Шаймиевті ауыстырғанда, бір халықтың наласына қалар еді.
Шаймиевтің бұл жолғы шешімі әбден ойластырған шешім болды. Отырудай отырды, алдын алған жөн. Өткен жылдың аяғында, дәл Шаймиевтің атын атамағанмен, президент Медведевтің ақсақалдардың жастарға орын бергені жөн болар дегені бар. Атын ататпай, абыроймен кеткен абзал. Сол қадамды Минтимер Шәріпұлы дәл уақытында жасады.
Оның үстіне өзі ойлаған адамын да өткізді. Бұл да абырой. Республика үкіметінің басшысы Рустам Минниханов – өз адамы. Ертең өзі бастаған істі жатырқамай жалғастырары анық. Үлкен биліктен айырылдың деп әлдебіреулердің табалауына да енді жол жоқ.
Әрине, Шаймиев үшін отбасын асырау проблемасы тумайды. Бәрі бір қарап отыра алмаймын, республика аумағында тарихи ескерткіштерге иелік жасаймын дегенде де күнкөріс жағдайын ойламағаны анық. Бұл оның рухани қажеттігін өтеуінің бір жолы ғана.
Көп жағдайда бір қайраткердің биліктен кетуі түрлі-түрлі жағдайлар тудырып жатады. Биліктен айырылған соң, кейбіреулерінің қудаланатыны да бар. Тіпті біреулері басқа елді паналайды. Құдыққа түскен құланның құлағында құрбақа ойнайтыны да кездеседі. Ал абыроймен кеткенге не жетсін! Бұл ретте Минтимер Шаймиевке көп адам қызыға қарайтыны да анық.
ЧИЛИЛІКТЕР КОНСЕРВАТОР ҚАЙРАТКЕРДІ ҚАЛАДЫ
Жақында Чилиде президент сайлауы өтті. Күні кеше генерал Пиночет диктатурасының қасіретін бастан кешкен халықтың консерватор Себастьян Пиньераға сенім артқанына көп саясатшы таңданыс білдірді. Солшыл центристер жеңілді, оңшылдар жеңді.
Әрине, бұл консерваторлардың барлығы диктатураны қолдайды деген сөз емес. Ресми түрде сайлау науқаны кезінде Пиньераның өзі де сол әскери диктатураны, генерал Пиночеттің қанды мұрасын қолдаймын деген жоқ. Тіпті 1988 жылы Пиночеттің президенттік мерзімін ұзарту жөніндегі референдумда оған қарсы дауыс бергенін де мәлімдеді. Сөйтсе де, әсіресе, экономикадағы нарықтық қарым-қатынас олардың басын біріктіретіні даусыз.
Себастьян Пиньера – ірі капиталист, миллиардер, өзінің экономистік білімін іс жүзінде жүзеге асырып, қыруар қаржы жинақтаған белсенді кәсіпкер. Сол капиталын Пиночеттің заманында бастаған. Тіпті оның туыстары диктатор генералдың үкіметіне де кіріп, оның “пайдасын” да көрген.
Атап айтатын бір жәйт – үлкен капиталист, айтулы консерватор Себастьян Пиньера президент болып демократиялық жолмен сайланды. Соңғы жарты ғасырдай уақытта алғаш рет консерватор билікке демократиялық жолмен келді. Ешкімді сатып алған жоқ. Пиночеттей қару қолданған жоқ, оған көпшілік халық дауыс берді.
Қашан да солшылдардың, социалистердің ұрандары қалың бұқараға, көпшілік қауымға жақын. Сөйтсе де сол халық социалистерден гөрі капитализмнің нағыз төлінің сөзіне құлақ асты. Неге дейді жұрт. Консерватор халыққа несімен жақын? Кешегі генерал Пиночеттен көрген зұлымдықты халық тез ұмыта қойғаны ма? Демократия құндылықтарын аяқасты еткен жүйенің өкіліне неге іш тартты?
Сарапшылар оған әртүрлі жауап береді. Ең алдымен бұл жерде саяси партиялар бағдарламасы емес, жеке тұлғалар алға шыққанға ұқсайды. Консерватор Пиньера мен бір кезде президент болған Эдуардо Фрейдің біреуін таңдауға тура келгенде, сайлаушылар жаңа адамға тоқтады. Өйткені, олар Фрейдің көп нәрсе тындыра қоймағанын өз көздерімен көрген. Егер Пиньера мен соңғы президент социалист Мишел Бачелеттің бірін таңдауға тура келгенде, бәлкім чилиліктер Пиночеттің қолынан қаза тапқан генерал Бачалеттің қызын құп көруі әбден мүмкін еді. Бірақ Чилидің заңы бойынша ешкім де қатарынан екі рет президенттікке сайланбайды.
Сонан соң, чилиліктер саяси жүйеге өздерінше қарайды. Пиночет – қанқұйлы диктатор. Оны барынша айыптаған жөн. Бірақ оның тұсында елдің экономикасы қарыштап өсті емес пе? “Чили кереметін” ұмытуға бола ма? Диктатура атымен құрысын-ау, ал сол үшін тиімділігі дәлелдеген экономикалық жүйеден бас тарту қажет пе? Осындай сауалға жауап іздеген жұрт Пиньераға дауыс берді. Істің көзін тауып, табысқа жетуді біледі. Сол қабілетін мемлекеттік істе пайдаланса, жаман болмас.
Тағы бір жәйт сайлаушыларға ой салғандай. Соңғы біраз жылда социалистік идеяның Латын Америкасын айтарлықтай шарлағаны бар. Кезінде ол осы Чилиде басталған. Президент Альенде еш нәрсе тындыра алмай кетті. Кейін оның ізбасарлары билікке келгенде де тындырғандары шамалы. Сонан соң Венесуэлада Уго Чавес, Боливияда Эво Моралестің басшылығымен тындырылып жатқан істің нәтижесінен гөрі айқайы көптеу. Айқай болғанда, кейде оны ақылға сыйдыру қиын. Ал оның аяғы қайда алып баратыны күмәнді. Чилиліктер күмәнді істі қолдай қоймайды.
Билікке оңшыл центрист қайраткердің келуі ел тыныштығына жеткізуі мүмкін дейді сарапшылар. Бұрынғы президенттер көбіне өз қызметін Пиночеттің қылмыстарын әшкерелеуден бастап, оның жақтастарын қудалаумен айналысар еді. Бұл ел ішінде айтарлықтай жүйке тоздырғандай жағдай қалыптастыратын. Ал консерватор президент ел ішінен жау іздей қоймас та, жұрт тыншыр.
Мамадияр ЖАҚЫР.