«Тергеу жүріп жатыр. Аман қалған қазақстандық жүргізуші куәгер ретінде жауап беруде, сондықтан тағы бірнеше күн Ресейде болады. Ол ауыр жарақат алған жоқ», деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.
СІМ, сондай-ақ, қаза тапқан жүргізушінің денесі Қазақстанға жақын арада жеткізілетінін хабарлады.
«Қазіргі таңда қазақстандық дипломаттар марқұмның туған-туысқандарымен байланыста, ұйымдастырушылық мәселелер шешіліп жатыр», - деп түсіндірді СІМ-нен.
Естеріңізге сала кетсек, жол апаты 6 қазан күні жергілікті уақытпен 03:39-да Покров теміржол стансасында болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, автобус жүргізушісі қызыл шамды елемей, теміржол өткеліне шығып кеткен. Салдарынан Санкт-Петербург – Төменгі Новгород бағытында келе жатқан пойызға соғылды. Апат салдарынан кем дегенде 17 адам қаза тапты.
«Соңғы мәлімет бойынша, Ресейдің Владимир облысындағы жол апаты кезінде жолаушылар автобусында Өзбекстанның 55 азаматы мен екі жүргізуші – Қазақстан азаматтары болған, олардың бірі көз жұмды, екіншісі Покров қаласындағы уақытша орналастыру пунктінде», - деп жазған еді ҚР ІІМ ресми өкілі Әнуар Жайнақов Facebook-тегі парақшасында.