Бұл турасында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында тағылымды тұжырымдар жасады: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады... Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі.
Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі.
...Туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде?
Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді,...жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен нысандарды қалпына келтіруді көздейді.
Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі.
...Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс».
Атыраудағы ұстаздық институттың 1974 жылғы тарихшы түлегі ретінде аталғандай ардақты жұмысқа мен де қал-қадерімше үлес қосудамын. Оған әсіресе, Елбасының аталмыш мақаласы елеулі әсер, күш-жігер беріп отыр. Осыған дейін туған өлкем – Жылыой ауданының және Атырау облысының тарихына байланысты «Жем жыры (ХІХ ғасырдың ақындары)», «Құтты мекен – Қосшағыл» және «Атыраудың ардақты адамдары» (ғұмырнамалық анықтамалық) тақырыпты кітаптарды шығарғам. Ендігісін бұларды топтастыра және жүйелі жалғастыру мақсатында «Атыраунама», «Жылойнама» және «Ұлағатты ұстаздық ұстаным»(Атырау өлкесіндегі халық ағарту ісі тарихының кейбір парақтары) тақырыптарымен шағын шежірелік-тарихи-мұрағаттық туындыларды шығаруды қолға алып отырмын.
Бүгінге дейін соңғы топтаманың «Атыраудың алғашқы ағартушылары», «Ұрпақтарға ұлағат ұқтырған ұстаздар» деген кітаптары жарық көрді. Олар Ұлы Қазан төңкерісіне дейінгі ағарту ісі, кеңес заманының алғашқы онжылдығындағы және қазіргі заманғы халыққа білім беру жұмыстары, кейбір ұлағатты ұстаздар жайында қысқаша баяндайды.
Ал, «Атыраунама» сериясы бойынша «Атыраудың 1917 жылға дейінгі қазақы жұрты (1895-1915 жылдар)», «Атыраудың әскери халықтық училищелері(1895-1915 жылдар)» еңбектері баспадан шықты. Бұлар да нақты тарихи-ғылыми мәліметтер негізінде өлкеміздің шежіресін көрсетеді.
Атамекенімдегі елеулі өзгерістерді, даму мен жаңғыруды «Жем жағасындағы жауһар (Балықшылардың Жылой кенті (ХІХ ғ.аяғы-ХХ ғ.басы)», «Жылойдың жарқын жандары (ғұмырнамалық анықтамалық)» атты туындыларымда барынша нақтылап жазуға талап қылдым.
Сондай-ақ жергілікті мерзімдік басылымдарда жарияланып келе жатқан «Қасиет қонған Қызылқоға», «Дауылға дейінгі Дендер» атты топтама мақалаларымда, «Нағыз халық ұстазы болатын (алғашқы ағартушы Х. Муньянов туралы)», «Первые просветители Атырау», «Есболдың Қызыл үйі», «Жауынгер қыз Райхан», «Адмирал Владимирский қай жерде туған?», «Ратушаға ту тікті (Берлин шайқасының қаһарманы Р. Қараманов хақында)» тақырыпты мақалаларымда атыраулық атақты адамдардың азаматтық істері мен перзенттік пайымды болмысын жан-жақты және нанымды көрсетуге, оларды жас ұрпаққа үлгі етуге күш салып келемін.
Менің ойымша, Отанымыз Қазақстанның толық және тұғырлы тарихы жекелеген өлкелердің шырайлы шежірелерімен құралуға, байытылуға тиісті. Ендеше, өлкетану ісі бірнеше томдық тағылымды тарихқа апаратын өрелі жұмыстардың өзегі болып табылады. Туған жер шежіресін көп болып жазалық, ағайын!
Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ,
Атырау мұнай және газ
университетінің
құрметті профессоры