Аймақтар • 09 Қазан, 2017

Мырзашоқыға шаңғы кешені салынады

738 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақсаң, Жалғызқайың, Қаражар ауылдары маңындағы Мырзашоқы тауында қазір шаңғы тебу кешенінің құрылысы жүргізілуде. Ауыл тұрғындары қысқы туризм жобасы тыныс-тіршілігімізге өзгеріс әкелер деген үмітте.  

Мырзашоқыға шаңғы кешені салынады

Баянауылға сапарымызда тау баурайында отырған ауылдарға да барып қайтамыз. Бір Ақсаңның өзі айнала қаптаған қалың таулы көрікті табиғаттың ортасында. Көркемдігін сақтап, дұрыс көзқараспен қараса, жазғы-қысқы туризмге сұранып-ақ тұрған жер. Сабындыкөлдің жағасындағы республикалық маңыздағы үлкен жол тау ішімен жүріп отырып, Ақсаң ауылына алып келеді.

– Ауданның тұрғын үй-комму­налдық шаруашылығы бөлімінде жобалау-сметалық құжат дайын, қаражат мәселесі шешілсе, күтіп тұрған ауыл жолы да жөнделіп қалар, – деді ауыл әкімі Кенжебек Дүйсенбаев.

Ауыл аудан орталығының іргесінде орналасқан. Жалғыз­қайың, Қаражар ауылдарын қосқанда Ақсаң ауылдық окру­гінің аумағында мыңға жуық халық тұрады. Осы мыңның 514-і жұмыста, көпшілігі Баянауыл Ұлттық паркіне қарасты орман шаруашылықтарында тұрақты және маусымдық уақыттарда еңбек етеді екен. 

Ауыл әкімі Кенжебек Дүйсен­баев Оңтүстік Қазақстан облысына барып, солтүстікке келетін отбасылардың бір-екеуін Мақтаарал ауданынан Баян­ауылдың Ақсаңына көшіріп алып келіпті. Алдағы уақытта тағы да барып, бірнеше отбасын көшіріп әкелу мақсаты бар. Көшіп келген Бейбітжан мен Әлімжанның отбасылары қазірдің өзінде жер алып, жылыжай ашып, көкөніс өсіреміз деп дайындалуда. 

Ауыл балаларының оқып-білім алуларына барлық жағдай жасалыпты. Қалың қарлы, табиғаты ғажап Мырзашоқы бау­райында өскен ауыл балалары шетінен шаңғышы көрінеді. Аудан бойынша өтетін қысқы спорттық жарыстарда үш ауылдың спортшылары жүлделі орындарды иеленіп жүр екен. Желаяқ жас шаңғышылар Олжа­тай Мұратбек, Марал Исмай­лованың, ересектер арасында Арайлым Сембекова, Төлеген Төлеубаевтың есімдері үнемі үздіктер қатарында аталады.

Бір өкініштісі, шағын мектептерде бала санының азаю мысалдары Баянауыл ауылдарының бәрінде кездеседі. Ақсаңда былтыр бар-жоғы 7 оқушы мектеп бітіріпті. Сондықтан ауыл әкімдігі алдағы уақытта тағы да оңтүстік өңірден бірнеше отбасын көшіріп әкелуді жоспарлап отыр. 

Мырзашоқы – Қараржар ауы­лы маңында, таудағы шаңғы кешені осы жерден ашылмақшы. Қысқы туризмді қолға алғандар енді тау-тасты қазып, жол жа­са­мақ. Ауыл тұрғындары да шаңғы кешенін тұрғызуға қаты­сып, жұмысқа алыныпты. Тау баурайындағы тыныштықты құрылыс дауысы бұзғандай. Биік тауға электр энергиясын тартып, жолды жөндеуді айтпағанның өзінде, Мырзашоқыға басқа да инфрақұрылымдар тартылмақ. Біз келгенде Түркиядан орын­дықтары бар арқан жол әке­лініп, құрастырылып жатыр екен. Биіктігі бір шақырымды құрай­тын таудан 800 метр төменге қарай сырғанайтын арнайы жол салынуда. Яғни, алдағы уақытта үш ауылға туристер келе бастайды. Бұл – ауыл үшін жұмыс көзі. Мырзашоқының әлеуеті артады. 

Тау баурайындағы ауыл­дардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары да туристік әлеуетпен жарасым табар. Ту­ризм­нен түсер пайданың арқа­сында Жалғызқайың ауы­лының балаларын мектепке тасымалдауға жаңадан автобус алынып, Қаражар ауылына шағын мектеп салып беріп, әбден ескірген су құбырлары, жолдары жөнделіп, Ақсаң ауылдық округінің еңсесі көтеріліп, бір жаңарып қалар деген ойдамыз. 

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан» 

Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы