Аймақтар • 09 Қазан, 2017

Талдықорғанда еңбек адамдарына құрмет көрсетілді

1226 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2013 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Еңбек күні» мерекесі қарсаңында Алматы облысының орталығы – Талдықорған қаласында І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, марапат табыс етілді. 

 

Талдықорғанда еңбек адамдарына құрмет көрсетілді

Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар және түрлі салада жақсы нәтижеге жеткен еңбеккерлер қатысты. 

Мақсат белгілі – жұмыс­шы­лар­дың еңбегін бағалау, жақсы көр­сеткішке жеткен жандарды көпке үлгі ету, еңбегі­не сай құр­мет көр­сету. Мерекелік жиын облыс­тың әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбек жолын баяндайтын бейнефильм­нен басталды. Облыс әкімі Амандық Баталовтың құттықтауын жеткізген Жақ­сылық Омар өңір экономикасын дамытып, шаруашылығының алға басуына ықпал етіп жүрген еңбек адамдарына үлгі болған, еңбек­сүйгіш, саламатты ұрпақ өсір­ген­дігі үшін көп жылдар облыс көлемінде жұмыс істеп, елге танымал болған еңбек арда­герлеріне алғыс білдірді. 

Кешегі болмаса – бүгінгі бол­майды. Еңбеккерлік – жылдар бойы қалыптасатын мектеп. Об­лыс әкімінің орынбасары сөз ара­сында күні бүгінге дейін абырой­лы ісі мен еңбекқорлығының арқа­сында жас ұр­пақ­қа үлгі-өне­ге бола білген екі мәрте Социа­л­истік Еңбек Ері атанған Нұр­мол­да Алдабергенов, Николай Го­ловацкий, Жолсейіт Молдаса­нов­тардың есімдерін атап, солар салған жолмен жүру бүгінгі ұрпақтың бір міндеті екенін, отбасы мен түз еңбегінің тізгінін қатар ұстап, нәзік жандылар арасынан шыққан Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаева, Мәриям Аябаева, қызылшашылар Битай Тәтенова, Зәкария Сейітова, Мә­мила Әлімбаева, атақты жү­гері­шілер Күләш Айтжанова, Адалят Зайнаудиновалардың ерлікпен пара-пар еңбектері жайлы айтты. Мұндай тұлғалардың ерен еңбегі ешқашанда ұмытылмақ емес. Солардың ізін жалғап, ісін жалғастыру, дәстүрлі еңбек жолын үзіп алмау үшін, қарапайым еңбеккерлердің санын арттыру мақсатында биыл облыстағы 5 колледжде жаңа мамандықтар ашылыпты. Жоғары білім алуға әркімнің мүмкін­дігі бола бермейді, сол себепті күнделікті тұрмысқа қажетті мамандықтарды меңгеру ешқашан құнын жоймайтын, күн тәртібінен түспейтін мәселе. Екі қолға бір күрек іздеген әрбір жастың мамандық меңгеруіне мүмкіндік беру – басты міндет. Болашақта бұл тарапта да еңбек озаттары шығып жатса, бүгін жасалған қамқорлық пен берілген мүмкіндіктің текке кетпегені. Бүгінгі күніміз үшін біз алдымен қарапайым еңбек адамдарына қарыздармыз. 

– Тынымсыз әрі еселі еңбектің нәти­жесінде алқабымыз астыққа, дастар­­қанымыз дәмге, үйіміз берекеге толып отыр. Мұның барлығы әрқай­сылары­ңыздың төгілген маңдай терлеріңіздің жемісі. Ұзақ жылғы қажырлы еңбегін халықтың игілігіне арнаған адамдардың есімдерін атап, атқарған істерін жас ұрпаққа үлгі ету – біздің міндетіміз бен азаматтық парызымыз. Биыл облыстың өнеркәсіп өнімдері 4,5 пайызға артып, 468,5 млрд теңгені құраса, ауыл шаруашылығы сала­сындағы негізгі көрсеткіш 1,5 па­йызға көтеріліп, 281,6 млрд теңгеге жетті. Осындай көрсет­кішке сіздердің қосқан үлестері­ңіз ұшан-теңіз, – деді өңір басшы­сының орынбасары. 

Бұдан соң әр салада жемісті еңбек етіп, жетістікке жеткен бі­лікті мамандар Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапатталды. Ал Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі Талдықорған қаласы қоғамдық кеңесінің төр­ағасы, «Қазақтелеком» АҚ об­лыстық филиалы телеком­му­ни­­кация дирекциясы бас дирек­торының кеңесшісі Жексембай Мейрембаевқа табыс етілді.

Биылғы жылдың басында еңбек адамының мәртебесін арттыру, жұмысшы кәсіптерін насихаттау, ең үздік еңбек әу­леттері мен кәсіпорын жұмыс­шыларын айқындау мақсатында «Еңбек жолы» байқауы жария­ланған. Әртүрлі мамандық иелері қатысқан байқау нәтижесі бойын­ша «Үздік еңбек әулеті» номи­нация­сы­ның бәйгесі Ақсу ауданындағы темір жол саласында 30 жылдан астам еңбек еткен Бөкеевтер әулетіне бұйырды. «Өнді­ріс­тің үздік жас жұмыскері» атанған Сар­қан қаласындағы «Жетісу изолятор» кәсіп­орнының жас инженері Арман Мусин, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» атағын иеленген Текелі қаласы, Рудный ауылындағы №17 орта мектептің физика пәні мұғалімі Алтынай Әлқуат 500 мың теңгенің сертификатын иеленді. Аталған номинациялар бойынша екінші орын алғандарға 300 мың теңге көлемінде сыйлық табысталды. Байқаудың бір шарты – онлайн дауыс беру бойынша таңдалған мамандарға 200 мың теңгелік сыйақы тағайындалды. 

Салтанатты шараның соңы еңбек адамдары­ның құрметіне арнайы дайындал­ған Сүйінбай атындағы облыстық филармония ұжымының концертімен жалғасты. 

Жалпы, облыс бойынша биыл Индуст­риа­ландыру картасы ая­сында шыны және металл құры­лысы бағытындағы құны 14,3 млрд теңгені құрайтын 2 нысан іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы да 5 жоба ашылады деп күтілуде. Индустрияландыру картасы бойынша жоспарланған 51 жобаның 43-і толыққанды іске асқан. Жаңа нысандардың ашылуының арқасында және шағын және орта бизнеске деген қолдау нәтижесінде 22 мың жаңа жұмыс орны ашылыпты. Жұмыспен қамту бағытында да бірқатар шаруалар қолға алынып, қазір 8 мыңнан астам адам жаңа мамандық игеріп, үйреніп жатыр. Бұған қосыша 733 азаматтың жеке кәсібін ашуға және оны дамытуға мүмкіндік алғанын, бұған 3,3 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалғанын айта кеткен жөн.

Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы