Атап айтқанда, биыл құрылғанына 100 жыл толып отырған «Алаш» партиясы мен «Алашорда» халықтық кеңесінің іс-қызметіне қатысты архивтік құжаттар таныстырылымы өтіп, сонымен бірге Астана қаласы мемлекеттік мұрағат басқармасының мұрындық болуымен «Алаш: замандастар көзқарасы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысын аяқтады.
Басқосуға Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары мен Том, Ташкент, Қазан қалаларынан мұрағатшы-ғалымдар шақырылып, олар Алаш қайраткерлеріне байланысты тақырыптық баяндамалар жасады. Ресей Федерациясы Том облысы Мемлекеттік мұрағат құжаттарды пайдалану және жариялау бөлімінің жауапты археографы Татьяна Шульга 1917 жылдың 8-17 қазан аралығында Том қаласында өткен І Сібір облыстарының құрылтайына қатысқан алаш қайраткерлері: Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков, Р.Мәрсеков, Е.Итбаев, т.б. жайлы сақталған архив құжаттарымен таныстырса, Өзбекстан Мемлекеттік мұрағат орталығының аға ғылыми қызметкері Шохида Давурова, қазақтан шыққан алғашқы ағартушы-заңгер Бақытжан Қаратаевтың ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановқа жазған хаттары туралы тың мәліметтер келтірді. Сонымен қатар өзбек мұрағатында Барлыбек Сыртанов, Отыншы Әлжанов, Тұрсынбай Саурамбаевтың үйін тінтудің мақсаты туралы құжаттарды және қазақ инженері Мұхамеджан Тынышпаевтың 1920 жылы Қырғыз институты комитетіне математикадан сабақ беруге келіскені жайлы мандаты сақталғанын айтты.
Капитан Тоқтамышевтің қолы қойылған хат
Татарстандық мұрағатшы Гузель Фаезова Қазанда оқыған қазақтарға қатысты ақпаратпен көпшілікті қанықтырды. Бұл деректердің дені бұған дейін қазақстандық зерттеушілер тарапынан қаралған, зерттелген, жазылған дүниелер.
Дейтұрғанмен, жиынға қатысушыларды қызықтырған дүние – Семей қаласындағы «Қазіргі заман тарихын құжаттандыру» мекемесінен және Қарағанды облысы мемлекеттік мұрағатынан әкелінген құжаттар. Әсіресе семейлік жәдігерлердің әрбірінің астарында терең тарих, халқының баянды болашағы үшін басын бәйгеге тіккен арыстардың еңбегі жатқаны анық. Өйткені Семей қаласының бір бөлігі, нақтырақ айтсақ, Ертістің сол жақ қапталы 1917 жылдан бастап 1927 жылға дейін «Алаш қаласы» (бұрынғы Заречная Слободка) деп аталды. Яғни, Алаш арыстарының басы қосылып, ұлты үшін отқа түскен ордасы осы жер.
"Алашорда" халықтық кеңесінің хаты. 1918 жыл
Жоғарыда атап өткеніміздей, 1917 жылы қазан айында Томдағы сібірліктердің сиезіне қатысып, келесі кезекте қазақ қамын ақылдаспаққа Семейге келіп түскен Әлихан Бөкейхановты қаптаған ел-жұртпен бірге қарсы алған 24 жастағы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың:
Көш бастаған еріміз,
Көкіректен кеткендей,
Сізді көріп шеріміз,
Алаш туын қолға алған,
Қараңғыда жол салған,
Арыстаным келіңіз! – деп күңірене жырлайтыны да осы кез.
Сөйтіп Семейге келіп жиналып, ел болудың қамына кіріскен алаштықтар әуелі Алаш атты әскерін құруды қолға алғаны белгілі. Біз құжаттар арасынан аталған жасақты құру туралы ұйымдасқан адамдардың тізімі мен атты әскер полк командирі капитан Тоқтамышевтің қолы қойылған хатты және Алаштың көзі мен құлағы болған «Сарыарқа» газетінің 1919 жылғы санының алғашқы бетін көріп қалдық.
Бұлардан басқа көрме сөресінен алаш қайраткерлерінің бірі А.Қозыбағаровты тұтқындау туралы ордер, Х.Ғаббасовтың қызметі жайлы кәртішкесі, 1906 жылы Ә.Бөкейхановтің 10 қаңтар мен 20 ақпан аралығында түрмеге алынғанына қатысты анықтама, «Алаш» партиясының 5-ші далалық сайлау округіне қатысушылардың тізімі, Алашорда халық кеңесінің Семей уездік земство басқармасының 1918 жылы жазған бір топ хаттары, сонымен бірге Ә.Ермеков, Р.Мәрсеков, М.Тұрғынбаев, Х.Ғаббасов, М.Тынышпаев сияқты алаш арыстарының жеке-жеке іс-папкалары, Халел Досмұхамедовті Түркістан комиссиясының мүшелігіне тағайындау туралы бұйрықтың көшірмесі, т.б. құнды құжаттарды көріп, көзайым болдық.
Қарағанды облыстық мемлекеттік мұрағат мекемесі алаш ардақтысы құқықтану магистрі-заңгер Жақып Ақпаев туралы бұрын-соңды қоғамдық талқыға түспеген тың құжаттарды әкелген екен. Бұл дүниелерді Ресей және еліміз архивтерінен жинақтап, тапсырған қазіргі сенатор Бірғаным Әйтімова.
"Сарыарқа" газетінің 1919 жылғы саны
Астана қалалық мемлекеттік мұрағаты өз қорында тұрған қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин мен Мағжан Жұмабаевтың Омбы мұғалімдер семинариясында оқып жүрген кезіндегі құжаттарын, алаш азаматтары Н.Нұрмақов, М.Сейітов, А.Бірімжановтың жеке-жеке жинақталған іс-парағын көрерменге ұсыныпты.
Алашқа қатысты құжаттар мұнымен шектеліп қалмайды. Бізге арнайы сұхбат берген Семей қалалық «Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы» ғылыми-анықтамалық аппарат және құжаттарды пайдалану бөлімінің меңгерушісі Лаура Қадырова өздеріндегі мұрағат қорында жоғарыдағы жәдігерлерден басқа Алаш атты әскеріне 18 болыстан шақырылған 430 сарбаздың аты-жөні жазылған тізім және сарғайған қағаз беттерінде «Алашорда» үкіметінің мөрі (мәтіннің орысшасы кирилл, қазақшасы араб графикасымен жазылған) сақталғанын айтып өтті.
Маңызды жиынды қорытындылаған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдин тарихты тану дегеніміз – жай сөз емес бүгінгідей құжатталық деректердің дәлелі екеніне, сондай-ақ биылғы алаштың даталы мерекесі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен үндесіп жатқанына, оның қоғамдық маңызын арттырып тұрғанына тоқталды. Конференция қонақтары баяндамашылардың пікірін тыңдаумен қатар тақырыпқа қатысты деректі фильмдерді де тамашалады.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»