Еуразиялық тұтастықтың озықтығы, осы кеңістіктегі интеграцияны құрудың өмірлік қажеттігі, ортақ бірлестіктің қағидаттары мен бағдарламасы туралы идеяны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет 1994 жылдың наурыз айында Мәскеу мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттерінің алдында сөйлеген сөзінде көтерген болатын. Бүгінгі күні сол идея іске асып, өзінің жемісін бере бастады.
Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кеше өткен халықаралық ғылыми форум осы мәселеге арналды. Оның тақырыбы «Қазақстан және жаңа әлемдегі еуразиялық идея» деп аталды. Оның жұмысына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Б.Майлыбаев, Парламент депутаттары, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры В.Садовничий, ЕурАзЭҚ Бас хатшысы Т.Мансұров, ТМД Атқарушы комитеті төрағасының орынбасары Е.Новожилов, Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі М.Бочарников, Қазақстан мен Ресей Федерациясы жоо-ларының ректорлары, профессор-ғалымдары, оқытушылар мен студенттер қатысты.
![261011-2](http://old.egemen.kz/2011img/261011-2.jpg)
Форум жұмысы Еуразиялық идеяның тууы мен іске асуына арналған деректі фильм көрсетуден басталды. Онда бір кездерде көптеген адамдар скептизммен қараған Президент Н.Назарбаев идеясының бүгінгі таңда жақсы нәтижелермен іске аса бастағандығы туралы қызықты деректер көлденең тартылды. Одан әрі форум жұмысын Қазақстанның Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов ашып, жүргізіп отырды. Жиналғандарға құттықтау сөзін арнаған министр мәртебелі қонақтарды да таныстырып өтті. Содан кейін сөзді Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың құттықтауын оқып беру үшін Б.Майлыбаевқа берді.
Құттықтауында Нұрсұлтан Әбішұлы форумға қатысушыларға ыстық сәлем жолдай отырып, өзінің мемлекеттердің Еуразия одағы атты жаңа интеграциялық бірлестік құрудың нақты бағдарламасы мен қағидаттары туралы алғаш рет 17 жыл бұрын айтқанын еске алады. Ал ХХІ ғасырда сол идеяның іс жүзіне аса бастағаны 10 жылдық тарихы бар Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың нәтижелі жұмыс істеп жатқанынан көрінеді. Оның аясында нақты экономикалық міндеттері бар Кеден одағы құрылып, 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін Бірлескен экономикалық кеңістікке жол ашылды, делінген құттықтауда. Одан әрі Н.Назарбаев бүгінгі күні Еуразия идеясының миллиондаған жақтастары бар екенін айта келіп, біздің елдеріміздің жаһандық әлемде өзіндік орнын алу жолы осы екенін алға тартады. Сонымен бірге, бұл идеяның іске асуына жалғыз саясаткерлер ғана емес, ғалымдар мен мамандар да белсене атсалысуы қажеттігін атап өтіп, форумның жұмысына табыс тілейді.
Келесі сөз Ресей Федерациясының Президенті Д.Медведевтің құттықтауын оқып беру үшін Ресейдің Қазақстандағы елшісі М.Бочарниковке берілді. Онда Д.Медведев форумға қатысушыларға сәлем жолдай отырып, Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өту қарсаңында Қазақстан мемлекет құрылысы мен әлеуметтік-экономикалық дамуда өзін халықаралық зор беделге ие еткізген тамаша табыстарға жеткенін атап өтеді. Бүгінгі күні Ресей мен Қазақстанның стратегиялық әріптестігі интеграциялық үдерістердің жақсы серпінмен дамуына жол ашып отыр. Біздің үйлесімді әрекеттеріміз толымды табыстарға қол жеткізді, дей келіп, одан әрі Дмитрий Анатольевич Бірлескен экономикалық кеңістікке жол ашқан Кеден одағының жақсы жұмыстарын атап өтеді. Біздің келесі баспалдағымыз интеграцияның ең жоғары деңгейі – Еуразия экономикалық одағын құру, дейді ол. Бұл бірлестік бізге технологиялық, жаңғырту, инновация салаларында тиімді кооперациялар құруға қосымша мүмкіндіктер береді. Мен форумда көтерілген пікірлер мен ұсыныстар Ресей-Қазақстан үнқатысуы мен ынтымақтастығының тереңдей түсуіне тың серпін берер деген үміттемін, деп аяқталады Ресей Президентінің құттықтауы.
Осыдан кейін сөзді Б.Жұмағұлов алды. Еуразия идеясының тарихына үңілген ол бұл ойдың бүгін ғана туып отырмағанын, орыстың Н.Трубецкой, П.Савицкий, Г.Флоровский, П.Сувчинский, Г.Вернадский секілді ойшылдарының еңбектерінде де оның бар екенін атап өтті. Олар орыс тарихын бөле-жара емес, еуразиялық өркениет кеңістігімен тұтастыра отырып зерттеді. Ал ХХ ғасырдың екінші жартысында бұл идеяны Лев Гумилев өзінің еңбектерінде қайта тірілтіп, көптеген ғалымдардан «ең соңғы еуразияшыл» деген атақ алды, дей келіп, ғалымның еңбектеріне шолу жасады. Ғалымның негізгі идеялары Еуразия аумағының этногенез үдерістерін зерттеуден туған. Біздің халықтарымыздың әлемдік өзгерістер барысындағы комплиментарлық идеясы ортақ тарихи кеңістікті жоюға мүмкіндік бермеген шығар, деген қорытынды жасай отырып, Б.Жұмағұлов өткен ғасырдың 90 жылдарында бұл идеяның қағидатты түрдегі жаңа серпін алғанын айтты. Соның нәтижесінде еуразияшылдық идеясы 1994 жылы Мәскеу университетінде Н.Назарбаевтың аузымен «Еуразиялық одақ» деген атау алып, дамудың жаңа кезеңіне жалғасты. Сөйтіп, әлемдік тарихта тұңғыш рет айтулы Мемлекет басшысы бұл идеяны теориялық тұрғыдан ғана танып қоймай, мемлекетаралық деңгейде іске асыруға шақырды.
Одан әрі шешен Н.Назарбаев идеясының бүгінгі күні нақты саяси көзқарас қалыптастырумен қатар, қуатты экономикалық тұғырнамаға қол жеткізгенін айтты. Сондықтан Қазақстан Президентін ғаламшарлық ақыл-ойы бар пассионарлық тұлға деп бағалады. Еуразия идеясының қағидаттарын іске асыру адамзат өмірінің барлық салаларын да қамтиды. Соның ішінде білім, ғылым және инновация да бар, дей келіп, Қазақстан Президентінің бастамасымен Ғалымдардың еуразиялық клубы, Телевизия мен радионың еуразиялық академиясы, Университеттердің еуразиялық ассоциациясы және т.б. құрылымдардың өмірге келгенін атап өтті. Сөзінің қорытындысында осы салалардағы еуразиялық интеграцияның іс жүзіндегі жарқын көрінісінің бірі ретінде 2001 жылы Астанада М.Ломоносов атындағы ММУ филиалының ашылғанын көлденең тартты. Филиал жұмысының одан әрі дамуы және оның инновациялық-индустриялық дамудың негізгі мәселелеріне бағытталуы біздің халықтарымыздың арасындағы қатынастарды тереңдетудің маңызды факторына айналатынына сенімдімін, деді қазақстандық министр.
Сөз кезегі өзіне келгенде ММУ ректоры В.Садовничий Еуразия идеясының қазіргі даму кезеңі Н.Назарбаев есімімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Одан әрі осы идеяның Қазақстан Президентінің аузымен алғаш рет ММУ-дің қабырғасында айтылғанын мақтан ететіндерін жеткізді. Қазір ол қажетті мазмұндармен толығып, іске асып келеді, дей келіп, соның бірі ретінде 10 жыл бұрын Қазақстанда ММУ-дің филиалының ашылғанын айтты. Еуразияшылдық идеясын іске асыру жолында сол жылдарда Қазақстанның Білім және ғылым министрі болған Қ.Көшербаевтың, Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған Т.Мансұровтың айрықша еңбектерін атап өтуге тиіспін, деді ол.
ММУ-дің филиалы туралы айтқанда, ректор оның құрамында қазір 600-ден астам адам бес бағыттағы мамандықтар бойынша білім алып жатқанына назар аударды. Ондағы білім сапасы үздік оқитындар үлесінің Мәскеудегі ММУ-дің осы мамандықтар бойынша үздіктері пайызымен бірдей екендігінен көруге болады. Ал жалпы, бүгінгі таңда ММУ-де мыңнан артық қазақ студенттері білім алуда, деді ол. Сөзінің соңында В.Садовничий үстіміздегі жылдың қараша айында Мәскеу университетінің негізін қалаған М.Ломоносовтың 300 жылдығы болатынын қаперге салып, айтулы датаны мерекелеу шеңберінде қандай шаралар жасалатынына тоқталды.
Келесі сөз ЕурАзЭҚ Бас хатшысы Т.Мансұровқа берілді. Ол Президент Н.Назарбаевтың Еуразия идеясының 1994 жылы алғаш рет Мәскеуде қалай жарияланғанын, ММУ-дан кейін оның ресейлік қаламгерлермен, журналистермен де кездесіп, оларға өзінің идеясының дұрыстығын дәлелдеп бергенін айтты. Мен ол кезде Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған едім, сондықтан мен бұл идеяның таратылуының басы-қасында болдым деп айта аламын, деді Т.Мансұров. Сол кездерде-ақ Н.Назарбаевтың прагматик саясаткер ғана емес, стратег саясаткер екендігі танылды. Ол орталықтан қашу идеясы қаулап тұрған кездің өзінде мәскеулік сұңғыла саясаткерлерге болашақтың экономикалық интеграциямен тығыз байланысты екенін дәлелдеп берген еді.
Одан әрі ЕурАзЭҚ Бас хатшысы ММУ-дің ТМД елдері көшбасшыларының арасынан Н.Назарбаев ең бірінші құрметті профессор атағын алғанын еске салып өтті. Одан әрі Еуразия идеясының іске асуында ЕурАзЭҚ-тың маңызы бар екеніне тоқталды. 2001 – 2008 жылдар аралығында ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің тауар айналымы 29 млрд. доллардан 123 млрд. долларға дейін артып, 4 есе өсті. Ал 2010 жылдан Кеден одағы құрылды. Осылай дей келіп, оның әріптес елдер үшін пайдасын тереңнен толғап, Еуроодақ елдерімен салыстыра отырып саралап берді. Соның ішінде іскер адамдардың кедендік бақылауларда күні бойы кідіретінін, ал бірінен өткен соң 900 метрден кейін екіншісіне килігетінін айта келіп, Алматыда болған бизнес-форумда олардың Кеден одағына қатты риза болғанын білдіргенін жеткізді. Ал 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін БЭК – бұл нағыз толыққанды, өркениетті, еуропалық ортақ рынок сияқты құрылым болады, деді ол.
Осыдан кейін сөз ТМД Атқару комитеті төрағасының орынбасары Е.Новожиловқа берілді. Ол өзінің жас кезінде қазақ жерінде 20 шақты жыл өмір сүріп, үлкен өмірге жолдама алғанына риза екендігін айтты. Мен еуразиялық интеграция идеясының көпұлтты қазақ жерінде туып және іске асып келе жатқанында табиғи заңдылық бар деп ойлаймын. Өйткені, нақ осы жер еуразияшылдық дәстүрлерге барынша бай, деді ол. Одан әрі ТМД Атқару комитетінің төрағасы С.Лебедевтің форумға қатысушыларға жолдаған құттықтауын оқып берді.
Форумға қатысушыларды М.Ломоносов атындағы ММУ қазақстандық филиалының студенттері К.Акст пен Х.Әкімжанов құттықтады.
Таңертеңгілік отырыста соңғы болып Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты Қ.Сұлтанов сөйледі. Өзінің сөзінде ол Еуразия идеясының өміршеңдігін, оның қазақстандық, ресейлік ойшылдар мен сұңғыла саясаткерлер тарапынан қызу қолдау тапқандығын атап өтті. Сондай-ақ шешен ұлттық қауіпсіздік мәселесіне тоқталды. Біз интеграцияны қолдай отырып, елдің қауіпсіздігін де ұмытпауымыз керек, деді ол. Еуроодақ елдері интеграциясында үйренетін үрдістер көп, соның ішінде кез келген ел экономикасының үлкен-кішілігіне, халық санының көп-аздығына қарамай, бірдей дауысқа ие. Мәселен, Германия мен Сан-Мариноның дауысы бірдей. Ал біздің елдеріміздің Кеден одағындағы дауыс үлестерінің ұлттық қауіпсіздікке зиян келтіруі мүмкін деген алаңдаушылық тудыратыныны шындық, деп атап өтті ол.
Форум жұмысының кофе-брейктен кейінгі отырысында Парламент Мәжілісінің депутаты К.Бұрханов, Астрахан мемлекеттік университетінің ректоры Ю.Пименов сөз сөйледі. Пленарлық отырысты жабардың алдында В.Садовничийге Білім және ғылым министрлігінің ведомстволық наградасы табыс етілді. Содан кейін Т.Мансұровтың «Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық жобасының іске асуы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі болды.
Түстен кейін форум жұмысы бірнеше секцияда жалғасты. Олар: «Білім саласындағы Еуразия идеясы», «Еуразия идеясы және еуразиялық экономикалық интеграцияның дамуы», Еуразия кеңістігіндегі математика мен информатика мәселелері, «Еуразия гуманитарлық кеңістігінің қалыптасуы мен дамуы», «Экологиялық мәселелер мен тұрақты даму» секциялары деп аталып, әңгіме аталған тақырыптар төңірегінде өрбіді.
Секция жұмыстары кезінде Еуразия кеңістігі шеңберіндегі көптің көкейінде жүрген мәселелер талқы таразысына түсіп, сан қилы ой-пайымдар ортаға салынды. Мәселен, «Еуразия идеясы және еуразиялық экономикалық интеграцияның дамуы» деген тақырыпта сөз қозғаған Ресей Федерациясындағы Қазан мемлекеттік университеті халықаралық қатынастар кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты А.Белоглазов Қазақстан мен Ресей арасындағы интеграциялық үдерістер барысы, жай-күйі, посткеңестік кеңістік шеңберіндегі экономикалық интеграциялық мәселелер төңірегінде жан-жақты ой-пайымын жеткізді.
Ол «Білім саласындағы Еуразия идеясы» секциясы барысында да көпшілікті толғандырып отырған келелі мәселелерге қатысты ой-пайымын ортаға салды. Мәселен, жаһандану заманына сай білім беру жүйесінің қалыптасуы, даму үдерісі төңірегінде қызықты ой-пікірлер де кім-кімді бей-жай қалдырмағаны анық. Бұл секция жұмысы кезінде оған қатысушылар посткеңестік кеңістіктегі елдерді еуразиялық интеграциялау идеясы жайында келелі әңгіме қозғады. Сала мамандары мұндай идеяны Қазақстан Президенті Н.Назарбаев алғаш рет 1994 жылы 29 наурыз күні ұсынғанын еске салды.
Бүгінгі таңда Н.Назарбаев ұсынған Еуразия идеясы өз деңгейінде, шынайы түрде жүзеге асырылып келе жатқаны, мемлекеттердің Еуразия одағын құру посткеңестік елдердегі мемлекетаралық қатынастар тарихында айырықша оқиға болғаны, бұл өз кезегінде осы елдер арасындағы әріптестік байланыстарға жаңа сапалы кезеңге көшуге, өзара тың интеграциялық даму кезеңіне аяқ басуға серпін бергені де назардан тыс қалмады.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіндегі педагогика және әлеуметтік жұмыстар кафедрасының доценті Л.Какиева Еуразиялық одақтың тәжірибе жүзінде іске асырылуы қоғамның сан салалы бағытында өзара байланыс орнатуға жол ашқанын, оның ішінде интеграциялық үдерістердің жоғары мектептің дамуына да өз ықпал-әсерін тигізіп отырғанын жеткізді. Жоғары білім қоғамдағы барлық өзгерістер мен үдерістердің қажеттілігін өтей алатын маңызды әлеуметтік институт болып есептеледі. Елдердің білім саласындағы ықпалдастығы БҰҰ мен ЮНЕСКО қызметінің де ең басымдыққа ие бағыттарының бірі саналатыны белгілі. Соңғы уақытта жоғары білімнің интернациялануы жаңаша қарқын алып келе жатқанын айтуға болады. Ал бұл өз кезегінде Еуразиялық ықпалдастық идеясының жүзеге асуына серпін болары сөзсіз, деді өз сөзінде Л. Какиева.
Бүгін халықаралық ғылыми форум «Математикалық модельдеу және ақпараттық технологиялар», «Экономикалық ғылым және оны оқытудың бүгінгі мәселелері», «Экологиялық білім беруді жетілдірудің мәселелері», «Бүгінгі еуразиялық кеңістіктегі тіл мен мәдениетаралық коммуникация», «Еуразия әдебиеті» деген тақырыптар аясында өтетін дөңгелек үстелдер жұмысымен өз жалғасын табады.
Жақсыбай САМРАТ,
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.