Ойын туралы бұдан бұрын айтып кеткендіктен, шет мемлекетте өзіміз көзбен көрген кейбір жайттарды оқырман қауыммен бөлісе кеткенді жөн санадық.
Қолдау деп осыны айт!
Қазанның екісі күні Қазақстан Ұлттық құрамасының футболшылары мен жаттықтырушылар штабы Бухарест қаласына келіп жетті. Құрама футболшылары әуежайдан түсе салып, 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясындағы Румыния-Қазақстан матчы өтетін Плоешти қаласына жол тартты. Біздің елде ұлттық құрама ойындарының Астанада өтетініне үйреніп қалғандықтан, Румыния-Қазақстан матчы ел астанасында өтетін шығар деп ойлағанбыз. Бірақ, олай болмай шықты. Румын әріптестерімізден «Халықаралық кездесу Бухаресте емес, неге шағын қалашықта өтіп жатыр?», деп сұрағанымызда «Плоештиде футболдан Румынияның үш дүркін чемпионы және ел кубогының иегері болған жергілікті «Петролул» (Мұнайшы) командасы бар. Қаржылық дағдарысқа байланысты клуб екі жыл бұрын Румынияның төртінші лигасына түсіп қалған болатын. Биыл үшінші лигада ойнап жүр. 2019 жылы «мұнайшылар» жоғары лигада ойнауды алдарына мақсат етіп қойған. Румыния футбол федерациясы бұл клубқа моральдық қолдау көрсетіп, жергілікті жанкүйерлерге футбол мерекесін қайта сезіндіру мақсатында ұлттық құрама матчын «Петролул» командасының стадионында өткізуді ұйғарған», деген жауап алдық.
Плоешти – мұнайлы қала
Іргетасы 1596 жылы қаланған Плоешти қаласы Румынияның оңтүстігінде орналасқан, 190 мыңнан аса халқы бар шағын шаһар. Ел астанасы Бухарестпен арасы 60 шақырым қашықтықты құрайды. Халқының басым бөлігі – румындар, сығандар және мажарлар. Сондай-ақ аз мөлшерде украиндар, еврейлер, түріктер де бар екен. XIX ғасырдың орта тұсында қара алтынның ірі қоры табылған Плоешти қаласы Румынияның негізгі мұнай орталығы саналады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығымен, оның ішінде жүзім өсірумен айналысады екен. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жергілікті «Петролул» футбол командасы 1952 жылы құрылған. «Петролул» футболшылары өз алаңындағы кездесулерін команда құрылғандағы ең алғашқы жаттықтырушысы Илие Оаненің есімі берілген стадионда өткізеді. Аренаның сыйымдылығы – 15 000 адам.
Шағын қаланың халқы аз, тротуарлары кең және арнайы веложолдары бар. Сондай-ақ қалада төрт радио торабы жұмыс істейді. Плоештиде тарихи ғимараттар өте көп екен. Жаңа ғимараттар да қаланың архитектуралық келбетін бұзбай, көне ғасыр стилінде салынған. Мұнайлы қалада қымбат қонақүйлер көп. Көшелерде мемлекеттік бағдарлама билбордтары кездеспейді. Тіпті Румыния-Қазақстан матчына байланысты ешқандай баннерлерді де ілмеген. Тек жарнама ғана бар.
Жанкүйер мәдениеті
Румыния мен Қазақстанның уақыт айырмашылығы үш сағат екен. Матч өтетін күні Илие Оане атындағы стадионға екі сағат бұрын жетіп алдық. Біз келгенде аренада жанкүйер атымен жоқ екен. Матч болардан бір күн бұрын румын әріптестеріміз билеттердің түгел сатылып кеткенін айтып еді...
Содан ойын басталғанға дейін жүрек жалғап алайық деп стадионға жақын жерден тамақтанатын дәмхана іздедік. Сөйтсек, жанкүйерлердің барлығы жазғы мейрамхана, кафелерде отыр. Жанкүйерлердің осындай дәстүрі бар екен. Ал фанат жанкүйерлер болса, көшеде Румыния туын ұстап «Румыния алға, бәріміз құрамаға жанкүйер боламыз!» деп ұрандатып жүрді. Тағы бір қызығы, жанкүйерлердің бәрі стадионға жаяу келді. Ойынға дейін де, одан кейін де көшеде көлік кептелісін көрмедік. Есесіне тәртіп сақшылары қаптап жүрді. Мұның себебі, ішкі біріншілік ойындары кезінде жанкүйерлер арасында кикілжіңдер көп туындап тұратын көрінеді. Абырой болғанда, бұл жолы жанкүйерлер қақтығысының куәсі болған жоқпыз және өзіміз де елге дін аман жеттік.
Жаңа бапкермен – жаңа жетістікке
Румыния-Қазақстан матчы Космин Контра үшін бас жаттықтырушы ретіндегі алғашқы ойын болды. Румыния құрамасының тізгінін ол осыдан екі апта бұрын алған екен. Федерация жаңа жаттықтырушымен 2020 жылға дейін келісім шартқа отырыпты. Бас бапкердің алдына ел құрамасын 2020 жылғы Еуропа чемпионатына шығару міндеті қойылыпты. Плоешти қаласының жергілікті жанкүйерлері Контрадан үлкен нәтиже күтетіндерін жасырмайды. Себебі ол 2012-2014 жылдары «Петролул» командасын жаттықтырып, клубпен бірге Румыния кубогын жеңіп алған.
Журналистермен болған баспасөз мәслихатында Контраның өзі де Румыния құрамасымен бірге жоғары нәтижеге жеткісі келетінін айтты. «Құрама бапкері ретінде тұңғыш матчымды Қазақстан құрамасына қарсы өткіземін. Бұл мен үшін маңызды ойын болмақ. Сондай-ақ матч Плоешти қаласында өтетіні жақсы болды. Өйткені жергілікті командамен Румыния кубогын жеңіп алғанмын. Ертең де аталған қаладағы жеңісімді жалғастырғым келеді. Румыния құрамасымен алдағы уақытта әлем және Еуропа чемпионы атанғым келеді», деп ағынан жарылған еді.
Кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында Контра қарлыққан дауыспен сөйлеп, журналистерді бір күлдіртіп алды. «Сіздерден кешірім сұраймын. Футболшыларға алаң жиегінен айғайлаймын деп, ойынның алғашқы 20 минутынан кейін даусым қарлығып қалды», деп ақталды ол.
Болжам және жұбату
Плоешти қаласындағы қонақүйден Илие Оане атындағы стадионға қарай бет алғанымызда, Румыния футбол федерациясының өкілі келіп: «Румыния-Қазақстан ойыны 1:1 есебімен аяқталсын. Достық жеңіспен тең тарқасайық», деп жымиды. «Жеңіліп қалмай, тең тарқасқанымыз дұрыс шығар», деп қол алысып, тең ойынға келістік. Стадионға келгенімізде румыниялық әріптестің бірімен аз-кем тілдескен едік. Бір қызығы, ол да әлгі федерация өкілі айтқандай, «Ойын 1:1 есебімен аяқталсын, иә», деп қолын ұсынды.
Екеуінің тең есепке риза болайық деп айтқанына қарағанда, бүгін жеңіске жететін шығармыз деген ой ұшығының жылт ете қалғаны рас еді. Бірақ матч біткенде таблода мүлде басқа нәтиже тұрды. Румын әріптесім матчтан кейін «Көңіл күйіңді түсірме, сендер де жеңіске лайық болдыңдар. Ойыншыларыңа дән риза болдым», деп арқамнан қақты...
Румынияның Плоешти қаласындағы Илие Оане атындағы стадионда өткен кездесуде жерлестеріміз қарсыластарына 1:3 есебімен есе жіберді. Константин Будескудің – екі Клаудиу Кешерюдің бір голына Бауыржан Тұрысбек жалғыз ғана доппен жауап берді.
Сонымен Қазақстан құрамасының турнирдің бітуіне үш тур қалғанда өз тобындағы соңғы орыннан жоғары көтеріле алмайтыны белгілі болды. Футболшыларымызға жеңілістер сабақ болса екен дейсің...
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан» –
Бухарестен