Бүгінге дейін бес жекпе-жегінде жеңіске жетіп, біреуін тең аяқтаған боксшы мұхиттың ар жағындағы өмірі, алдағы жоспарлары туралы ой бөлісіп және інісі – Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің әуесқой боксқа қайта оралуына қатысты сұрақтарымызға жауап берді.
– Дәурен, сұхбатымызды Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы жекпе-жек қорытындысына қатысты пікіріңізден бастасақ. Сіздің ойыңызша, бұл шешім қаншалықты әділетті?
– Меніңше, бұл – бокс әлеміндегі екі алыптың есімін әлі де пайдалану мақсатында шығарылған шешім. Ұйымдастырушыларға екеуіне қарымта жекпе-жек беру арқылы тағы да ақша жасау керек болып тұр. Өзім сол салада аздап жүргендіктен жоғары жақтағылардың көздеп отырған мақсатын түсінемін.
Бұл айқаста Геннадий белсенді болды. Ашық шабуылға шығып, көбірек соққы жұмсауға тырысты. Ал «Канело» қорғанысқа көңіл бөлгенімен, дәл соққылар жағынан басым түскендей көрінді.
– Әңгіме ауанын өзіңізге бұрсақ. Жақында Астанада өткен бокс кешінде сізді көріп қалдық. Елордаға қашан келіп едіңіз?
– Шамамен бір айға жуықтады. Ата-анамызды көріп кетейік деп келдік, әрі визаны создыратын да уақыт жақындап қалды. Одан бөлек біржарым жыл жекпе-жексіз жүрдім. Промоутерлік компаниялармен келісімшартты үзгенмін, енді осы жұмысты ретке келтіру керек. Алғаш барғанда, тәжірибесіздіктің кесірі ғой, бірінші кездескен промоушнмен келісіп қол қоя салғанмын. Не құжат тексермегенмін, не жаттығу жағдайының жақсы болатынына әбден көз жеткізіп алмағанмын. Бұлай дейтінім, кездесулерге қиын жағдайда дайындалуға тура келді. Белгіленген жекпе-жектер өтпей қалатын. Құрғақ сөзге алданып жүргенімді түсінгендіктен, келісімшартты бұзамын деп шештім. Бірақ оның өзіне біржарым жыл уақыт кетті. Енді мұндай жұмыстарға жауапты қарау керектігіне көзім жеткендіктен, спорттық карьерамды қателіксіз қайта бастағым келеді. Біреуге құл болып жұмыс істегім келмейді.
– Жылдың басында басқа компаниямен келісімшартқа қол қойды деп естіп едік...
– Жоқ, одан да бас тарттым. Мұхиттың ар жағында ТМД елдерінен келген боксшыларға спорт гастарбайтерлері ретінде қарап, пайдаланып қалғысы келеді. Ешқандай жағдай жасалмайды. Ал екінші компанияның талабы бойынша інім Данияр да сол қатарға қосылуы керек еді. Бірақ ол бас тартқандықтан, менің келісімшартым да жарамсыз болды. Дегенмен арада келіспеушілік болған жоқ.
– Америкаға арман қуып баратын боксшылар көп. Бәрі де өз жолын тапқысы келеді. Ал бәсекеге төтеп беру үшін не істеу керек?
– Ең алдымен сауатты заңгерлікпен «қаруланған» жөн. Себебі келісімшарт жасар алдында арнайы маманның көмегі қажет болады. Боксшы қандай қағазға қол қойып жатқанын бүге-шегесіне дейін оқып шығуы керек. Өз басым маған хабарласып кеңес сұраған жерлестерімнің барлығына соны айтамын. Қазір кәсіпқой боксқа ауысып жатқан жастардың көбісі маған хабарласады. Келісіміңді бермес бұрын басқа боксшылармен сөйлесіп, сол промоушн жайлы зерттеп алған жөн.
Қайталап айтамын, кәсіпқойлар арасында өнер көрсеткісі келетін былғары қолғап шебері алдымен құжаттарға баса мән бергені жөн. Себебі келісімшартыңыздың бір бұрышында көрінер-көрінбес әріптермен қағазда жазылғанның бәрін жоққа шығаратын пункттер болуы әбден мүмкін. Яғни, жылдап тегін жұмыс істегеннен гөрі аудармашыға немесе заңгерге ақша төлеп, барлық мәселенің басын бірден ашып алған жөн.
– Әуесқой бокста Азия чемпионатында топ жардыңыз, халықаралық турнирлерде үздік атанып жүрдіңіз. Чемпиондық жолды жалғастыруға не кедергі болды?
– Әуесқой бокста азды-көпті бағымды сынап көрдім. Дегенмен, кәсіпқой боксқа ауысатын уақыт жеткенін түсіндім.
Шыны керек, бала күнімнен маған әуесқой бокс ұнамайтын. Бірақ біздің елде кәсіпқой боксқа ауысып кетуге бұрын мүмкіндік аз еді. Сондықтан әуесқойлар арасында өзіме біраз тәжірибе жинап алуым керек деп қана жүретінмін. Әуесқой боксты өз басым кәсіпқой боксқа дейінгі саты деп қарастырдым. Бокста өзін дамытқысы келетін жастарға да біртіндеп осы спортқа бет бұруға кеңес беремін. Бірақ бұл шетелдік промоутерлерге құлдыққа бар дегенім емес. Меніңше, әлеуеті мол боксшыларға кәсіпқой боксқа жол салу керек. Әйтпесе құрамаға іліге алмаған қаншама дарынды жігіттер күзетші қызметінен әрі аса алмай жүр.
– Данияр жайлы нақтылай кетсек. Кәсіпқой боксқа ауысу туралы ойынан бас тартуына не себеп? Ағасы ретінде оның бұл шешімін қолдайсыз ба?
– Негізі бұл сұраққа Даниярдың өзі жауап бергені дұрыс шығар. Ал менің бұған қатысты пікірім екіұдай. Әуесқой бокста біраз белесті бағындырды, енді кәсіпқой бокста шыңдала түссе екен деп едім. Оған Даниярдың мүмкіндігі жетеді. Еңбекқор, табиғат берген дарыны да бар. Бірақ бастапқы келісімшарт көңілден шықпаған соң, кәсіпқой боксқа бару райынан бас тартып, әуесқой боксқа оралуды жөн көрді. Ол кішкентай бала емес. Шешімді өзі қабылдайды. Ал мен оны ағасы ретінде қай кезде де қолдаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Мәдина АСЫЛБЕК,
журналист