Республикалық форумға ҚХА Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Дархан Мыңбай, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Жоғарғы соттың судьялары, Бас прокуратураның, Білім және ғылым министрлігінің, Президент жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ-нің өкілдері, ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің мүшелері, барлық облыстардағы медиация орталықтарының жетекшілері мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің жанындағы медиация кабинеттерінің меңгерушілері қатысты.
Форумды Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы Медиация кеңесінің төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Әбдірайым жүргізіп отырды.
– Болашағы біртұтас елдің барлық мемлекеттік және азаматтық қоғам институттары қызметінің ең басты қағидаты – қоғамдық келісімді сақтау және нығайту, – деп сөз бастаған Дархан Мыңбай ойын төмендегідей жинақтады. – Осы орайда барлық тараптардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу арқылы бітімгершілікке қол жеткізуге бағытталған медиация институтының ел бірлігі мен қоғамдық келісімді дамытудағы рөлі зор. Сондықтан Мемлекет басшысының Жарлығымен қабылданған Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасына сәйкес елдегі медиация институттарын дамыту Ассамблеяның жаңа бағыттарының бірі болып белгіленді.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, медиация Батыс Еуропа елдері мен АҚШ-та түрлі даулар мен жанжалдарды реттеудің көп тараған әдістерінің бірі болып табылады. Мысалы, АҚШ-та барлық істердің 93%-ы, Ұлыбританияда 87%-ы, Словенияда – 40%-ы, Қытайда 30%-ы соттан тыс қаралады.
Қазақстан тарихынан Билер институтының араағайындықты қолдану арқылы жұмыс істеген көптеген мысалдарын табуға болады. Дала халқы үшін «араағайындық», «бітімгер», «елдестіруші» және басқа терминдер жақсы таныс. Қазақ халқы ежелгі замандарда-ақ даулы мәселелер шықса биге жүгінетін болған. 2011 жылғы 28 қаңтарда Қазақстанның тұтастай құқықтық жүйесі үшін айтарлықтай оқиға болған «Медиация туралы» заң қабылданды. 2011 жылғы 3 шілдеде Үкіметтің қаулысымен Медиаторларды дайындау бағдарламасы бойынша оқыту ережелері бекітілді. Осылайша, елімізде медиация институтын енгізу және дамыту үшін нормативтік-құқықтық негіз қалыптастырылды.
Қазіргі кезде Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық медиаторлар институтын қалыптастырып, дамытуға және әлеуметтік дау-жанжалдарды алдын ала реттеуге арналған кәсіби медиацияны дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.
Ассамблеяның жалпыреспубликалық инклюзивті желісі дамуда. ҚХА Медиация кеңесі құрылған, Достық үйлері жанынан 17 кабинет ашылған, облыстарда 13 медиация кеңесі жұмыс істейді, аудандық, ауылдық деңгейдегі қоғамдық келісім кабинеттерінің саны 1019 бірлікті құрайды. Оған сондай-ақ: ҚХА-ның 2207 Қоғамдық келісім кеңесі, ҚХА-ның 2141 Аналар кеңесі, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесі, ҚХА-ның 16 өңірлік ғылыми-сараптамалық тобы кіреді.
Бүгінде медиация институты белгілі бір оң нәтижелер көрсетуде.
Медиация институтын дамыту перспективалары қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін жетілдіру мәнмәтінінде, ел Президенті бастамашы болған конституциялық реформалар бағдарламасы шеңберіндегі демократияландыру, сондай-ақ Қазақстанды үшінші жаңғырту міндеттерін іске асыру шеңберінде айқындалатын болады.
Алқалы жиынға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Медиация тараптарды татуластырып, өнбес даудың өріс алуына жол бермейді. Елбасының бұл институтты әрі қарай дамыту ісін Қазақстан халқы Ассамблеясына жүктеп отырғандығы сондықтан. Ырысты ынтымақтан іздеген еліміз қашанда бірлікті бекемдейтін қадамды ұстанған. Халық тарихындағы билер мен қазылар төрелі түйін жасап, ар мен намыстың қамын жеген. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көненің көзіндей болған ұлттық құндылықтарды заман ағымына сай қайта түлетуді міндеттеген еді. Медиация – баяғы «Жеті жарғының» бүгінгі жалғасы ретінде халықтың байырғы мәмілегершілік дәстүрін жалғастырып отыр. Дауласушы тараптарды өзара келісімге келтіріп, ортақ пайым жасауға жетелейді», деді.
Республикалық жиын аясында ҚХА жанындағы Медиация кеңесі мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі, ҚХА жанындағы Медиация кеңесі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы