Жиынға Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, аталған оқу орнының ректоры Анатолий Торкунов, халықаралық деңгейдегі саяси тұлғалар мен қоғам қайраткерлері, дипломаттар және оқу орнының түлегі ретінде әлемнің түрлі саласында жүрген бизнес-қауымдастық өкілдері қатысты.
Алқалы жиынды ашқан Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаев дипломатиялық қызметте білікті мамандар даярлауда бұл оқу орнының маңызы жоғары екендігін айта келіп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың форум қатысушыларына арнаған құттықтау хатын оқып берді.
«Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты түлектерінің төртінші халықаралық форумына қош келдіңіздер. Бүгін Астанада халықаралық қатынастар саласында әлемдік деңгейде білікті мамандарды дайындайтын беделді жоғары оқу орны түлектері бас қосып отыр. Университет саяси, қоғам қайраткерлері, дипломаттар, журналистер, кәсіпкерлер сынды саңлақтар тобын дайындауда Альма-матер болып саналады. Бұл институт ТМД елдерінде ғана емес, алыс шетелде де жоғары беделге ие. Осы жоғары оқу орнында заман талабына сай жан-жақты, терең білім алуға болады. Қазіргі таңда әлемдік саясаттағы, экономикадағы, қоғамдық өмірдегі турбулентті жағдайларда халықаралық қатынас мамандарына деген жауапкершілік арта түсті. Сондықтан оқу орнының алдағы уақыттарда атқаратын қызметінің маңызы зор. Аталған форумды ұйымдастыру жақсы дәстүр деп санаймын. Онда түлектер әлемдегі өзекті мәселелер жөнінде өзара пікір алмаса алады. Барлықтарыңызға форумда және алдағы қызметтеріңізде сәттілік тілеймін», деп жазылған Н.Назарбаевтың хатында.
Сондай-ақ форумға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Ресей Сыртқы істер министрі С.Лавров та Қазақстанның бас қаласына жоғары баға берген Ресей президенті Владимир Путиннің арнайы хатын оқып берді. Онда В.Путин Қазақстанның қазіргі Астанасы көпжақты дипломатияның орталығына айналғанын атап өткен.
«Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты түлектерінің төртінші халықаралық форумының ашылуымен құттықтаймын. Осы жылы жиынға әр елден қонақтар келді. Мемлекеттік ведомство қызметкерлері, дипломаттар мен ғалымдар әрі халықаралық қатынас мамандарын Астана қаласы күтіп алды. Астана – көп жақты дипломатияның, халықаралық экономикалық қарым-қатынастың әрі еуразиялық интеграция орталығының бірі болып саналады», деп жазылған Ресей президентінің құттықтауында, форумды ұйымдастырғаны үшін Елбасына және қазақстандықтарға зор алғысын білдірген.
Өз кезегінде Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов ММХҚИ түлектері халықаралық қатынастар саласында ашық диалог пен кәсіби дипломатиялық байланыстардың даму жолында қомақты үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Ал Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректоры А.Торкунов болса, осымен төртінші рет ұйымдастырылып жатқан ауқымды шараның ойдағыдай өтуіне атсалысқан тарапқа зор алғысын білдірді.
Айта кетейік, панельдік сессиялар аясында күні бойы жалғасын тапқан форум қатысушылары «Жаһандық сауда, жаңа қолдаулар мен ЭКСПО сабақтары», «Интеграциялық түйісудегі Қазақстан тәжірибесі» және «25 жылдан кейінгі посткеңестік қоғам. Білім мен мәдениет саласындағы әріптестік» тақырыптарында ой бөлісіп, пікір алмасты.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»