Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген ұлттық жаңғыру жолындағы мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру барысында аудан жастарын рухани-адамгершілік пен патриоттық бағытта тәрбиелеуді, Төле би бабамыздың өмірі мен халқына сіңірген еңбегі туралы жастарға кеңінен айтуды, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ынтымақ-бірлікті нығайтуды мақсат тұтқан шара Медеу ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті алдындағы алаңда өтті.
1978-1985 жылдары Алматы облыстық комитеттің бірінші хатшысы болған Кеңес Аухадиев, ҚР халық артисі Сәбит Оразбаев, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының жетекшісі Сәбит Әбдіхалықов арнайы қатысқан мерекелік шара аясында «Балалар кітабының әлемі», «Қала көшелерімен көрікті», «Балалар әлемінің елшісі», «Жастар кітап оқуды таңдайды», «Төле би көшесінің тарихи беттері», «Қол өнер шеберлері бұйымдарының көрмесі» деген атаумен жұмыс істеген шатырларда кітап көрмелері, фотокөрмелер, шеберлік сыныптары, Төле би көшесі тарихының көрмесі өтіп, ұлттық және халықтық спорт түрлерінен спорттық ойындар ұйымдастырылды.
«Халқымыз айтып кеткен «Өткенге бұрылып басыңды иіп, ертеңге қарап білегіңді түр» демекші, айрықша серпінділікпен жылжып жатқан мына зымыран уақытта жаңа жағдайдағы рухани жаңғыру аса жауапкершілік пен ұмтылысты қажет етеді. Өскелең ұрпақты рухани азықтандыру – мемлекеттік саясаттың негізгі бағдары болғандықтан, бұл бастама алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Жыл басынан бері 150-ден астам шара өткізіліп, 20 мыңға жуық адам қамтылды. Мәселен, «Атамекен» жобасы аясында – 125, «Тәрбие және білім» жобасы бойынша – 18, «Рухани қазына» жобасы аясында 15 жоба іске асты. Жасалған жұмыстар қатарында салынған жаңа аулалар, жөнделіп жатқан жолдар, саябақтар, жаңадан ашылған балабақшалар, спорт алаңдары және өзге де нысандар бар», – деді Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев.
Мерекелік шараға жиналған екі мыңнан аса аудан тұрғыны, оқушылар, студент жастар мен қала қонақтары Төле би көшесінің тарихы жайында тың деректер мен үш ғасыр бұрынғы мәліметтерге қанығып, аудандық шығармашылық ұжымдарының мерекелік концертін, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Базарың тарқамасын» атты атақты қоянды жермеңкесіне арналған музыкалық драма қойылымын тамашалап, тегін таратылған көже, бауырсақтан ауыз тиді.
Айта кетсек, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру барысында ауылды жерлердің әлеуетін арттырып, халық арасында елді мекендердің тарихын жаңғырту мақсатында, бұған дейін қала әкімдігінің ұйытқы болуымен шаһардағы Абай және Достық көшелерінің күндері де аталып өткен болатын.
Мира Байбек,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ