10 Қазан, 2017

Кумир

1788 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаһандану жалынына шыр­мал­ған жастықтың балағына Батыстың бал­дыры оралып, адымын аштырмай әлек. Ересектің өзін есеңгірететін екпіні ерен, бос қалбырдай даңғырлаған музы­каға майдай еріп ентелегендердің бе­тін су сеуіп әзер бері қаратқанмен, дініміз бен дәстүрімізге кереғар дүбәра дүниелер – фильмдер, сериалдар, бейнеклиптер, басқа да қаптаған сүреңсіз әдет-дағды жасыл құрақты белінен үзіп, күш қолданбастан бағындырып жа­тыр, өрендеріміздің өресін улауда. Еуропаға еліктеймін деп өзінің ұлттық салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын қарадай жо­ғалтып алуда деген дабылымыз мыңның болмаса да онның құлағына жетсе екен деген үмітпен тағы да осы­ мәселеге қайта айналып соғуға мәж­бүрміз.

Кумир

Мұндайда бір қаскөйдің: «Ұлттың көзін жою үшін қара күш жұмсап қажеті жоқ, тек сол елдің жастарына ұдайы үзбес­тен азғын, арзан музыканы тыңдата беру керек», деген қағидасының ар жа­ғында қандай жымысқы ниет бой тасалап жатқанын еске түсіруіңе тура келеді. Бұл ретте әсіресе, телеарналар­ өнімдерінің әсері алабөтен.

Бағып-қа­ғып, бетіне қарап отырған толған айдай толықсыған ұл-қыздарыңның әдет-әдебі мен мәдениет-мәнерін қалыптастыруда «көгілдір экран» үлкен рөл атқарса, енді бұған әлеуметтік желі қосылғанда қауіп екі есе ұлғайды.

Ұрпағының тәрбиесін кім көзден бір сәт те таса қалдырмай, күндіз-түні қадағалап отыр дейсіз? Әр жасөспірімнің қолында қазір бір-бір қымбат ұялы телефон. Олар интернеттен күнделікті нені тыңдап, көріп жүргенін қайдан білесіз? Мұнда олар тек жақсылық иі­рімдерімен сусындап жатса мейлі-ау, со­ны­мен қатар зиянды, теріс әдеттерді иемденеді, спутниктік телеарналардағы күлдібадам дүниеге қарап ой түзейді. Көшеде келе жатқанда, үстел басында тамақ ішіп отырғанда ұялы телефоннан көзін алмайтын ұрпақтың бүгінгі интернеттегі кумирлері кім, кімді пір тұтады, кімге еліктеп-солықтайды? Осы туралы ойымызды ортаға салғымыз келеді.

Әлеуметтік желідегі жазбаларға назар аударып, оқи жөнелсеңіз, олар­дың да өзіне тән өмір-өзені сырғи жөң­кіп, уақыт көшімен бірге ағып бара жат­қаны сезіледі.

Мәселен, Кеңес Одағы тұ­сындағы жастардың кумирі Виктор Цой­ды пір тұтқан фанаттары әлі күнге дейін оның сол асқақ рухта шырқалатын дауылпаз әндерін орындап, рухын шалқытады. Әншінің бейнесі, еркіндік аңсаған әндері өктемдік пен озбырлыққа қарсы қоғамның ортақ қарсылығы, шындықтық шырылдаған өршіл үні ретінде қабылданады. «Отан-Ана» әнімен күллі қазаққа мәлім Батырхан Шүкеновтің кумирлері де әншінің мезгілсіз қазасына солай күйзеліп, эстрада жұлдызының танымал әндерін қайта-қайта әлеуметтік желі арқылы қамыға бөлісті.

Тіпті мәскеулік достары арнайы телебағдарлама әзірлеп, ардақтап аза тұт­ты... Бірақ соңғы уақытта көңілге оғаш тү­йілетін басқа жайтқа жиі тап болудамыз. Мәселен, лауазымды қызмет атқаратын адам­дарды пір тұту, жағымпаздану, ман­сап пен атағына қарай құрметтеу, бас­шының алдында құрдай жорғалап, жаны қалмай жалбақтау, жағыну тәрізді даңғой дағдылар әр-әр тұстан тышқанның көзіндей жылт еткен сәтте көңіліңді кірбің шалады. Сол сияқты кумирін байлардың, басшылардың арасынан іздейтін жандар бар. «Біздің маңдайымызға сіздей жанның тап келгеніне қуанамыз, өзі­ңіздей халықтың қамын жейтін адал, әділ жандар жасай берсін» деп өзінен лауа­зымы жоғары адамның жасына қарамай жалпақтап, астына көпшік қоя сөйлеуді әдетке айналдырған жасамыс жантықтардың да кездесіп қалып жататыны жанға батпай қоймайды. Бірақ ондайлардың әлгі кісі аттан түсіп қалған күні-ақ әп-сәтте өзгеріп, бастапқы ойынан тез тайқып шыға келетінін айтсаңшы бәрінен.

Бұларға қарағанда тек өнер жұлдыздарын, белгілі спортшыларды, та­нымал тұлғаларды кумирі санайтын жастардың адамдық айнасы әлдеқайда шуақты әрі көш ілгері тұратыны мәлім. Ілгеріде ауылдың қара домалақ балаларынан: «Өскенде кім боласың?» деп сұрағанда, таңдайлары тақылдап: «Юрий Гагарин сияқты ұшқыш боламын», – дейтін. Айға, аспанға, жұлдыздарға қа­рап қиялданатын. Балғын сана көкке өр­леп, биіктерді бағындырғысы келетін, ас­қақ арманы ақ бұйра бұлттардың ар жағынан жарқ ете қалардай қияға қимай көз тігетін. Интернеттің илеуіндегі кейінгі жас ұрпақтың арманы одан басқашалау. Неге бұлар: «Келешекте өскенде Тоқтар Әубәкіров сияқты ғарышкер болғым келеді» демейді. Айшуақ аспанға қол созып, көкжиектен көсіле өрнек іздейтін арманшыл жандар қай қиырларды шарлап жүр екен-ай, ә!

Бүгінгі күнде ток-шоу жанрындағы жобалардың көптігі сондай, кейбір теле­визиялық жеңіл өнімдер жұртты ығыр етіп, зығырданын қайнатып бітірді.

Кейбір балаларға арналған телебағдарламаларды жүргізуші балғындардың баттастыра боялған бет-әлпеттерін, үстеріндегі киім үлгілерін көргенде мыналарға қа­рап кімдер еліктейді екен өзі деген ой­дың ойпаңына омақаса құлап кете жаз­дайсың... Баяғыда Әуезов театрынан Сәбира, Бикен, Шолпан, Фарида апаларымызды бір көру, әсем де қоңыр дауыстарын естудің өзі адамға бір ерекше сезім сыйлайтын. Ол кездің жастары кумирін театрдан, кинодан іздейтін. Өнер жұлдыздарына, танымал музыканттар мен актерлерге, спортшыларға жалпы рухани ортаға мәлім тұлғаларға еліктеп-солықтайтын. Беу, дүние-ай десеңші!