Бәрінен бұрын Мәжілісте «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» Парламенттік тыңдау өткізіліп, халыққа нақты ұсыныспен шығуы ұнады. Ендігі әңгіме осы төңіректе болуы керек деп ойлаймын.
Жетінші сыныпта оқып жүріп, каникулға шыққанымда оқитын басқа ештеңенің реті болмай қолыма отызыншы-қырқыншы жылдар аралығында латын әліпбиімен басылған кітап түсті. Қой бағуға шыққанымда өрісте ат үстінде отырып, кейде қыр төскейінде жантайып жатып, әлгі кітапты ежіктеп оқи бастадым. Ақыры үйреніп кетіп, судыратып оқитын дәрежеге жеттім. Демек зейінін салған адам латын әліпбиінде жазып, оқуға шапшаң жаттығып кетеді деп ойлаймын.
Атырау облыстық мемлекеттік архивінде сақталған неміс басқыншыларымен болған соғыстың аяқталар тұсында қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры Мұса Баймұқановтың жеке ісіндегі оның латын әрпімен өз қолымен жазған өмірбаянын көріп, көшірмесін түсіріп алдым. Каллиграфиясының өте әдемілігі және сауаттылығы тәнті етті. Бұған қарағанда, көкейімде бүгінгі және келер ұрпақ та, тіпті жасымыз жетпістен асып сақа тартқан біз де бара-бара осылай төгілте жазып кетеріміз хақ деген үміт ұялады.
Парламенттік тыңдауда ұсынылған қазақ/латын әліпбиінің 25 таңбасын көргенімде ағылшын/латын графикасында бар, клавиатурада тұрған X әрпі неге жоқ, оның орнын қандай таңба басады деп бас қатыруыма тура келді. Бұл жайтқа мен сөйлесіп, өзара пікірлескен басқалар да алаңдамай қалмапты. Ойымызды оқып қойғандай болған қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов өзінің «Егемен Қазақстан» газетінің таяудағы 26 қыркүйек күнгі санында жарияланған «Латын графикасы мен ағылшын тілінің әлем өркениетіндегі орны» деген мақаласында X таңбасын есептен шығарып тастағандарымен келіспейтіндігін ашық айтып, олай деуінің себептерін алға тартыпты. Өте орынды-ақ.
Ол қалай дегенде де керек таңба. Парламенттік тыңдауда латынша Hh таңбасын кирилше қосарланған Хх/һһ таңбалары ауыстырады деп ұсынуы үйлесіңкіремейді. Екеуінің соңғысын сол орнында қалдырып, қазақ/латын әліпбиіне 26-шы әріп етіп X-ны кіргізген дұрыс деп есептеймін. Сондай-ақ тыңдауда ұсынылған латынша C таңбасы (ол кирилше Ц әрпін айырбастайды делініпті) өз орнында тұрмай тұрған жоқ па деген күдік бар. Себебі, бұрын ЦентрКредит деген сөз латынша банк маңдайшаларында CenterCredit деп жазылып жүрді емес пе? Сонда латынша C кирилше қайсысына тиесілі, Ц-ға ма, К-ге ме? Біреуін таңдау қажет тәрізді. Әрине, бұл өз ұсыныстарым ғана. Мамандар, көпшілік талқылауы не дейді, оған құлақ аспай болмайды.
Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның
Құрметті журналисі
Атырау