Қазақстан • 10 Қазан, 2017

Алматыда «Алаш ұлағаты» атты кітаптың тұсауы кесілді

508 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық кітапханада өткен Алматы қалалық әкімдігінің ішкі саясат басқармасына қарасты Қайым Мұхамедханов атындағы қоғамдық қор ұйымдастырған «Алашордалықтар және олардың халыққа қызмет етуі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция барысында «Алаш ұлағаты» атты кітаптың тұсауы кесілді. 

 

Алматыда «Алаш ұлағаты» атты кітаптың тұсауы кесілді

Алашордалықтардың ұрпақ­та­ры, ғалымдар, тарихшылар, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері мен жастар қатысқан кон­ференция барысында ұлы Мұх­тар Әуезовтің шәкірті, ақын, жазу­шы, драматург, ғалым Қайым Мұ­ха­медхановтың қызы Дина Қа­йымова қазіргі қоғамның рухани жаң­ғыруына қатысты мәселелер қоз­­­ғалғанда Алаш қайраткерлерінің мұрасына да тереңірек үңілу керек­тігіне тоқталды. 

«Халқымыздың рухани­ жаң­ғыруы – тарих бетіндегі көмескі тартқан шындықтарды бүгінгі ұр­пақ санасына қайта тоқылуы. Осы тұс­та Әлихан Бө­кейханов, Ахмет Бай­тұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұ­­мабаев, Халел Досмұхамедов, Мұ­хамеджан Тынышбаев, Халел Ғаб­басов, Отыншы Әлжанов, Мұ­ха­медхан Сейітқұлов, Әлім­хан Ермеков сынды Алаш қозғалы­сының көшбасшылары мен қайрат­керлерінің халқына сіңірген еңбе­гін қастер тұтып, оларды жадыдан шығармауымыздың өзі руха­ни жаңғыру жолындағы бас­ты міндетіміз. Кеңестік билік арыста­рымыздың аты-жөнін де, олардан қалған барлық естелік-мұраларды да жойып, мүлдем ұмыттырып жі­­беруге қанша тырысқанымен, олар­дың Мұхтар Әуезов, Қа­йым Мұхамедханов сияқты ізбасар­ларының арқасында халқымыз Алаш рухымен қайта қауышты, деп атап өтті Дина Қайымқызы. 

Қайым Мұхамедхановтың шә­кірті, белгілі ғалым Ербол Іргебай жүр­гізген аталмыш басқосуда Ах­мет Байтұрсыновтың, Асылбек Сейітовтің, Қошке Кемеңгеровтің, Отыншы Әлжановтың, Төребек Ос­мановтың асылдың сынығындай, тұл­пардың тұяғындай бүгінгі ұр­пақ­тары Айман Байсалова, Клара Сейітова, Гүлнар Кемеңгерова, Гүл­фариза Отыншиева, Дариға Османова жиналған қауым ортасында өз естеліктерімен бөлісті. Ал­ алашордалықтардың халыққа сіңір­ген еңбектері жайлы баяндама жа­саған филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова. «Алаш қайраткерлерінің ізбасары бол­ған Мұхтар Әуезов, Әлкей Мар­ғұлан сынды ұлы тұлғалар Кеңес өкі­­меті тұсында өз ұстаздары туралы шындықты ашық айта алмады. Бірақ Мұхтар Омарханұлы өзінің со­ңынан ерген жас шәкірті Қайым Мұхамедханұлын Абайтануға бау­лып, Абай арқылы Алаш идеясын көтерген Әлихан, Ахмет бабала­рымыздың мұрасын келешек ұрпаққа жеткізуді аманаттады»,  деді.

Жиын барысында Алаш қоз­ға­лысы қайраткерлері мен көш­бас­шы­ларының халқымыздың тари­хы мен мәдениеті, саяси өмірі мен шаруашылығы, ел тәуелсіздігі туралы өткен ғасырдың 20-шы жылдары баспасөз беттерінде, әдеби-пуб­­лицистикалық шығармаларында жа­зып қалдырған, бүгінгі өмірімізде де өз мәні мен мағынасын жоймаған тұ­жы­рымды ой-пікірлері, таңдамалы дәйексөздері топтастырылған «Алаш ұлағаты» атты кітаптың тұсау­кесері өтті. Жалпы көпшілікке, тәрбие­шілер мен оқытушыларға арналған бұл­ шағын әрі құнды кітапты «Қа­йым Мұхамедханов атындағы Білім және мәдениет орталығының» бас­тамасымен тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Амантай Исин құрастырған екен.

Сондай-ақ Алаш қозғалысының 100­ жылдығына орай өткізіліп отыр­ған аталмыш ғылыми-тә­жірибелік конференцияда абайтанушы, ғалым Қайым Мұха­медхановтың жеке ар­хи­вінен, Шы­ғыс Қазақстан облы­сының мұ­рағаттық қорынан, Се­мей қа­ласы Тарихи-өлкетану мұ­ражайынан және Орталық мем­лекеттік мұ­ра­жайдан алынған Алаш­орда қай­раткерлерінің өмірі мен қыз­меті туралы кеңейтілген фо­то­материалдар мен құжаттар қо­йыл­ған көрме ұйымдастырылды. 

 

Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ