Қазіргі кезде аға буын өкілдерінің құқықтарын қорғау мәселелері жаһандық деңгейде жиі-жиі күн тәртібіне шығарылып жүр. Мәселен, БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес құрылған ашық құрамды жұмыс тобы тиісті халықаралық конвенцияны әзірлеуді қарастыру үстінде.
Омбудсменнің үндеуінде Үкіметтің аға буын өкілдерінің өмір сүру сапасын жақсарту, олардың қоғамдық өмірдің барлық салаларына толыққанды қатысуына жағдай жасау бойынша атқарып жатқан шараларының маңыздылығы, Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес зейнетақылар 20%-ға арттырылғаны, бұл әлеуметтік саясат саласында қабылданған шаралар, табысы күнкөріс деңгейінен төмен тұрғындардың үлесін 2,5 есе азайтуға мүмкіндік беретіні атап көрсетілген. Дегенмен Омбудсмен атына келіп түскен шағымдардың талдамасы және мониторинг жұмысының нәтижесі егде жастағы адамдар құқықтарын қамтамасыз етуге кедергі келтіретін кейбір мәселелердің бар екенін нақты көрсетіп берген.
Үндеуде ең алдымен, осы санаттағы азаматтардың өз құқықтарын жүзеге асыру кезінде тәуелсіз құқықтық мәртебесін айқындайтын, реттейтін бірыңғай, жүйелендірілген құжаттың жоқтығына назар аударылған. Осындай құжаттың болуы, мысалы, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодексінде көзделген балалар, әйелдер, әскери қызметшілердің құқықтарына ұқсас, егде жастағы адамдардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз етуге негіз бола алады.
Сонымен қатар Омбудсмен медицина қызметкерлерінің созылмалы аурулары бар егде жастағы науқастарға тиісті медициналық көмек көрсетуден бас тарту жағдайына, сондай-ақ емханаларда гериатриялық бөлімшелердің және білікті мамандардың жетіспеушілігіне назар аударған. Бұдан басқа еліміздің барлық өңірлерінде, соның ішінде ауылдық жерлерде егде адамдарға гериатриялық және геронтологиялық көмек көрсету мүмкіндігін қарастыру ұсынылған.
Осы арада айта кетейік, көптеген қарт адамдар үшін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша дәрілік заттардың тізіміне енгізілмеген қажетті дәрі-дәрмектер өзекті болып табылады. Осыған байланысты, егде жастағы адамдардың ауруларын ескеру үшін осы тізімді қайта қарау ұсынылды. Сондай-ақ үндеуде еліміздің бірқатар облыстарында әлеуметтік дәріханалар жұмыс істейтіні, онда әлеуметтік осал санаттағы азаматтар дәрі-дәрмектерді төмен бағамен сатып ала алатыны, бірақ көптеген ауылдар мұндай дәріханалармен қамтылмағаны айтылған.
Сондай-ақ Омбудсмен еліміздің өңірлерінде санаториялық-курорттық емдеудің тәртібі әртүрлі екеніне назар аударған. Атап айтқанда, кейбір облыстарда емделудің бұл түрімен зейнеткерлік жастағы барлық адамдар қамтылса, ал бірқатар аймақтарда бұл игілік Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, оларға теңестірілген тұлғаларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарға ғана қаралған. Осыған байланысты үндеуде еліміздің өңірлерінде аталған қызметтердің аға ұрпақ өкілдеріне тең дәрежеде қолжетімді болуын қамтамасыз ету мәселесі қозғалған. Бұдан бөлек, осы топтағы азаматтарға медициналық, әлеуметтік, мәдени, көлік, қаржы қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде, әсіресе ауылдарда егде адамдардың жағдайын мұқият зерделеу қажеттігі атап өтілген.
Тағы бір айта кетер жайт, егде жастағы көптеген адамдардың зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін қоғам өміріне белсене араласуы, олардың әлеуметтік мәртебесін, экономикалық тәуелсіздігін сақтау және жинақталған интеллектуалды әлеуетін және кәсіби тәжірибесін жүзеге асыруға мүмкіндік беру аса маңызды. Осыған қатысты Омбудсмен еңбек заңнамасында аталған санаттағы азаматтардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу тетіктерінің жоқтығына, зейнеткерлік жасқа жеткен және жұмыс істегісі келетіндердің кәсіби бағдарлануына көңіл аударған. Осы орайда үндеуде зейнеткерлік жастағы адамдардың жұмыс тәжірибесі мен интеллектуалды әлеуетін ескере отырып, оларды жұмысқа орналастыру тетіктерін әзірлеуді ұсынған.
Ақпараттық-телекоммуникациялық технологиялардың және цифрландыру бағытының дамуына байланысты, егде жастағы азаматтардың компьютерлік сауаттылығын көтерген жөн. Өйткені олар үшін заманауи ақпараттық технологияларды қолдану қажет. Осы орайда егде жастағы адамдар үшін арнайы оқу курстарын ұйымдастыру бойынша Астана, Алматы қалалары мен Шығыс Қазақстан облысындағы ҮЕҰ тәжірибесінің назарға алынғаны абзал.
Үндеуде кейбір азаматтардың өздерінің егде жастағы ата-аналарын қарттар үйіне апарып тастауына қатысты алаңдаушылық білдірілген. Көбінесе тұрмысы жақсы, қаржылық жағдайы тұрақты балалары бар егде адамдар қартайған шағында өз қамын өзі ойлауға немесе жоғарыда көрсетілген мекемелерде тұруға мәжбүр болады. Конституцияның 27-бабы, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 145-бабына сәйкес кәмелетке толған, еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті.
Қорыта айтқанда, барлық қазақстандықтардың, соның ішінде егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, тиісті мемлекеттік қызметтерді көрсету Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалармен сәйкес келеді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»