Мәнісі мынау. Айға орыс, қазақ және неміс көшіп барады. Неміс бара сала үй салуға кірісіп кетеді. Орыс мұжығы бау-бақша өсіреді. Ал, бірге келген қазақ ұшты-күйлі жоқ.
Күз болады. Орыс бау-бақша өнімдерін, арақ-шарабын көтеріп, немістің үйіне келеді. Үй жайлы. Жып-жылы ұядай.
– Сенде үй бар. Менде азық-түлік бар. Бірге тұрайық, – дейді орыс. Неміс келіседі.
Екеуі ас іше бергенде есік ашылып, қазақ кіріп келеді.
– Сержант Пәленшеев. Қоныстарың құтты болсын. Танысып қоялық. Мен сендердің «учасковойларыңмын».
Мемлекет басшысы әзіл ретінде айтқанымен, ұлы абыз Абай мінеген жалқаулықтан арыла алмай жүргеніміз рас. Бәрі бірдей болмаса да үй, қора салып, бау-бақша өсіргенде қоңсы ағайындардың көмегіне жүгінетіндігіміз және рас.
Оңай жерден пайда тапқысы келген жалған полицей Шымкент қаласында да пайда болыпты. Үстінде ине-жіптен жаңа шыққандай полиция офицерінің киімі, қолында құжаты бар, дүкенге кіріп келген ол заң бұзушылық фактілерін айта бастайды. Зәресі кеткен дүкен қожайыны «айыппұлын» қолма-қол төлеп жібереді. Дәніккен полицейдің еркінсігені сонша ақша, телефон алудан бөлек, тоңазытқыштарды ашып қарап, қалағанын ала бастаған.
Күдік алған дүкен иелерінің бірі жалған полицейді әңгімеге тартып тұрып, облыстық ІІБ қызметкерлеріне хабар береді.
Қылмыс үстінде ұсталған ол қаладағы Абай аудандық полиция бекетінде қамауда отыр.
Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Біреудің мүлкін бопсалау арқылы пайда тауып келген жалған полицей енді шын полицейлерге жауап беріп жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы