Көпшілікке портретші ретінде танымал болған Тоққожа Мұқажанұлы өз туындылары арқылы адамдар образының көпқырлылығын, әр тағдыр иесінің қайталанбас жан-дүниесін ашып көрсете білер шебер, ғарыштық құпиямен астасып жатқан мың қатпарлы сезім қылдарын дөп басып таныр дарын иесі екені даусыз. Қазақ халқының Абай, Жамбыл, Мұхтар, Мұқағали сынды біртуар ұлдарының бейнелерінен құралған шығармашылық галереясы арқылы ұлтымыздың ұлы тұлғаларының адамгершілігін мен абыройын асқақтатуды көздейтін суретшінің «Қарасай-баһадүр», «Әйтей батыр», «Бәйдібек батыр» сынды портреттік картиналарынан халық батырларының жадыда сақталар айбынды бейнесін көресіз, «Әкемнің портреті», «Анамның портреті», «Ұлымның портреті» сынды туындылардан жақын адамға деген қастерлі сезімнің, өшпес махаббаттың жылу табын сезінесіз. Ерекше кескіндеме стилін таңдаған, жарық пен көлеңкеге баса назар аударатын суретшінің зор сүйіспеншілікпен орындалған жұмыстарынан адам жанының сұлулығын, адам мен қоршаған орта арасындағы үйлесімділікті байқайсыз.
«Портрет көптеген факторлар әсер ететін аса күрделі шығармашылық акт. Мен жұмысқа кірісер алдында құжат материалдарымен танысып, мұрағаттағы фотосуреттерді мұқият зерттеп алған соң ғана өз ойымды кенепке түсіремін. Жинақталған материалдар мен мұқият зерттеу барысында алған әсерлерімді ой елегінен өткізе отырып, тұлға сипатын жасап шығуға тырысамын», – дейді Тоққожа Мұқажанұлының өзі.
Портрет жанрымен қатар, еліміздің әр аймағының табиғатын, сондай-ақ, өзі туып өскен Хан-Тәңірінің сұлу келбетін де бейнелеуден танбаған шебер шығармашылығында «Жалғыздық», «Тыныштық», «Жан дауысы. 1937 жыл» сынды философиялық ойға толы тақырыптық картиналар да ерекше орын алады.
Орталық мұражай залында ашылған суретші көрмесіндегі акварельмен салынған портреттер сериясына көз салсаңыз, қазаққа жанашыр болған кейбір тұлғалар портреттері фонындағы ерекшелікті, яғни кейіпкер өміріне тиесілі айрықша белгілерді, тұлға тағдырын аша түсер тылсым сырларды аңдайсыз. Қарасай батыр портретіндегі қызыл шұбар жолбарыстың, «Жамбыл тұлғатындағы» қызыл жолбарыстың, Мұхтар Әуезов портретіндегі Абайдың, Сағат Əшімбаев портреті фонындағы құлаған жылқының білінер-білінбес сұлбалары соның дәлелі.
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университетінің 90 жылдығына арналған көрмеге ақын-драматургтар, өнертанушылар, ҚР еңбегі сіңген ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері, жоғарғы оқу орындарының ұстаздары, ҚР Суретшілер одағының және ҚР Дизайнерлер одағының мүшелері, студенттер, автордың туған-туыстары мен достары жиналды.
Айта кетерлігі, Абай атындағы ҚазҰПУ-да 30 жылдай ұстаздық еткен, облыстық, республикалық, жалпы кеңестік және халықаралық көрмелерге тұрақты қатысып, Жамбыл атындағы, М. Мақатаев атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты атанған Тоққожа Қожағұлов шығармалары Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, АҚШ, Түркия, Германия, Жапония және Балтық теңізі жағалауы елдерінің музейлері мен жеке коллекцияларында сақтаулы. Суретші қылқаламынан шыққан 50-ден астам туынды қойылған республикалық деңгейдегі аталмыш көрме 2017 жылдың 16 қазанына дейін жалғаспақ.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ