Еліміздегі аудан орталықтарын айтпағанда қай жағынан алып қарасақ та, қайсыбір қалаларымыздан бір бас жоғары тұратын бұл ауылдық округ республикамызға кеңінен танылғаны белгілі. Әлеуметтік мәселелердің бәрі де толығымен шешіліп, әлеуеті артқан аталмыш ауылға отыз жылдан бері Иван Сауэр жетекшілік етіп келеді. Мемлекет басшысының өзі жиі келіп тұратын Родинаданың бүгінгі санаты «ауылдық округ» болғанымен, бұл жерде өмір сүру сапасы қаладағыдай. Мұнда әрбір үйдің ауласына дейін асфальт төселіп, көшесі бюджет қаражатынсыз толық жарықтандырылған, балабақшасы тегін, заманауи талапқа сай кітапханасы мен мәдениет үйінің қызметі үйлесім тапқан ауыл тұрғындарының барлығы да 100 пайыздық көрсеткішпен жұмысқа тартылған. Міне, сондықтан да бұл ауылды өзгелерге үлгі етіп, өнегесін өзгелер алса дейміз.
«Біз бұл ауылдағы әлеуметтік мәселелердің тиімді шешілуіне жіті көңіл бөліп, етене танысу үшін келіп тұрмыз. Қолданыстағы заңдарымыздың шеңберінде азаматтардың өмір сүру қағидасын қалай жақсартуға болатындығын көзбен көріп, қалың елге үлгі боларлық осындай дүниелерді жарқыратып көрсеткіміз келеді. Бұл Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында нақтыланған талаптарға сай жүзеге асыруға тұрарлық жоба екені сөзсіз. Еліміздің әрбір азаматы өз туған жеріне осылайша ақ адал ниетпен қызмет етсе, Қазақстанның әрбір ауылы керемет көркейген болар еді», деді В.Божко.
Ұзақ жылдар бойы тынымсыз еңбек етіп, ауылды бүгінгідей күйге жеткізген Родинаның директоры Иван Сауэр де депутаттардың бұл сапары тұрғындардың әлеуметтік мәселелерінің шешілу жолына тереңірек үңілуге бағытталғанын айтады.
«Біздің ауылымызда да шешімін табуды қажет ететін кейбір мәселелер баршылық. Десек те, қазіргі жағдайымызды өзгелерге үлгі ретінде ұялмай көрете аламыз. Білім беру мен денсаулық сақтау, мәдениет пен спорттан бөлек, әлеуметтік-тұрмыстық түйткілдер түгел дерлік ұсақ-түйегіне дейін тақлылаудан өтіп, шешімін тапқан. Президент жариялаған «Туған жер» бағдарламасы аясында биылдың өзінде 30 млн теңгеге ауылдық емхана қызметін қайта жаңғырттық. Ауыл іргесінен жаңадан 28 коттедж салу арқылы «Жастар» деп аталатын шағын қалашық ашып, тұрғындардың баспана мәселесін түпкілікті шештік. Мұның бәрі де мемлекеттің бізге бірген мүмкіндіктерінің нәтижесі. Тек, жоспарды жүйелеп, істі үйлестіре алсаң болғаны», дейді ауылдық округтың директоры.
И.Сауэр депутаттарды өз жұмысының нәтижелерімен таныстыра жүріп, ауылды көркейтуге қатысты заңнамалық тұрғыда көптеген мәселелер мен бірқатар қиындық, кедергілердің бар екендігін баяндады.
«Мысалы, көптеген ауыл-аймақтарды дамытуға бөлінетін қаражат көлемі бюджетке төленетін салық көлемімен байланыстырылмайтындығы біздің жанымызға батады. Сол сияқты жергілікті тұрғындар саны 2 мыңнан асатын ауылдарға жеке бюджетінің болуын қамтамасыз ететін ереже сынақ ретінде қолданысқа енді. Өз басым бұл әділетсіз шешім деп санаймын. Егер осы ережеге сүйенсек, қанша жерден салықтық төлемдер арқылы бюджетке қомақты қаржы құйғанымызбен, біздің ауылға жеке бюджетке ие болу құқы берілмейді. Себебі, ауыл тұрғындарының саны – 1 735. Яғни, 2 мыңға жетпейді. Сонымен қатар, «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасының да кейбір мәселелері бар. Ветеринарлық шаруашылыққа қатысты заңдарымызды да түпкілікті өзгертуді қажет етеді. Егер біз Мемлекет басшысы бағытымызды айқындап бергендей ауыл-аймақтарымызды дамытқымыз келсе, заңдарымызда көрініс беретін кемшін тұстарын толықтырып, жетілдіруіміз керек», деді И.Сауэр.
Шаруашылық басында депутаттармен өрбіген әңгіме арасында шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан берілетін субсидия мәселесі де сөз болды. Әсіресе, ел Үкіметінің қолдауымен өз жерімізде өнім өндіріп, онысын сыртқы нарыққа шығару арқылы табысын еселеуге бейім кәсіпорындардың қызметіне мемлекеттік қолдауды тоқтату жайы айтылды. Ал өз кезегінде сөз алған халық қалаулылары заңда бекітілген тәртіппен жұмыс істеу барысында тәжірибеден туындайтын кейбір қайшылықтардың бар екендігін жоққа шығара алмады. Сөйтіп, шаруалар мен депутаттар мұндай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында алдағы уақытта тиісті деңгейде бірлесе жұмыс істейтін болып уағдаласып, тарқаты.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»