Бұлақ басындағы су ішіндегі...
Тіршілік көзі – су мәселесін зерттеумен айналысушы сарапшылардың пікіріне қарағанда, қазіргі кезде су ресурстарына байланысты көкейкесті проблеманың бірі – трансшекаралық су ағысын пайдалануды реттеу болып отыр. Себебі әлемдегі су ресурстарының үлкен бөлігі мемлекеттердің ұлттық шекаралары арқылы өтеді. Мысалы, дүние жүзіндегі 263 трансшекаралық су бассейндерінің үштен бірі екіден астам елдің, 19-ы беске жуық мемлекеттің аумағын басып ағады. Ал бір Дунай өзені 18 елдің шекарасы бойынша өтеді.
Бұл мәселе Орталық Азия өңіріне де қатысты. Өйткені Орталық Азия мемлекеттеріндегі ірі өзендердің барлығы трансшекаралық өзен болып есептеледі. Ондаған жылдардан бері сол трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану жайы Орталық Азия елдері үшін күрделі проблеманың біріне айналды десек, қателесе қоймаспыз. Бұл жерде ең басты мәселе Сырдария мен Әмудария өзендерінен келетін суға байланысты. Аталған екі өзеннің бірі Сырдария өз бастауын Қырғызстаннан, ал екіншісі – Әмудария Тәжікстаннан алады. Осы екі ел өзендерінің ағысы бойынша жоғары орналасқандықтан, Орталық Азиядағы өзге мемлекеттер қырғыз бен тәжік ағайындардың «жомарттығына» тәуелді. Дәлірек айтқанда, су ағынын реттеу тетігі солардың қолында.
Географиялық тұрғыдан қарастырғанда, Сырдария Қырғызстаннан басталып, Тәжікстан арқылы Өзбекстан мен Қазақстанға, Әмудария өзені болса, Тәжікстаннан Түрікменстанға және Өзбекстанға өтеді. Кейбір мәліметтер бойынша, Қазақстан шет мемлекеттерден келетін өзен суына 42 пайыз, Өзбекстан – 77 пайыз, Түрікменстан 94 пайыз тәуелді екен. Ал Қырғызстан мен Тәжікстан осы өзендер суларынан зәрулік көріп отырған жоқ. Мүмкіндігіне қарай табыс та тауып келді. Қырғыз ағайындардың заңнамасында көршілес орналасқан елдердің аумақтарына ағатын барлық су үшін емес, жыл сайын Қырғызстаннан су қоймаларында және басқа да суландыру жүйелерінде жиналатын су үшін ғана ақы төлеу көздеген.
Танымал ғалымдар мен саясаткерлер көп жылдан бері климаттың жылуына байланысты жаһандық деңгейде мәселе көтеріп, дабыл қағып келеді. Олардың зерттеуінше, климат жылынуының теріс салдары орны толмас апатқа соқтырды. Мысал ретінде Қырғызстандағы мұздықтардың еру қабілеттілігін алайық. Өзен жүйелерінің негізгі қоректендіру көзі болып табылатын Орталық Азиядағы мұздықтардың шамамен 45 пайызы Қырғыз елінің аумағында жатыр. Соңғы жылдары осы елдегі мұздықтардың еру белсенділігі еселене түскен. Қырғызстанның қоршаған ортаның жай-күйі туралы ұлттық баяндамасында бірнеше онжылдықта мұз массасының жалпы көлемі 20 пайызға жуық азайғаны көрсетіліпті. Сарапшылар егер осы үрдіс жалғаса беретін болса, 2050 жылға қарай көрші елдегі мұздықтардың 50 пайызы жойылып кететінін айтады.
Кейде бір елден екіншісіне жіберілетін су ресурстарына баға белгілеу жөнінде пікірлер де айтылып қалып жүр. Мұны келтіріп отырған себебіміз, әр текше метр таза су үшін ақша төлеп отырған елдер де бар. Мысалы, АҚШ пен Канадаға, Швеция мен Германияға, Түркия мен Болгарияға тұтынатын таза су танкерлермен жеткізіледі. Бұл мемлекеттерде суды сату және сатып алу мәселесі дұрыс жолға қойылған. Сарапшылар болашақта таза ауыз судың құны мұнайдан да қымбат болады деген болжам жасап отыр.
Жалпы, суға баға белгілеуді Орталық Азиядағы мемлекеттердің барлығы бірдей қолдап отырған жоқ. Дегенмен мұның тиімді жағын да жоққа шығаруға болмайды. Біріншіден, ол өңір елдері арасындағы суға қатысты даулы мәселені оң шешуге ықпал етеді. Екіншіден, өңірді сумен қамтамасыз ету жайын жақсартуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, елдерді жаңа су қоймаларын салуға ынталандырады. Бүгінде біздің елімізде осындай ірі жобалар қолға алынып жатыр, іске қосылғандары да бар.
Суға деген сұраныс еселеп артады
Қазіргі кезде Орталық Азия елдерінде тұратын халықтың саны 70 миллионнан асты. Алдағы кезеңде халық саны бұдан да өсетіні анық. Оған өңірдегі елдердің экономикалық дамуын қосыңыз. Міне, сонда суға деген сұраныс еселеп артады. Су проблемасын жетік білетін Нариман Қыпшақбаевтың келтірген мәліметтері бойынша, трансшекаралық өзендер – Сырдария мен Әмударияның суы Орталық Азиядағы бес мемлекетті сумен қамтуға толық жетпейді. Осы өзендер бойындағы халықтың негізгі өмір сүру көзі суармалы жерден алынатын өнімге тікелей байланысты. Сырдария су бассейнінің жылдың орташа табиғи су қоры 37 миллиард текше метрді құрайды. Ал өңірдегі елдер халқы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Сырдариядан жылына 50 миллиард текше метрге дейін су тұтынып келіпті.
Су ресурстарын сақтау, оны тиімді пайдалану және өзен алқаптарын ұтымды басқаруды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Үкіметі су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіткен. Мұндай мәселеден әлемдік қоғамдастық та қалыс қалмады. Әр жылдары су проблемасына арналған халықаралық форумдарда жоғарыда аталған проблемалар көтеріліп келеді. Өкінішке қарай сол мәселелер әлі толық шешімін тапқан жоқ. Соның салдарынан Орталық Азияда ғана емес, дүние жүзінде су тапшылығы артып, жер үсті және жер асты суларының ластануы белең алып барады. Халықты таза сумен қамту проблемасы айқын сезіліп, трансшекаралық су бассейндерін бірлесіп пайдалануда күрделі жағдай қалыптасып отыр.
Трансшекаралық өзендерге қатысты өткір проблеманың тағы бірі – олардың шектен тыс ластануы. Ақиқатын айтқанда, еліміздегі жер үсті су нысандарының басым көпшілігінің сапасы халықаралық стандартқа сәйкес келмейді деуге болады. Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық сияқты негізгі трансшекаралық өзендер өте ластанған. Олардың ластануы өзендерге түрлі өндіріс орындарында пайдаланылған әрі тазаланбаған судың ағызылуына тікелей байланысты. Біздің еліміздің аумағына осындай өзендер суы негізінен Қытайдан, Қырғызстаннан және Өзбекстаннан ағып келеді. Егер су проблемаларының себеп-салдары жойылмаса, 2025 жылдарға қарай экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуде аса күрделі жағдай қалыптасуы мүмкін.
Әсілі, табиғаттағы су айналымы барысында өзен алқаптарының жер үсті сулары сол аумақтың бірыңғай су әлеуетін құрау арқылы жер асты суларымен байланысып жатады. Ол өзен ағыны ресурстарынан көлемі жағынан аздау болғанымен, жер асты сулары жекелеген тұтынушылар үшін, яғни еліміздің кейбір ерекше аймақтары үшін зор маңызға ие. Ғалым-мамандардың пайымдауынша, мұның теріс жағы да бар. Себебі жер асты суларының барланған қорларын игеру өзен ағыны ресурстарының едәуір азаюына әкеп соқтырады екен. Сол себептен әлемдік тәжірибеде жерасты суларын тек ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған таза судың стратегиялық резерві ретінде қарастыру ұсынылуда. Ал Қазақстан басшылығы осынау ғасыр проблемасына айналып бара жатқан су тапшылығын жою мәселесін әлемдік деңгейде ұдайы көтеріп келеді.
Тараптар мүддесіне нұқсан келмегені жақсы БҰҰ Бас Ассамблеясының 1997 жылдың 21 мамырында қабылдаған Халықаралық су ағындарын пайдалану құқығы туралы конвенциясында трансшекаралық әсері бар немесе болуы мүмкін іс-әрекеттер кезінде трансшекаралық сулардың сипатына ерекше мән беріліп, қисынды және әділетті түрде пайдалануды қамтамасыз ету міндеті қарастырылған. Сондай-ақ БҰҰ-ның шешімдерінде су ағысына ие мемлекеттер ынтымақтастықтарын егеменді теңдік, аумақтық тұтастық, өзара тиімділік және адал ниеттілік негізінде құрады деп көрсетілген. Яғни гидротехникалық нысандардың құрылысы экологиялық жағынан табиғатқа, қоршаған ортаға зардабын тигізбеуі, трансшекаралық өзендер бассейнінде орналасқан барлық мемлекеттердің пайдаланатын су ағысының қалыптасқан балансы бұзылмауы тиіс.
Орталық Азия елдерінде осы талаптар сақталған ба? Қазірге сақталуда деп айта алмаймыз. Өйткені өңірдегі мемлекеттер су-энергетика ресурстарын пайдалану жөнінде бірыңғай мәмілеге келе алған жоқ. Қырғызстан мен Тәжікстан кезінде құрылған Халықаралық су-энергетика консорциумын электр энергиясын өндіру және оны тарату мақсатында су-энергетикалық нысандарды салатын мекеме ретінде қарастырады. Ал Қазақстан мен Өзбекстан үшін консорциум суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етуге кепілдік беретін құжат болып табылады. Сондықтан Орталық Азия өңірі мемлекеттерінің ішкі су қатынастарын реттейтін заң шығарушылық және құқықтық актілерін жақындастыратын, сондай-ақ барлық тараптардың мүдделерін есепке алатын біріккен ұстаным қалыпастыру қажет-ақ.
Орталық Азия елдерінің трансшекаралық өзендер суына байланысты әрқайсының өзіндік ұстанымы мен мүдделері бар. Негізінен ол Тәжікстандағы Рогун ГЭС-і мен Қырғызстандағы Қамбар ата-2 ГЭС-і құрылысының жобаларына қатысты. Өзбекстан тарапы өңірдегі трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану мәселелері сонда тұрып жатқан халықтың мүддесін ескере отырып шешілуі қажет деп есептейді.
Өзбекстандық сарапшылардың пікірінше, Рогун ГЭС-інің құрылысы әділ, тәуелсіз және халықаралық сараптамадан өткізілуі тиіс. Себебі қуаты 3,6 мың МгВт болатын және бөгетінің биіктігі 340 метрді құрайтын Рогун ГЭС-і сейсмикалық қауіпті аймақта орналаспақ. Алып нысанның құрылысына байланысты кезінде Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримов те бірнеше рет қатқылдау мәлімдеме жасаған еді. Ал Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың аталған жобаларға қатысты: «Біз су-энергетикалық құрылымдарды, соның ішінде Рогун ГЭС-і мен Қамбар ата-2 ГЭС-інің жобаларын халықтарымыздың қауіпсіздігі тұрғысынан халықаралық сараптамадан өткізуді талап етеміз», деп айтқан болатын.
Осы Рогун ГЭС-інің құрылысы Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы шекараны белгілеуге де кедергі жасап келген еді. Қазіргі кезде өзбек-тәжік екіжақты қатынасы жандана бастағаны байқалады. Егер Рогун ГЭС-і пайдалануға берілген жағдайда, ол Тәжікстанның электр энергиясына сұранысын толық өтейді. Артылғанын Пәкістан мен Ауғанстанға экспорттамақ. Қамбар ата-2 ГЭС-і жобасының құрылысы қазірге тоқтап тұр. Қырғызстан осы құрылысты жүргізеді деп уағдаласқан Ресеймен арадағы келісім күшін жойды. Ал Қазақстан трансшекаралық өзендер проблемасы халықаралық талаптарға сәйкес ортақ мүдде тұрғысында реттелуін және өзара түсіністік жағдайда шешілуін қалайды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»