Жастардың бойында имандылық, патриоттық қасиеттерді тиімді қалыптастыруға 12 жылдық білімге көшу факторы да қомақты үлес қосуы тиіс. Бұл бағытта бүгінде республика деңгейінде нақты жұмыстар жүргізілуде.
Осы жоба іске асырылса, онда орта білім беру жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу және мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселесі түбегейлі шешілер еді. 12 жылдық білімге көшу реформасын және стандарттарын тағы да жақсарта түсуге және қоғамның, ата-аналардың мүмкіндігін осы іс-шараларға белсенді қатыстыруға баршамыз мүдделі болуымыз керек. Сондықтан 1-сыныптан 6-сыныпқа, яғни 6-13 жас аралығындағы (баланың тұлға ретінде қалыптаса бастауы кезеңіндегі) бала тәрбиесінде ата-ана рөлін және жауапкершілігін күшейту мәселесіне байланысты ұсыныстарымыз бар.
Біріншіден, ауылдық және қалалық мектептер арасындағы айырмашылықты жою. Осы бағыттағы шаралар мектепке дейінгі тәрбие мен білімнен бастау алуы керек. Мемлекеттік жалпы орта білім беру стандартына төмендегі толықтыруларды енгізуді қажет деп есептейміз. Яғни мемлекеттік жалпы орта білім беру стандартының құрылымына тағы бір білім беру деңгейін – мектепке дейінгі білім беру деңгейін қосу және оны Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңына ресми енгізу, осы деңгейге сай нақты мемлекеттік білім беру стандартын дайындау, бекіту және оны заңды түрде өмірге енгізу керек. Сонда елімізде орта білім берудің ресми түрде төрт деңгейі анықталған және енгізілген болар еді. Бұлар – мектепке дейінгі тәрбие және білім беру деңгейі; бастауыш білім беру деңгейі; негізгі орта білім беру деңгейі; жалпы орта білім беру деңгейі. Әзірге, «Білім туралы» заңда жалпы орта білім берудің үш деңгейі ғана көрсетілген.
Мектепке дейінгі білім беру деңгейін (стандартын) рәсімдеген және заңдастырған жағдайда ғана барлық мектепке дейінгі білім мекемелеріне бірдей талап қоя алатын боламыз. Мұндай талап бүгінгі нарық экономикасы жағдайында керек-ақ. Сонда ғана барлық бала бастауыш мектепке негізінен бірдей тәрбие және білім деңгейімен келетін болады, мектептегі бастапқы білім деңгейлері негізінен бірдей болады, ал бұл өз кезегінде психологиялық тұрғыда баланың қатарлары арасында өзін емін-еркін сезінуіне мүмкіндік береді және білім беруде, оқытуда балабақшадан бастап орта мектеп бітіргенге дейінгі деңгейлерде бірізділік, мазмұнды сабақтастық сақталады.
Екіншіден, 12 жылдық оқытудың Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартына мына мазмұндағы пункттерді қосу керек деп есептейміз. Биыл республика мектептері бес күндік оқыту регламентіне көше бастауына байланысты сенбі және жексенбі күндерін тәрбиелік бағытта ұтымды пайдалану іс-шараларын енгізуі тиіс. Мысалы, сенбі күнін міндетті түрде мектеп қабырғасында саламатты өмір салты дәстүрлерін қалыптастыруға арнау. Ол күнді «Жақсы дәстүр күні» (басқаша да атауға болар) деп белгілеген абзал.
Бұл күні бастауыш сынып оқушылары мектеп қабырғасында өз таңдауымен (арнаулы спорт секцияларына барып жүргендерден басқалары) жүзумен, спорттық ойын түрлерінің бірімен, классикалық және ұлттық музыка тыңдаумен, классикалық және ұлттық музыкалық аспаптарда ойнауға үйренумен, аэробика немесе балетпен, туризм элементтерінің бірімен, басқа да (мектеп мүмкіндігіне сай) денсаулық сақтау және шынығу, мәдени сауат деңгейін жақсартатын іс-шараларымен міндетті түрде айналысуы тиіс. Арасында қазіргі компьютерлік және IT-технологиялар заманында жас жеткіншектерді кітап (бірінші кезекте классикалық және қазіргі заманғы әдеби, тарихи-әдеби және ғылыми-фантастикалық, поэзиялық кітаптарды) оқуға бет бұрғызу іс-шаралары да қамтылса құба-құп. Сонда жас жеткіншектердің интернеттегі уақытын азайтуға нақты қадам жасалған болар еді. Бұл шараларды ғылыми-практикалық тұрғыда үйлестіруді және тоғыстыруды негіздеуге педагогика және психология саласы, бастауыш мектеп мамандары тартылуы тиіс. Ал жексенбі күнін «Мерейлі отбасы күні» деп белгілеуге болады. Бұл күннің ең басты мақсаты – баланың ата-анамен, ата-ананың баламен мүмкіндігінше бірге уақыт өткізуін қамтамасыз ету, ата-аналарды 6-13 жас аралығындағы баларымен бірге демалуға және пайдалы іспен айналысуға міндеттеу. Яғни баламен бірге үй шаруасымен айналысу, бірге кітапхана, музей, көрме, театр, кино, спорт залдары сияқты мәдени орындарға бару сабаққа дайындалу, бизнес элементтерімен таныстыру, бірге қонақ күту және қонаққа баруға болады. Бастысы, ата-ананың жеткілікті көңіл аударуын қамтамасыз ету. Бұл күні баланың да ұсынысы, сұранысы, тілегі, көңілі ескерілуі тиіс, яғни ата-ана өз баласының тілін табуға тиісті болады. Бұл жерде қатып қалған нақты рецепт жоқ, басты міндет – әр отбасында балаға мазмұнды ұлттық дәстүр негізіндегі тәрбие беруді жүйелі жолға қою. Отбасындағы сыйластық, ынтымақтастық және қамқоршы бола білу міндеті бойынша үлгі көрсету керек.
Біз үшін ең қымбаты – бала. Қай ата-ана баласының жақсы азамат, тұлға болып өсуін тілемейді. Бірақ іс жүзінде осы аса жауапты міндетпен – баланы жүйелі түрде ұлттық дәстүр негізінде тәрбиелеу мәселесімен барлық ата-ана бірдей айналыспайды, қымбат уақытын бөле бермейді. Тіпті бала тәрбиесін өз міндеті деп санамайтын ата-ана да кездеседі.
Міне осындай жағдайда ата-аналардың жауапкершілігін ең болмағанда 6-13 жасқа дейінгі аралықта (балалардың психологиялық тұрғыда қалыптасуының күрделі кезеңінде) қосымша күшейте түсу мақсатында 1-6 сынып аралығында бүкіл оқу жылы бойына міндетті түрде аптаның бір күнін «Мерейлі отбасы күні» ретінде «Білім беру туралы» заңға да, Мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандартының мазмұнына да енгізуді ұсынамыз. Басты идея – баланың бойында кішкентай кезінен отбасылық құндылықтарды, жауапкершілікті қалыптастыру. Осы күнді қазақстандық брендке (өзіндік ұлттық дәстүрге) айналдыруға да болады.
Аталған мәселеге бастауыш мектеп мамандары мен психологтарды тартсақ, көпшілік болып кеңессек, заман талабына сай сапалы тәрбие және білім беруде жақсы нәтижелерге жете алатынымызға сенеміз. Бұл биылғы оқу жылында орта мектептің бес күндік оқу регламентіне көше бастауына байланысты туындаған мәселе.
«Қазақстан-2050» Стратегиясының маңызды басымдықтарының бірі – білім беру. Сондықтан еліміздегі білім беру реформаларының жалпы мақсаты білім беру жүйесін жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімдеу болып отыр. Міне, соған сәйкес, мемлекеттік жалпы орта білім беру стандартының мазмұнына жоғарыдағы ұсынған толықтыруларды енгізу өте қажет деп есептейміз. Біз Елбасының Мәңгілік Ел болуға шақырған үндеуіне берік отбасылық құндылықтарды қалыптастыру арқылы үлес қоса аламыз.
Билібай МҮСІЛІМОВ,
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының доценті
Жамбыл облысы