Каталондықтар деген кімдер?
Каталония – Испанияның ең бай аймақтарының бірі. Халық саны - 7,5 млн. Бұл Испания халқының 16,4%-ын құрайды. Халықтың 95 %-ы каталон тілін біледі. Бұл тіл Еуропада кең тараған тілдер рейтингінде 9-орында тұр. Бірақ Еуроодақтың ресми тілдер тізіміне енбеген. Каталондықтардың өз дәстүрі, мәдениеті, мыңжылдық тарихы бар.
Каталон этносы орта ғасырларда Арагон патшалығы кезінде қалыптасты. Ал Испания патшалығы 1469 жылы Арангон патшасы ІІ Фердинан мен Кастилия ханшайымы І Изабелланың шаңырақ құруының нәтижесінде құрылды. Бірақ Испанияның саяси бірігуі ХV ғасырда аяқталды.
Каталония Испаниядағы азаматтық соғысқа дейін 1936-1939 жылдары толық құқықты автономия болды. Бірақ Франсиско Франко диктатурасы кезінде (1939-1975 жылдары) автономия құзыреті азайды. Тек 1978 жылы жаңа Конституция бойынша Каталония қайтадан толық автономияға айналды.
2006 жылы автономия туралы жарлық шығып, жергілікті биліктің құзыреті мен қаржылық рөлі артты. Испания билігімен байланыс бір жүйеге келді. Құжатта Каталония жеке ұлт ретінде танылды. Бірақ 2010 жылы Конституциялық сот жарлықтың күшін жойып, каталондықтарды жеке ұлт ретінде танудың еш қажеттілігі жоқ екенін айтты.
Бұрын референдум болды ма?
2010 жылы аталған жарлық өз күшін жойған соң Каталонияның әділет кеңесі аймақтағы құқықтық жүйеге жауап бермейтін болды. Жергілікті банк жүйесінің рөлі азайды. Федералды бюджетке бөлінетін қаржы көлемі артты. Бұған наразы болған халық тәуелсіздік туралы идеяны қолдай бастады. 2014 жылы мемлекет кірісінің төмендегеніне, автономияның әлсірегеніне наразы халық референдум өткізді. 2 млн дауыс берушінің 80 %-ы тәуелсіздікті қолдайтынын білдірді. Бірақ референдум заңсыз деп танылып, Каталония үкіметі - Женералитат конституцияға қарсы әрекет етті деп айыпталды. Ал 2015 жылы 9 қарашада Каталонияны Испаниядан тәуелсіз ел деп танитын резолюция қабылданды. Екі күннен кейін оның да күші жойылды. 2 желтоқсанда Испанияның Конституциялық соты Каталонияның тәуелсіздігі туралы декларациядан бас тартты.
Референдум-2017 қалай басталды?
Биыл 6 қыркүйекте жергілікті парламент жаңа референдум туралы заң қабылдады. Келесі күні оның күші жойылды. Соған қарамастан Карлес Пучдемон референдум алдағы үш аптада өткізілетінін мәлімдеді. 11 қыркүйек күні Каталонияның ұлттық күні - Диаданы мерекелеу барысында 1 миллионнан астам адам көшеге шығып, тәуелсіздікті қолдайтындарын білдірді.
Сонымен, референдум қалай өтті?
- 1 қазан: Каталония орталық үкімет пен Конституциялық сот шешіміне қарамастан референдум өткізді. Карлес Пучдемон тәуелсіздікті қолдаушылар жеңіске жеткенін мәлімдеді;
- 2 қазан: Еурокеңес референдумды заңсыз деп таныды. Тәуелсіз Каталония Еуроодақ мүшесі бола алмайтынын мәлімдеді;
- 3 қазан: Испания патшасы VI Фелипе телеэфир арқылы референдум өткізушілерді билікті сыйламайды деп айыптап, конституцияның бұзылғанын айтты;
- 4 қазан: Карлес Пучдемон алдағы уақытта автономия өз тәуелсіздігін жариялайтынын айтты;
- 5 қазан: Испания премьер-министрі Мариано Рахой Каталония билігін тәуелсіздік жариялаумауға шақырды. Конституциялық сот автономия парламентіне дүйсенбі күні жиын өткізуге тыйым салды;
- 6 қазан: Каталония парламенті Пучдемонның сейсенбі күні пленарлы отырыста референдум нәтижесін жариялайтынын айтты;
- 7 қазан: Испания бойынша Каталонияның бөлінуіне қарсы минтингтер өтті. Ең ірісі Мадридте болды. Оған 150 мың адам қатысты;
- 8 қазан: Барселонада Испанияның бірлігін қолдаушылар шеруі өтті. Ресми деректер бойынша оған 350 мың адам қатысты;
- 9 қазан: Каталония үкіметінің төрағасы Карлес Пучдемон, оның орынбасары Ориол Жункерас, парламент спикері Карме Форкадель тәуелсіздік декларациясына қол қойды. Бірақ Карлес Пучдемон Испаниядан бөліну жөнінде диалогты жалғастыру мақсатында тәуелсіздік декларациясын жариялауды кейінге қалдыруға шақырды.
Парламент отырысы қалай өтті?
Кеше Карлес Пучдемонның парламенттегі сөзі жоспарлағаннан бір сағатқа кеш басталды. Ол сөз басында ешқандай қысым көрсеткісі келмейтінін, тек арадағы шиеленісті басуға ниетті екенін айтты. Бірақ Мадридпен келіссөздер жүргізу туралы ойына Испания билігі түбегейлі қарсы шықты. Карлес Пучдемонның айтуынша, 1 қазанда өткен референдум кезінде автономия тәуелсіздік жариялау туралы мандат алған. "Біз Испанияға қарсы шығып жатқан жоқпыз. Біз дауыс беруге рұқсат сұрап отырмыз. Бірақ тәуелсіздік декларациясын жариялауды кейінге қалдыруды ұсынамыз. Біз бүгін диалогқа ниетті екенімізді білдіреміз" деді Каталония басшысы.
«Карлес Пучдемонның сөзі – өзінің кім екенін, қайда баратынын білмейтін адамның сөзі. Ол Конституциялық сот тыйым салған заңды мойындамайды. Бұл заңсыз әрекет болды», деді Испания премьер-министрінің орынбасары Сорайя Саэнс де Сантамария. Оның айтуынша, каталониялықтардың басым бөлігі республика формасындағы тәуелсіздікті қаламайды.
Еуроодақ не деді?
Еуроодақтың кейбір елдері референдум өтпей тұрып өз қарсылықтарын білдірген болатын. Еуропа комиссиясының президенті Жан-Клод Юнкер Испания парламентін қолдайтынын, бірақ референдумның нәтижесіне де сыйластықпен қарайтынын айтты. Сонымен қатар ол Каталония тәуелсіздік алса, басқа да мемлекеттер сияқты Еуроодаққа кіру туралы өтініш бере алатынын, бірақ Испанияда вето құқығы болатынын да ескертті.
Германия канцлері Ангела Меркель Испанияның ішкі істеріне араласпайтынын, бірақ елдің біртұтастығын қолдайтынын айтты. Франция билігінің де мәлімдемесі соған саяды.
Тәуелсіздікті қолдау: Эстелада деген не?
Каталонияның бөлінуі туралы референдум халықты да екіге бөлді. Бірі қолдады, бірі қарсы шықты.
Жақында өткен референдумға халықтың 43%-ы қатысып, оның 90,18%-ы тәуелсіздікті қолдады. Дауыс беру көрсеткіші Таррагон қаласында өте төмен деңгейде болды. Себебі жергілікті билік референдум өткізуге ғимарат беруден бас тартты. Дегенмен, референдумға дейін де, кейін де тәуелсіздікті қолдау символдары қалыптасып үлгерді. Мысалы, "Si" (иә) деген жазуы бар жалау, демократия деген жазуы бар плакаттар.
Каталония тәуелсіздігін қолдаушылардың басты символы – эстелада - каталон жерінің ресми емес туы. Оның сол жағында көк үшбұрыштың ішінде ақ түсті жұлдыз бар. Тәуелсіздікті қолдаушылар сонымен қатар Каталония әнұранын айтады. Көшеге ыдыспен шығып дабыл қағу да өзіндік белгіге айналды. Ал референдумды қолдамайтындар көбіне үйлеріне Испания туын іліп қояды. Ал лозунгтерінде Пучдемонға наразылық білінеді.
Каталония тәуелсіздігі Испанияға қалай әсер етеді?
Испанияның 1978 жылы қабылданған Конституциясы бойынша біржақты шешіммен тәуелсіздік алу мүмкін емес. Ол үшін жалпыұлттық референдум қажет. Ал өткен референдумда дауыс беру тек Каталонияда өтті. Тіпті, тәуелсіздік алған күннің өзінде бұрынғы автономияны бірден қолдай кететін мемлекеттер аз.
Испанияның энергетика, туризм және цифрлы технология министрі Альваро Надаль Бельда референдум Испанияның экономикасына, туризм индустриясына әсер ететінін айтты. Ал Испанияның экономика министрі Луис де Гиндос Financial Times-қа берген сұхбатында Каталония автономия болып қалса, Испания бұл автономияға бөлінетін қаржыны арттыра алатындарын айтты. Орталық биліктің мұндай шешімге дайын болуының басты себептерінің бірі - Каталония жыл сайын шетелге 65,1 млрд еуроның тауарын экспорттайды. Оның үштен екісі Еуроодақ елдеріне жіберіледі. Бұл өңірлер арасындағы ең үлкен көрсеткіш. Сонымен қатар елде жұмыссыздық деңгейі 13,2 %-ды құрайды. Испанияның ІЖӨ-нің 19 %-ы Каталонияға тиесілі.
Жоғарыда айтқанымыздай, Каталония халықтың табысы бойынша да ең бай өңір саналады. Сондай-ақ Каталония төлейтін салық бюджеттен бөлінетін қаржыдан да асып түседі. Автономия Испанияның мемлекеттік қазынасына 62 млрд еуро құяды.
Каталония бөлініп кетсе, Испанияның қор нарығы да құлдырайды. Себебі Каталонияда испан қор нарығына кіретін 6 компания орналасқан. Сонымен қатар тәуелсіздікке деген ұмтылысынан мемлекеттің екінші деңгейлі банктері де зардап шегуі мүмкін. Bloomberg дерегіне сүйенсек, Испаниядағы халықаралық ірі компаниялардың көбі Каталонияда шоғырланған. Бірақ, олардың кейбірі бас кеңселерін басқа қалаларға ауыстыратындарын мәлімдеп үлгерді.
Гүлнұр Қуанышбекқызы,
"Егемен Қазақстан"