Табалдырығымыздан аттаған 2010 жылды алдағы атқарар қыруар істер мен маңызды шаралар тұрғысынан мазмұнды және межелі жыл деуге болады. Ең бастысы, бұл біздің еліміз үшін дәл осындай маңызға ие.
Биылғы жылдың ең басты оқиғасы – Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі. Себебі, біздің еліміз ТМД-ға мүше елдердің, азиялық мемлекеттердің және түркітілдес қоғамдастық арасында тұңғыш рет айтулы мәртебеге ие болып отырғандығын ауыз толтырып, тілге тиек етер жөніміз бар. Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқанындай, бұл біздің жалпыұлттық жобамыз әрі біздің қол жеткізген ұлан-асыр жетістігіміз екендігіне дау жоқ.
Екіншіден, республикамыздың болашақта қарыштап дамуында маңызды рөл ойнайтын жаңа кезең, XXІ ғасырдың жаңа онжылдығы табалдырығымыздан аттап отыр. Бұл “Қазақстан – 2030” ұзақмерзімді даму бағдарламасында айқындалған. Сондықтан да есігімізден енген жаңа онжылдық экономиканы модернизациялау, қоғам мен мемлекетті әрмен қарай демократияландыру секілді үлкен жүктерді иығымызға артып отыр.
Және де ең маңыздысы, егемен Қазақ елінде тұңғыш рет елді қарқынды инновациялық индустриаландыруды мақсат тұтқан бесжылдық бастау алды. Асылында, алдағы жылдары біз жаңа экономиканың іргетасын қалап, капиталистік қоғамға тән өнеркәсіп әдісінің экономикалық циклға тигізер жағымсыз кезеңдеріне қарамастан, тұрақты және қарқынды даму үшін жүйелі жағдай қалыптастыруға тиіспіз.
Мен бұл мақаламда еліміздің Еуропадағы беделді ұйымға төрағалық етуі барысында қолға алынар гендерлік мәселелерге айрықша тоқталғым келіп отыр. Қазақстанда гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істеуде. Бұл жерде бір жәйтті ескере кеткен жөн, Елбасы жанынан құрылған барлық органдардың ішінде, бұл комиссия мақтан тұтарлық әрі көп нәрсеге міндеттейтін Ұлттық деген атауды арқалап жүр. Қоғамымыздағы нәзік те маңызды мәселелерді шешуді мойнына алған комиссияның негізгі міндеті Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиялық дамуы және 2006-2016 жылдарға бағытталған гендерлік теңдік стратегиясы аясында отбасы, ерлер мен әйелдер теңдігін мұрат еткен мемлекеттің кешенді саясатын және осы тақырыптағы халықаралық келісім-шарттарды жүзеге асыру болып табылады. Бұл келісім-шарттарға:
– Әйелдердің жағдайын жақсарту әрекетінің Бейжің тұғырнамасы (1995 ж.);
– Әйелдерге қатысты барлық түрдегі кемсітушіліктерді жою жөніндегі БҰҰ конвенциясы (1998 ж.);
– Әйелдердің саяси құқығы жөніндегі конвенция (2000 ж.);
– Тұрмыстағы әйелдердің азаматтығы жөніндегі конвенция (2000 ж.);
– Тең бағаланатын еңбекке қатысты ерлер мен әйелдерге біркелкі төлемақы беру жөніндегі Халықаралық еңбек ұйымының 1951 жылғы №100 конвенциясы (2000 ж.);
– Әйелдерге қатысты барлық түрдегі кемсітушіліктерді жою жөніндегі конвенцияға факультативтік хаттама (2001 ж.);
– БҰҰ-ның Мыңжылдық даму мақсаты – оның ішінде “Ерлер мен әйелдер теңдігіндегі жетістіктер, әйелдердің мүмкіндіктері мен құқығын кеңейту” деп аталатын үшінші мақсаты жатады.
Ұлттық комиссияның биік мәртебесі қойылған міндеттерді жүзеге асыруда барлық мемлекеттік органдармен қоян-қолтық араласуға және азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеуіне барлық мүмкіндіктер туғызып отыр. Мемлекеттік гендерлік саясат Елбасы жарлығымен бекітілген Стратегия негізінде жүзеге асырылуда. Бұл тұрғыда Мыңжылдық даму мақсаттары мен Әйелдерге қатысты барлық түрдегі кемсітушіліктерді жою жөніндегі конвенция ережелеріне сүйенген, Қазақстанға арналған гендерлік индикаторлар анықталған.
Стратегияны жүзеге асыру мақсатында Үкімет бекіткен қаулы бойынша іс-шаралар жоспары жасалуда. Бүгінгі таңда 2006-2008 жылдарға арналған, 45 іс-шараны қамтитын Стратегияны жүзеге асыру жоспары орындалып, келесі 2009-2011 жылдарға арналған ортамерзімді іс-шаралар жоспары қолға алынды.
Аталмыш 2009-2011 жылдарға арналған ортамерзімді іс-шаралар жоспарын іске асыру үшін “Ішкі саяси тұрақтылық және қоғамдық келісім саласы бойынша мемлекеттік саясатты жүргізу” бюджеттік бағдарламасы аясында республикалық қазынадан 30 млн. теңге және “Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және отбасылық жағдайды жақсартуды дамыту шаралары” бағдарламасы негізінде 38,4 млн. теңге бөлінген.
Гендерлік теңдік стратегиясында шешім қабылдау деңгейіндегі нәзік жандылардың үлесін 30 пайызға жеткізу көзделген. Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасымен дайындалған “Ерлер мен әйелдердің тең мүмкіндіктері және тең құқықтарының мемлекеттік кепілдігі туралы” Заңына Елбасының қол қоюы қазақстандық қоғамның әрмен қарайғы демократиялануының нақты көрінісі деуге болады. Бұл заңның дайындалуы мен болашаққа жол табуына ЕҚЫҰ, ЮНИФЕМ және БҰҰ-ның Даму бағдарламасы сынды халықаралық ұйымдар зор үлесін қосты. Сондай-ақ, аталмыш Стратегия ұлттық заңнамаға және барлық қайта дайындалып жатқан заң жобаларына гендерлік сараптама жасауды қарастырады. Осы мақсатта принциптері мен негізгі кезеңдері айқындалған нормативтік құқықтық актілер жобасына гендерлік сараптама жасаудың нұсқаулығы дайындалып, бекітілді. Ендігі уақытта, заң жобаларының гендерлік сараптамасы ғылыми сараптама аясында өткізілуі тиіс. Сонымен қатар, барлық деңгейдегі бюджеттерді және әлеуметтік-экономикалық дамудың мемлекеттік бағдарламасын дайындау үдерістерінде гендерлік көзқарасты енгізу қолға алынды.
Әйелдерді қоғамдық-саяси ортаға тарту мақсатында еліміздің барлық аймақтарынан 69 үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірген Әйелдердің көшбасшылығы мектебінің республикалық желісі дүниеге келді. Павлодардағы “Серіктестік орталығы” қоғамдық қоры жанынан Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының әйелдеріне арналған аймақаралық “Көшбасшылар шеберханасы” ашылды. Бұл бастама өзінің алғашқы нәтижесін де бере бастады. Петропавл қаласында тұрғындар арасында көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру және әлеуметтік белсенділігін арттыру мақсатында төрт мектеп және лицейлердің жоғары сынып оқушыларының басын біріктірген “Қалалық гендерлік клуб” ашылды. Сонымен қатар, Қостанай облысының мәслихатында үкіметтік емес ұйымдар және жастармен жұмыс істейтін гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты жүзеге асыру бойынша тұрақты комиссия құрылды.
Бүгінгі таңда шешім қабылдау деңгейіндегі әйелдердің қатысуының жалпы көрінісі төмендегідей. Қазақстан Республикасы Парламентінің құрамында 21 әйел бар. Бұл депутаттардың жалпы санының 14 пайызын құрайды. 3 әйел облыс әкімдерінің орынбасарлары, тағы 3 нәзік жанды аудандарды басқарып отыр. Аудан басшылары орынбасарларының 17 пайызы, ауылдық және селолық округтер әкімдерінің 11 пайызы әйелдер. Биліктің жоғарғы эшалоны – ел Үкіметінің құрамында – 1 әйел министр, 1 агенттік төрайымы, Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының орынбасары, 4 – жауапты хатшы, 5 – вице-министр әйел бар. Атап өткен көрсеткіш жалпы алғанда дүниежүзілік орта стандарттарға сәйкес, дегенмен біз 2016 жылғы жоспарлы мерзімде саяси аренадағы әйелдер үлесінің 30 пайыздан кем болмауын назарда ұстаймыз. Бұл ұлттық комиссия, мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам институттары өкілдерінің нақты әрі лайықты мақсаты.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының басталған және Әйелдерге қатысты барлық түрдегі кемсітушіліктерді жою жөніндегі БҰҰ конвенциясының 30 жылдығы тұсында республикамызда гендерлік тең құқықтық мәселелерінің дамуы туралы тұрғындардың жоғары дәрежеде хабардар болуын қамтамасыз еткен бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия және аймақтық комиссиялармен бірлесіп 2009 жылдың 16 қарашасы мен 15 желтоқсаны аралығын қамтыған, жоғарыда аталған жұмыстарға бағытталған іс-шаралардың арнайы жоспары дайындалды.
Аймақтарда конвенция ережелерін және гендерлік саясаттың әрмен қарайғы жылжуына арналған Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға басшылығы барысындағы жағымды аспектілерді түсіндіру үшін ақпараттық-насихаттық топтар құрылды. Осы акция барысында, республика көлемінде 6 конференция, 80 дөңгелек үстел отырысы, 178 семинар-тренингтер, 397 лекция, 18 пікірталас, 15 байқау, 4 көрме және тағы да басқа бірқатар шаралар өткізілді. Бұдан бөлек, біздің жұмысымыздағы тағы бір маңызды бағыт – экономикадағы гендерлік теңдік көрінісі болып табылатын, әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті дамыту, еңбек рыногындағы олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселесі.
2003 жылы әйелдерді экономикалық тұрғыдан алға жылжыту мақсатында Ұлттық комиссия республикалық шағын кәсіпкерлікті қолдау қорымен ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Нәтижесінде қор тарапынан әйел-кәсіпкерлер жобасын қаржыландыруға жалпы көлемі 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді (16 млн. АҚШ долларына тең).
Осы орайда несие алудың жолдарын жеңілдетуді және оның берілетін көлемін арттыруды көздеген “Шағын несиелік ұйымдар туралы” Заңға өзгерістер енгізілді. Әйелдерді шағын және орта кәсіпкерлікке тарту шараларының нәтижесінде, олардың кәсіпкерлер арасындағы үлесі 40 пайызға жетті.
Сондай-ақ, Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасына сәйкес, шағын және орта бизнесті қолдауға 120 млрд. теңге бөлінгені белгілі. Елбасының 2009 жылғы 5 наурызда өткен әйелдердің V форумындағы тапсырмасы бойынша осы қаражаттың бір бөлігі әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталды. Осы мақсатта “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ директорлар кеңесі тарапынан 2009-2015 жылдар аралығында әйелдер кәсіпкерлігін шағын несиемен қамтамасыз етуге арналған қаражаттарын екінші деңгейлі банктерге орналастыру бағдарламасы дайындалып, бекітілді. Биылғы жылы 450 млн. теңге бөлу қарастырылған. Ал 2010-2015 жылдардағы қаржыландыру көлемі бюджеттік бағдарламаға сәйкес анықталады. Берілетін несиенің жоғарғы көлемі 1,5 млн. теңге, несиелендіру мерзімі – 36 айға дейін, жылдық үстемесі 14 пайыздан аспауы тиіс.
Қазақстанда ана мен бала денсаулығын қорғау ісіне ерекше көңіл аударылып отыр. Соның нәтижесінде ана мен бала өлімі, өкпе қабынуы және жыныстық қатынас арқылы жұғатын аурулар тұрақты төмендеп келеді. Өте қатерлі балалар ауруларының бірі полиомиелит жойылды. Қазақстан ТМД елдері арасында алғашқы болып, “В” вирустық гепатитіне қарсы барлық жаңа туған сәбилерге вакцинация екті. Сонымен қатар, бірқатар проблемалар өз шешімін табуды қажет етеді. Мәселен, әйелдер денсаулығының индексі төмен болып отыр, ол 20-30 пайызды құрайды. Еркектер арасында да денсаулық проблемасы жеткілікті. Олар көбіне туберкулезге және психологиялық ауытқуларға шалдығады. Еркектер спирттік ішімдіктерге, темекі шегуге бейімдігіне байланысты туындайтын аурулардан зардап шегеді, сонымен қатар, өндірістік жарақат алу да кеңінен кездеседі. Нәтижесінде әйелдер мен еркектердің орташа өмір сүру ұзақтығындағы гендерлік теңсіздік анық байқалады, еркектердің өмір сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда 10,5 жылға кем және 61,9 жасты құрайды.
Қан аздығымен және Орталық Азияда кеңінен тараған темір жетіспеушілігі ауруларымен күресу үшін Ұлттық комиссия дер кезінде Азия банкінен 1,2 миллион доллар көлемінде грант тартып отыр. Бұл қаражатқа құрал-жабдықтар сатып алынды және ұнды иодпен, темірмен, түрлі витаминдермен байыту жөніндегі технологиялар енгізілді. “Тұзды йодтау туралы” заң қабылданды, соның арқасында Қазақстанда барлық ас тұзы йодталатын болды. Нормативтік базаның болмауы қан аздықтан емдеудің әлемдегі ең арзан тәсілі болып есептелетін ұнды фортификациясыз шығаруға мүмкіндік бермеді. 2009 жылы қыркүйектің 18-інде қабылданған Қазақстан Республикасының халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексі жоғарғы және бірінші сұрыпты астық ұнының құрамын темір және басқа да минералдармен міндетті фортификациялау қарастырылған.
Гендерлік теңдік стратегиясы әйелдер денсаулығын репродуктивті бекіту және сақтау бойынша қосымша іс-шаралардың толық кешенін қарастырады. Сонымен қатар, бұл ана мен баланы қорғаудың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру, бұл қызметті қаржыландыруды жақсарту және дамыту басымдықтары болып табылады.
Гендерлік сезімталдық қоғамдық түсінік қалыптастыру үшін жұрт арасында гендерлік білім беру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мектеп оқулықтарына гендерлік сараптама жасалды. Мектептік және мектепке дейінгі білім беру жүйесі үшін “Гендер” кешенді білім беру бағдарламасы әзірленді.
Желдел жүріп жатқан әлемдегі жаһандану үрдісі қоғамдағы зорлық-зомбылықты алдын алу мәселелелерін өткір қойып отыр. Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше назар аударылуда. 1999 жылдың өзінде-ақ ел Президентінің бастамасымен ішкі істер органдарының құрамында, аудандық деңгейге дейін әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша арнайы бөлімшелер құрылған болатын. Қазақстан бұрынғы кеңестік аумақта осындай бөлімше құрған жалғыз мемлекет болып табылады. Олардың негізгі міндеті – конституциялық құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету, заңға қарсы іс-әрекеттерден әйелдердің бостандығы мен заңды қызығушылықтарын қорғау. Өткен жылы Мемлекет басшысы “Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы” Заңға қол қойды. Бұл заң бойынша қылмыстық, әкімшілік және азаматтық заңнамалардағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты саралауға мүмкіндік тумақ. Ең бастысы, бұл заңда отбасында зорлық-зомбылық қайта жасаудың алдын алатын шаралар қарастырылған.
Қазіргі уақытта елімізде әйелдердің құқығын қорғайтын 20 дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Мәселен, 2008 жылы аталған орталықтарға түрлі көмек түрлерін сұраған 21679 өтініш түскен болса, олардың 6165-і физикалық, 5539-ы психологиялық, 556-сы жыныстық және басқа да зорлық-зомбылыққа ұшыраған.
Қылмыстық кодекстің барлық баптарына, сонымен қатар адам саудалауға байланысты қылмыстарға қатысты “Қазақстан Республикасының туристік қызметі туралы” Заңына толықтырулар мен өзгерістер енгізілген.
Бұл санаттағы қылмыстардың квалификациялық белгі құрамы айтарлықтай кеңейтілген, оларды жасағандарға арналған ықпал шаралар да күшейтілген. Ендігі уақытта адамдарды Қазақстан аумағынан заңсыз алып шығу немесе алып өту қылмыс болып есептеліп және 3 жылдан 8 жылға дейін мүлкін тәркілеумен бірге бас бостандығынан айыру жазалары қарастырылған.
Адам саудасы азаматтардың құқығының өрескел түрде бұзылуына әкеліп соқтыратын құлиеленушіліктің қазіргі заманғы формасы болып табылады. Адам саудасы жөніндегі баяндамаға сәйкес (Вашингтон, 12 шілде 2007 жыл) Қазақстан күштеп жұмысқа салу және жыныстық қызметтерге еріксіз итермелеуде кісі саудасы объектісіне айналған адамдар шығатын және транзитті ел болып отыр. Сол себепті, Қазақстан Республикасы адамдардың заңсыз трафигімен күресте тиімді әрі жаңа тәсілдерді қарастыратын саяси шаралар қабылдауда. 2005 жылдың 14 желтоқсанында БҰҰ-ның “Адам саудасы және үшінші тұлғалар арқылы жыныстық қатынасқа қолдану туралы” конвенциясын және де Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұйымдастыру-тәжірибелік және арнайы шаралары қарастырылған 2009-2011 жылдарға арналған адам саудасына қатысты қылмыстардың алдын алу және күресу бойынша шараларының жоспарын сөзіміздің дәлелі ретінде айта кетуге болады.
Гендерлік теңдік мәселесінде үкіметтік емес ұйымдар маңызды рөл атқарады. Бұл тақырыптағы сұрақтар 2006-2011 жылдардағы Қазақстан Республикасындағы азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасында да ескерілген. Бүгінгі таңда елімізде 13 мыңға жуық үкіметтік емес ұйымдар бар. Олардың жұмыстарын жандандыру мақсатында 2006-2011 жылдардағы Қазақстан Республикасындағы азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы және “Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы” Заң қабылданды. Өз кезегінде үкіметтік емес ұйымдар бюджеттік қаражат есебінен әлеуметтік маңызы бар жобаларды орындайды. Жыл өткен сайын гендерлік және отбасы-демография мәселелері бойынша үкіметтік емес ұйымдардың мұндай жобаларын қаржыландыру көлемі молайып келеді. Мысалы, 2005 жылы осы мақсатқа 1,5 млн. теңге бөлінсе, 2008 жылы 20 млн., ал 2009 жылы 40 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалған.
Гендерлік саясатты жүзеге асыруды ақпараттық қолдау Мәдениет және ақпарат министрлігінің бюджеттік бағдарламаларынан мемлекеттік тапсырыс аясында атқарылады. 2005 жылмен салыстырғанда 2008 жылы теле-радио бағдарламалардың саны 2,5 есеге, ал мерзімді баспасөздегі жарияланымдар 1,5 есеге артқан. “Гендерлік теңдікті дамыту және күшейту, әйелдер мен ерлер құқығына қатысты қоғамдық санадағы жағымсыз таптаурын көзқарастардан арылу” тақырыбындағы мемлекеттік ақпараттық саясат аясында 2008 жылы электронды ақпарат құралдарына 18 млн. теңге, мерзімді БАҚ-тарға 37,5 млн. теңге бөлінді. Атқарылған жұмыстарды халыққа жеткізуге 13 БАҚ атсалысты.
Айрықша атап өтер дүние, отбасы және гендерлік саясат мәселелері бойынша Елбасы саясатын саралайтын және насихаттайтын ұлттық комиссияның “Отбасым” журналы 2009 жылдың басынан бастап жарық көрді (тоқсанына 1 мәрте шығады). Өткен жылы журналдың 4 саны жарық көрді, оның біреуі Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына арналды.
Осы айтылған әңгіменің барлығы Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік гендерлік саясаттың жүйелі және талапқа сай жүргізіліп отырғанын тағы бір мәрте дәлелдейді. Ол гендерлік теңдік жетістіктерінің ұлттық және халықаралық тәжірибесін жан-жақты және нақты есепке ала отырып, әлем елдері қоғамдастығына тән өркениеттік, діни және мәдени ерекшеліктерін де назарда ұстайды. Қазақстанның қазіргі заманғы ұлттық гендерлік саясаты сабақтастық, прагматизм және теңгерімдік ұстанымға сүйене отырып, еліміздің ішкі саясатының ажырамас бөлігі әрі ол ұлттық келісім мен бірлікті күшейтуге бағытталған. ЕҚЫҰ-ға төрағалық бізге гендерлік саясат саласында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетуімізге ықпал етеді. Және де қауіпсіздігіміздің бұдан кейін де беки түсуіне бейімделуіміз бен Атлант және Тынық мұхиты арасындағы кеңістікте жан-жақты ынтымақтастығымызды арттыруға таптырмас мүмкіндік.
Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы.