Қазақстан • 12 Қазан, 2017

Тіл үйретуде тиімділік қажет

2364 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Назарбаевтың «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» деуінде терең мән жатыр. Қазақ тілін заман талабына сай сапалы оқытуда қандай қадамдар жасап, қандай озық тәжірибені негізге алып жатырмыз деген сауал төңірегінде аз-кем сөз қозғауды жөн көрдік.

Тіл үйретуде тиімділік қажет

Елдің бәсекеге қабілет­ті­лігі­нің өлшемдері қатарында оның мем­лекеттік тілінің басым тұруы маңызды. Елбасы «2025 жылға қарай қазақ тілі өмірдің барлық салаларында үстемдік құра бас­тайды, барлық жердегі қарым-қатынастың тіліне айналады. Және бұл, сөзсіз, біздің мемлекетіміздің өте маңызды жетістігі болады»­ («Қазақстан-2050» Стра­те­гия­­­сы­нан) деген болатын.­ Тәуел­сіз­дігіміздің ширек­ ғасырында қол жеткен жетістік­теріміз әлем назарына ілігіп, еліміз­ді әйгіледі. Әйт­се де мемлекеттік тілге келген­де, кеудемізді кере мақтан тұтарлық деңгейге жете алмай жүргенімізді мойындамасқа шара жоқ. Тілдің қамын дер кезінде діттеген Ма­лайзия, Эстония сынды елдерде атал­мыш мәселе күн тәртібінен түс­келі қашан.

Халықаралық тіл­дер санатындағы орыс тілінің ме­рейі де елімізде ересен. Ал тарихи орны, мемлекеттік мәртебесі тұрғысынан елімізде осы екі тіл­ден биік тұруы тиіс қазақ тілін әл­ден­діру, өз тұғырына қондыру мәселесі әлі күнге күн тәртібінен түспей тұр­ғанын жоққа шығара алмаспыз. Таяу­да «Рухани жаңғыру» аясында Қос­танайға келген қаламгерлердің бірі Жапониядан үлгі алуымыз ке­рек­тігін айтты.

Бір кездері артта қа­лып қойған ел 1960 жылдары әлем­дегі экономикалық көшбасшы ел­дердің біріне айналды. Алматыға кел­ген бір жапон профессорынан та­быс сыры неде екенін сұрағанда, ол: «Біздің табысқа жетуіміздің фор­муласы мынау: жапон тілі, дәс­түрі, ділі, діні және Батыс тех­но­ло­гиясы» деп жауап беріпті. Бұл­ – ұлттық кодына адал, берік ха­лық­тың ұтылмайтындығының айқын бір айғағы.

Көп ұлтты қоғамда ортақ тіл­ді­ үй­рену тез арада жүзеге аса­­ қо­юы неғайбыл.

Мемлекет құрау­шы­ ұлттың төл тілінің барша қа­зақ­стандықтардың мемлекеттік ті­лінің  мәртебесін көтеру амалдарын айқындап, нақты тапсырмалар жүк­тейтін Елбасының Қазақстан хал­қы Ассамблеясы сессияларында айтқан кейбір сөздеріне жү­гінейік. Айталық, сонау 2008 жы­лы Нұрсұлтан Әбішұлы Ас­самблеяның мемлекеттік тілді үйрену қажеттілігін ұдайы құлаққа құйып, белсенді насихаттауы тиіс­тігін қадап айтса, 2010 жылы ҚХА-ның кезекті сессиясында тек мем­лекеттік тілде сөйлейтін және бәрі бірін-бірі түсінетін күнді армандайтынын жеткізді.

Осынау асыл арманға барша халық жұмыла ұмтылса ғой дейсің. Ал 2012 жылы Ассамблеяның ХІХ сессиясында «Мемлекеттік тілді меңгеруге алдымен өз қандастарымыз мол үлес қосуы керек. Еліміздегі он миллионнан астам қазақ түгел ана тілінде сөйлесе, байлықтың үлкені осы болар еді.

Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс!» деді. Осы орайда орыс және француз тілдерін жетік білгенімен, ана тілінен мар­құм қалған Қанат Тасыбековтің тәжі­рибе өнегесі еріксіз еске оралады. Елу жасында тіл үйренуге шын ние­тімен ден қойған намысты азамат мақсатына жетіп қана қоймай, ана тілінен ада болып жүрген қан­дастарына арнап «Ситуативный казахский» кітабын да жазып шық­қаны көпшілікке мәлім. Мем­лекет басшысы қазақ тілі қазақ­стандықтардың ортақ тіліне айналатынын айтып, «қазақ халқы қа­шанда интегратор болған, ол болашақта да біздің қоғамымызда топтастырушы діңгек болып қала береді» дей келіп, жүзден астам ұлт өкілдері тұратын Қазақ елінде тіл үйрену ісінде де өзара түсіністік пен бірліктің, бірауыздылық бо­луы­ның маңызына назар аудартып ­келеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Тілдарын» әдісте­мелік орталығы өзге ұлт өкілдеріне арнап қазақ тілін жедел үйрену әдіс­темесін әзірлеген болатын. Атал­­мыш орталық қолға алған жа­ңа оқу-әдістемелік бағдарламаға әлемнің 30 тілін меңгерген, бір­неше тілде синхронды аударма жасай алатын Ресейдің белгілі лин­гвисі Дмитрий Петровтың тә­жі­рибесі негізге алыныпты. Сон­дай-ақ орталық қызметкерлері тіл ­оқыту бағытында Чехия ға­лым­дары мен әдіскерлерінің тә­жірибесіне сүйенуді де көздеп отыр­­ған көрінеді.

Д.Петровпен көптеген қазақ­стан­дықтар ресейлік «Поли­глот» бағдарламасы арқылы таныс. ҚХА-ның арнайы шақыртуымен кел­ген әйгілі әдіскер қазақ тілін же­делдете оқыту әдістемесіне өз үлесін қосты деуге болады.­ Айта­лық, оның әдістемесі негізін­де­ жүргізілген 24 сағаттық курс ішінде Жапония елшісінің кеңес­шісі Кенъитиро Сасамэ қазақ тілін үйреніп алғанын газеттен оқыдық. Әлемге әйгілі әдіскер-ғалымның айтуынша, әрбір адамның тілдік қорының пайдаланылатын лекси­касының 90%-ы 300-350 сөзден аспайды. Кез келген тілдің грамматикасы да қарапайым. Сондықтан екі апта ішінде тілдің бірнеше негізгі грамматикалық ережелері мен құрылымдарын жылдам есте сақ­тап және 300-350 сөзді еркін жаттап алуға болады.

Зерттеулерге сүйенсек, алғашқы 4 күнде есте сақ­талмаған ақпараттың 75%-ы ұмытылып қалады екен. Ол үшін ұдайы қайталап, жаттығып оты­рудың маңызы зор. Содан соң мұны әрі қарай дамытып, лексиканы ұдайы молайта беруге болады.

Осы орайда өзіміздің отандық әдіскер тіл үйретушілердің көрегендігін де ай­та кеткен жөн. Сонау ХІХ ғасыр­дың өзінде ұлы ағартушымыз Ы.Алтынсарин екінші тіл ретін­де үйретілетін орыс тілін оқыту­да осыған ұқсас әдістемені қол­дан­ған екен. «Қазақтарға орыс тілін оқытудың бастауыш құра­лында» түзген орысша-қазақша сөз­дікке ол тақырыптар бойын­ша оқушылар өміріне етене жақын, жиі қолданылатын сөздерді ға­на іріктеп енгізген. Орыс тілі грам­­­матикасынан да қазақ бала­ларына тіл үйренуге қажетті мәлі­меттер сұрыпталып алынған.

Бер­тіндегі әріптестеріміз арасынан Д.Петровтың әдістемесіне жа­қын тәсілмен қазақ тілін табыс­ты оқы­туға қол жеткізген санаулы мұғалімдер қата­рында Гүлжиһан Ай­даралиеваны атар едім. Оның 16 тақырып бо­йын­ша негізінен тірек сызбалар арқылы қазақ тілін үйрету әдіс­темесін пайдаланып, Руд­ный қаласы мен облыстың кей­бір мек­тептерінің қазақ тілі мұға­лімдері өткен ғасырдың 80-ші жыл­дарынан бастап нәтижелі жұмыс істеді. Сондай-ақ  орыс тілді дәріс­ханаларда қазақ тілін оқытуда шет­ тілі әдістемесі элементтерін ұтым­ды пайдаланатын Сәуле Бөрібаева, Сәния Ақмұхамедова сынды әріптестерімнің сабақта­рына қатысқанымда, өте риза болып, өзім де, өзгелер де үйренер тұс­тарына назар аударған едім. Алайда, көпшілігіміз сөй­леуге үйретуге мән бермей, бағ­дарла­маның орындалуын ғана күйт­теп, оқушылардың жаттанды, мар­­дымсыз жауаптарын жоғары баға­лаумен шектеліп келгеніміз жасырын емес.

Сонымен жоғарыда сөз еткен әдіс­­темеге қайта оралсақ, ол 15 грам­­матикалық конструкция мен кесте түріндегі лексикалық материалдардан тұратын көрінеді. Негізгі тақырыптар бойынша жиі­ қол­данылатын 300 сөз және айна­лымдағы 150 сөз қамтылыпты. Айта кетерлігі, әдістеме мем­ле­кеттік тілді меңгерудің алғашқы қа­дамы ретінде қаралып отыр. Ке­­лесі екі қадамда салалық бағыт пен іс қағаздарын мемлекеттік тіл­де жүр­гізуге үйрету жоспар­ланған. Бұл әдістеменің ерекшелігі – грамматикалық құрылым­дар­дың жүйелілігі, бейнелілігі, мәлі­меттердің интерактивті әдіс­пен­ берілуі, жиі қолданылатын лек­сикалық материалдардың таң­дап алынуы және тілдік кедер­гіні тез жеңуге бағытталған психо­лингвистикалық тренингтер.

Аталмыш әдістеме жеңіл­дігінің басты белгілерінің бірі қамтылатын сөз­дік қордың шектеулі саны екені сөз болғанда, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі  туралы айтқаны тілге оралады. Министрдің айтуынша, кейбір елдерде (мысалы, ағылшындарда, финдерде) өз халқының тілін өзде­ріне және басқа ұлттарға 4-6 ай ішін­де үйрететін тиімді әдістемелер бар. ­Сондықтан шетелдік озық әдіс­темелер негізінде қазақ тілін же­дел меңгерудің әдістемесі жа­сал­мақшы. Қазақ тілін тиімді үйрететін әдістемеге сәйкес, жалпы білім беретін ұйымдар үшін «Қазақ тілінің жиілік сөздігі» әзір­леніпті.

Осы оқу жылынан бас­тап А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының атсалысуымен әзірленген тың әдістеме еліміздің 150-ге жуық мектебінде сынақтан өтпекші. Сондай-ақ оқы­ту сапасын арттыру үшін орыс тілінде оқытатын мектептерде­ қазақ тілі сағаттарын көбейту қа­жеттігі зор. Иә, бұған дейін де орыс­тілділерге қазақ тілін үйрету сапа­сын арттыру амалдары жасалды, алайда нәтижесі бола қоймады. Бұл жолғы талпыныс өзгерек, сал­мақтырақ көрінеді.

Шетелдің озық әдістемесіне сүйе­ну керектігін Елбасы Н.Назар­баев 2004 жылы педагог­ қыз­меткерлердің ІІІ съезінде айтқаны есімде. Мемлекет басшысы 2011 жылғы Жолдауында «Біз­дің мін­детіміз – 2017 жылға қарай мем­лекеттік тілді қазақстандықтар са­нын 80 %-ға жеткізу. Ал 2020 жыл­­ға қарай олар кемінде 95%-ды құрауы тиіс. Енді он жылдан ке­йін мектеп бітірушілердің 100%-ы­ мемлекеттік тілді біліп шы­ға­тын болады», деген-ді.

Уақыт шап­шаң сырғып өтіп жат­қанымен, өзге ұлттарға қазақ тілін оқыту әдістемесін жаңғыртуға асық­падық. Енді-енді қолға алып, кіріс­кен болып жатырмыз. Келешекте жүзеге асатын бір типті мектептер­ шәкірттерді үш тілде оқытуды қол­ға алып, бұл өз кезегінде мем­лекеттік тілдің өрістеуіне мүм­кіндік бермекші.

Шетелдің озық әдістемесіне сүйе­ну қажет дегенде, тіл үйретудің өзіндік тиімді тәжірибесімен әлем назарына іліккен ресейлік филолог Александр Драгункинді айт­пай кетуге болмас. Ол ағылшын және қытай тілін меңгерудің озық әдістемелерін зерттеген ға­лым ретінде белгілі. Оның оқу­лықтары бүгінде әлемнің 28 мем­лекетінде қолданылады. «Кез кел­ген тілді жүйелендіре аламын» дей­тін А.Драгункин ағылшын ті­лінің жаңа грамматикасын ойлап тапқанын мақтан тұтады. Атал­мыш әдіскердің ағылшын тілін үйрету кітабы 1998 жылы жарық көрген.

Оның айтуынша, бұған дейін жазылған ағылшын тілін үйрету кітаптары мен өз кіта­бы­ның айырмасы жер мен көк­тей. Бүгінгі таңда ағылшын тілін үй­ре­ту нарығындағы кітаптардың бар­лығы Драгункин жасаған әдіс­теме негізінде жазылған. Атақ­ты әдіс­кер ғалымның сөзіне сенсек, әдіс­темесі әмбебап, кез келген тілді оқыта беруге болады.

Осынау тіл үйрету дарабозы әйгілі әріптесі әрі жерлесі Пет­ров­тың оқулығын әлсіз деп санай­ды. Әйтсе де бір нәрсе анық: орыс­тілді отан­дастарымыздың қа­зақ тілін үйренуіне екеуінің де әм­бе­­бап тәжірибесі үлгі бола­рына­ сөз жоқ. Тек соны негізге ала оты­­рып, отан­дық тіл мамандары­ оң­тай­лы әдістеме жасаса, ал қа­зақ ­тілі мұғалімдері пәнді оқы­­ту жауапкершілігін терең сезініп, шеберлік танытса екен дейсің.

Дипломымда «ұлттық мек­теп­тегі орыс тілі мен­ әде­­бие­тінің мұ­ға­­лімі» деп жа­зылғанымен, орыс тіл­ді дәрісханаларда қазақ ті­лін оқы­тып жүргеніме де отыз жылдай уақыт болыпты. Мұны айту­дағы себеп, орыстілді ортада тіл үйрету мәселелерімен етене таныстығымды білдіру. Бұл тұр­ғыдағы жазбаларым мерзімді басылымдарда жарық көрді. Таяу­да Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына қатысып, сөз сөй­леген италиялық қандасымыз Әй­герім Болатқызының жеті тілді мең­гергеніне сүйсіндік. Үйренетін тілді жанына жақын санап, бар ынта-ықыласымен қолға алса, мақсатқа жетуге болатынына дерек те, дәйек те жетіп артылады. Олай болса, Елбасы міндеттеген үш тілді меңгерудің алынбайтын қамал еместігіне тағы бір мәрте көз жеткізуге болады.

Мәңгілік Ел атануға бағдар ұстаған тұста рухани жаңғырудың бір ұшы алдымен мемлекеттік тілге басымдық беруде, соған қол жеткізуде екенін сезініп, сол жолда батыл әрекет жасағанымыз ләзім.

 

Пиалаш Сүйінкина,

 Қазақстанның білім беру саласының құрметті қызметкері

Қостанай