Қазақстан • 12 Қазан, 2017

Густав Зелинскийдің «Қазақ» поэмасы туралы

2517 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Биыл қазақ тақырыбында жа­зыл­ған алғашқы поэманың жарық көріп, оқырманымен қауыш­қанына  175 жыл толыпты. Ана тілімізге тек 1964 жылы талантты ақынымыз Әб­дікәрім Ахметовтің аударуымен «Қазақ» атауымен басылып шық­қан сол туындының авторы та­нымал поляк ақыны  Густав Зе­линский болатын. Ал поэма­ның алғашқы түпнұсқалық басы­лымы Вильно (Вильнюс) қаласын­да сонау 1842 жылы жарық көрген-ді. Бір ғажабы сол алғашқы нұсқа Абай­дың әкесі, танымал биіміз Құнан­бай Өскенбайұлының досы, бү­гінде қазақ даласы, қазақ хал­қы хақындағы қызықты мәлімет­терімен тарихқа енген Адольф Януш­кевичтің туған бауыры Януа­ри Янушкевичтің қолдауымен ба­сылған екен... 

Густав Зелинскийдің «Қазақ» поэмасы туралы

Мектепті жемісті тәмамдаған бозбала Густав 1827 жылы Вар­ша­ва университетінің Құқық және әкім­шілік факультетіне оқу­ға түсе­ді. Густав студент атанған тұс­та­ ашыл­ғанына небәрі он жылдан енді ға­на асса да Варшава уни­вер­ситеті ұлт зиялы­ларының на­ғыз шоғырланған ордасына айна­лып үлгерген еді. Оқу ордасында ғылым саласымен қатар, бодан­дыққа түскен елдің болашағы зия­лы қауымның ұдайы назарында болатын. Үнемі қызу талқыға тү­сіп жататын. Варшавадағы өткіз­ген сту­денттік шағы жас Густав­тың білімін те­реңдетумен қатар тұл­ғалық тұрғыдан кемелдене түсуіне мүмкіндік беріп, соңы уақыт тезінде сыналған риясыз достыққа ұласқан көптеген танымал тұлғалармен таныстығына жол ашты.

Бірақ іргеден енген, тұтас Еу­ро­па құр­лығы үшін саяси оқиғаларға толы болған 1830 жыл Зелинскийдің өміріне де тың бетбұрысын ала келді. Себебі 1830 жылдың 29 қа­ра­шасында ұлы князь Константин Ро­мановтың Белведердегі сарайына (Вар­шавада орналасқан) жасалған шабуылдан поляк халқының та­рих­қа «Қараша кө­терілісі» ретінде енген ұлт-азаттық күресі басталады. Көтеріліс қысқа уақыт ішінде поляк­тар мекендеген қазіргі Бела­русь, Ба­тыс Украина мен Литва ау­мақтарын да қоса қамтиды. Жас Густав көтеріліске белсене қа­тысады. Дей тұрғанмен, он айдан ас­там уақытқа созылған көтеріліс поляк жасақтарының жеңілісімен аяқталып, империяның тұрақты әскерінің күшімен аяусыз басып-жанышталады.

Мыңдаған поляк тұтқынға алынып, дүние-мүліктері тәркіленеді. Шендері мен мансаптарынан айырылып, өздері империяның ішкі шалғай аймақтарына жер аударыла бас­тай­ды. Зелинскийдің де басына қа­ра бұлт үйіріледі. 1831 жыл­дың қазан айын­да Густав көтері­ліс қолбасшысы, генерал Рыбин­ский­дің корпусымен бірге жақын орна­ласқан Пруссияның шекарасы­нан өтіп, бас сауғалайды. Тек патша үкіметінің көтерілісшілерге жа­рия­лаған рақымшылығынан кейін ғана 1832 жылы елге оралады.

Бірақ Қараша көтерілісінің ізі суымас­тан кезекті баскөтерулерді мақсат еткен астыртын жұмыстар жүріп жатқан еді. Жасырын партизан тобын құрып жатқан Артур Завища мен Каликаста Божевский Гус­тавтан көмек сұрап, тиісінше оның­ есебінен өз қажеттіліктерін қана­ғаттан­ды­рады. Көтеріліс қада­мы сәтсіздікке ұшыра­ғанда жасақ­қа қатысы барлар қатарында Зелин­ский де тұтқындалып, Варшава қа­малына қамалып, сотты болады. 1834 жыл­ғы 29 шілдеде соттың Сі­бірге жер ауда­ру туралы үкімі шы­ға­рылып, 25 жастағы Гус­тав елінен жыраққа, сол кезге дейін өзіне бей­мәлім өңірге жер аударылып кете барады.

1835 жылдың шілде айында Гус­тав сот үкіміне сәйкес бастап­қы бағытталу пункті – Есіл қалашы­ғы­на жеткізіледі. Есіл губер­ния орталығы Тобольск қаласынан 325 шақырымдай оңтүстікте, қазіргі Сол­түстік Қазақстан облысымен көршілес орна­ласқан аумақ болатын. Зелинский онда өзі сын­ды қараша көтерілісіне қатысып, жер аударылған поляктардың өзге бір тобымен қауышады.

Дәл сол уақыттан бастап далалы аймақ­та орналасқан қала маңайының табиғаты, іргелес ау­мақтарда көшіп жүрген қа­зақ­тар туралы ақпараттар оның туыс­та­рына жазған хаттарында көрі­ніс таба бастайды: «Есіл – Тобыл гу­бер­ниясының оңтүстік бөлігінде өзі аттас өзеннің бо­йында ор­наласқан, өзен қаланы үш жағынан қоршай ағады. Ал Есілдің саласы Қарасу (кей ақпараттарда Қарасула) қаланы аралға айналдырады. Есіл қаласы...үлкен емес: екі үлкен көше және жанасқан бірнеше көшелер оның тұтас аумағын құ­райды».

Туыстарына жазған хаттарының бірінде: «...терең тарихи зерттеу­лерге жүгінбестен айтарым, қазақ­тар төрт түлікті серік еткен халық. Жыл­қы және төрт түліктің өзге де түр­лері олардың бірден-бір күнкө­ріс көзі. Қазақтар қонақжай. Ал қа­зақ әйелдері ең тәжірибелі салт аттылар сынды атқа жақсы мінеді. Олардың балаларын тіпті ат үстінде туған десең де болғандай...» деген мәтінді оқимыз.

Густав Зелинскийдің Есілде өткізген кезеңінде онымен бірге өз жазасын өтеуші поляктардың саны он үш еді. Солардың бірі де бірегейі, поляк ақыны Адам Миц­кевичтің университеттік досы, «Қа­зақ даласына саяхаттан хаттар мен күнделіктер» атты еңбектің авторы Адольф Янушкевич болатын. Ол да шетжерлік өктем­дікке қарсы ба­ғытталған «қараша көтерілісіне» қатысып, ұрыстардың бірінде жарақат алып, тұтқынға түседі. 1832 жылы А.Януш­кевич сот шешімімен дарға асу ар­қылы өлім жазасына кесілгенімен, артынан бұл шешім дворяндық атақтан айыру және мүлікті тәркілеу мен Сібірге мәңгі жер аудару шешіміне ауыстырылады. Сөйтіп поляк зиялыларының қос өкілі Густав Зелинский мен Адольф Янушкевичтің Есілде басталған достығы соңғысы дүние­ден өткенге дейін жалға­сады.

Адами қасиеті жоғары, терең бі­лім­ді Януш­кевичтей дос әрі көрші табуы Густав­тың өміріне мән беріп, ширата түседі. Бос уақыттарында өзі сияқты саяси жер аударылған: Адольф Янушкевич, Евгениуш Лемпицкий, Михал Морачевский және Павел Чеп­линскийлермен бірлесе, кейде жалғыз аңға шығып сейілдеуді әдетке айналдырады. Осылайша, жас поляк ақыны теріскей қазақ далаларымен және оның жергілікті халқымен етене жақын таныса бастайды. Шетсіз, шексіз иен даланың өзіндік сұлу табиғаты, саф таза ауасы, өл­кені мекендеуші көшпелі халықтың өмір салты Густав Зелинскийдің қиялына қа­нат бітіріп, шығармашылығына тың сер­пін береді. Нәтижесінде оның атын шартарапқа мәшһүр еткен «Қазақ» поэмасы дү­ниеге келеді. Ондағы:

Қытымыр қыспақ түнегінде құлшылық –
«Құл бала» боп, тар қапаста тұншығып,
Жүрген жігіт тұтқын жаны парша боп,
Ат көсілтті кең далаға құлшынып.
Қандай жақсы қыр соңынан қыр асқан,
Төбесінде төңкерілген көк аспан..
Жүйрік атпен желдей жүйткіп келеді,
Кең далада көкжиекпен ұласқан...
делінген өлең шумақтары Гус­тав­тың өз өмі­рінің сол бір күрделі кезеңіндегі көңіл тол­ғаныстарын дәл суреттегендей.

Оның далалы аймақтарға, қазақ сахарасына жасаған саяхатта­ры айдаудағы ақын үшін ең бір қызықты сәттер бол­ғандығына көз жеткіземіз. Себебі ол­­ ер­кіндікті, бос­тан­­дықты сүйетін. Хатта­рында «Мұнда тыныс­ты кере демалған қандай десеңші! Егер мен табиғат зерт­теушісі болғанда мұн­дағы жайқалған миллиондаған гүлдер­ді зерттеген болар едім!» деп толғана жа­за­ды.

«Қазақ» поэмасының оқиғасы ақын­ның қиялынан туындаған. Туындыда дала халқының өмір сал­ты, еркіндікті, бостан­дықты ма­дақ­таумен қатар, махаббат пен өш­­пенділік, кек өзара үйлестіріле дра­малық сарында берілген. Автордың қазақ хал­қының салт-дәстүрінен бір­шама хабардар болғандығына көз жеткіземіз.

Ал дастан кейіпкерлері есім­дері­нің қа­лай табылғандығы өз ал­дына қызықты жағ­дай. Есілде айдауда бірге болған серігі Павел Чеплинский өз естеліктерінде: «...біз құс аулағанды жақсы көретінбіз. Нақты қа­шан екендігі есімде жоқ. Бірақ таң қылаң бе­рісімен жолға шықтық. Жолай қазақ ауыл­дарын іздеп келеміз. Бақытымызға орай ауыл бірден кезіге кетті. Үйлердің бірінің қожайынын та-уып, үйін екі күнге жалдадық. Сол уақытта үй иесінің ұлы және үш қызымен таныс болдық. Олардың есімдері ...Ныхымелі (мүмкін Нығымелі?) және Дәмелі болатын» деп еске алады. Сол есімдердің бірі – Дәмелі Густав жазған «Қазақ» поэмасының басты кейіпкерлерінің біріне айналады.

Жалпы, ақын шығармашылығы үшін 1841-1842 жылдар жемісті кезең ретінде ене­ді. Себебі аталған уақыт аралығында «Кенпе­лік Ян» тарихи дастаны, сонымен қатар Плоц­кіде князь Семовиттің билігі кезеңінен сыр тартатын «Гермек», «Бедуиннің тұл­­па­ры» поэзиялық туындылары және «Зби­гнев» тарихи драмасы жазылады. Автор­дың араға жылдар сала жазылған, оқиғасы қазақ сахарасында өтетін «Дала» поэмасының алғашқы бөлігі де айтылған уақытта жазылған. Дей тұрғанмен, ақын үшін «Қазақ» поэмасының орны ерекше болатын.

Шамамен 1841 жылы дастан дайын­ болған­да Зелинский өз туындысын шы­ғарма­ларының қатал әрі әділ сыншысы,­ жақын досы Адольф Янушкевичке көрсе­теді. Адольф болса поэманың қызықты, ал поэзиялық бояуының қанық екен­дігін атап өтеді. Дегенмен, досына сын ретінде дастандағы оқиғаның қазақ салт-дәстүріне сәйкес келе бермейтіндігін ескерткен.

«Қазақ» поэмасы алғаш рет Густав елі­не оралған 1842 жылы Виль­но қа­ласында (Вильнюс) Адольфтің туған бауыры Януари Януш­кевичтің қол­дауымен басылып шығады. Шыққан сәттен-ақ өз дәуі­рінің неғұрлым көп оқыл­ған туындыларының біріне айналады. Әдебиет сыншылары да оң баға­ларын береді. Солардың бірі Ан­тони Одынец «қайталанбас туынды, мазмұны бай, ал оқиғасы жаңа. Поэ­маны поляк тілінде жазылған үз­дік туындылардың қатарына қо­су­ға әбден болады», деп бағалаған екен.

Оқиғасының қызықтылығынан, маз­­­мұн­дылығынан болар, романтизм кезе­ңінен жатқызылатын поэма 1842-1924 жылдар аралығында поляк, неміс, француз, италиян, чех, ағылшын және орыс тілдерінде 23 рет басылып, Еуропаның талғампаз оқырманының көңілінен шығады. Туын­дыны оқыған әрбір жанның сол кезде әлі беймәлім қазақ хал­қына, оның салт-дәс­түріне деген қы­зы­ғушылығы туындайды. Ал атал­мыш туындыны ана тілімізге талантты ақынымыз Әбдікәрім Ахметов тәржімалап, ол тек 1964 жылы жарық көрген-ді. Қазақшасы Г.Д.Гребенщиков фран­­цуз тілінен орыс тіліне аударып, 1910 жылы Том қаласындағы «Бытовая Си­бирь» серіктестік баспасынан шы­ғарған нұс­қасының негізінде жа­са­лады. Қазіргі уақытқа дейін түр­лі тілдерде жарық көрген дастан ба­сылымдарының саны жиырма бестен асып отыр.

Поляктың танымал әдебиет тарихшысы әрі жазушысы Януш Одровонж-Пененжек өз мақалаларында «Қазақ» поэмасын байрондық бағытта жазылған А.Пушкиннің белгілі «Кавказ тұтқыны» және «Сығандар», М.Лермонтовтың «Мцыри» және «Измаил Бей» туындыларымен бір деңгейге қойып, бір дәуірдің дастандары ретінде салыстыра сипаттаған.

Жалпы, «Қазақ» поэмасы өмірінің сегіз жылын, нағыз жалындаған жігіттік шағын шалғайдағы Тобыл, Есіл далаларында өт­кізіп, қоғам назарынан тысқары қалған Густав Зелинскийге үлкен танымалдық ала­ келеді.

Отбасылық кәсіптері оңға басқан Гус­тав өлкедегі ең бір ауқатты адамдардың қа­та­рына қосылады. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дегендей, адами қасиеттері жоғары, зиялы Зелинский айдауда болған кездегі достарын бір сәт те есінен шығармайды. Материалдық тұрғы­дан қиын жағдайдағыларына қолдау жасай­ды, кейбірін өз маңайына алдыртып, жұмыс пен баспана береді. Айдаудағы жан досы Адольф Янушкевичпен ұдайы хат алмасып ­отырады.

Қайтып келмес жиырма бесі мен орда бұзар отызының алғашқы жылдарын ай­дау­да өткізген Густав еліне оралысымен көп саяхаттайды. Италияда, Франция мен Испанияда бірнеше мәрте болады. Сая­хаттар барысында ақынның шабытынан «Көктемнің оралуы» «Антар», «Шаруа бойжеткен» туындылары жазылды. Сонымен қатар Наполеон Бона­парттың 1808 жылғы Испаниядағы соғыс қимыл­дарын бейнелейтін «Мануэла» романы дүниеге келеді.

Кәсібінен және қоғамдық қызметі­нен қолы босаған сәттерде ақын шығарма­шы­лығына құлшыныспен ден қоятын. Сондай мезеттерде «Грюнвальд түбіндегі шайқас» дастанының фрагменттерін және «Сиқыршы Твардовский» драмасын жазады. Дей тұрғанмен, өзі сегіз жыл өмірін бөліскен Есіл далаларын, қазақ тақырыбын ақын бір сәт те есінен шығармайды. 1856 жылы Есілде бастаған «Дала» поэмасын аяқтап, бас­тырып шығарады. Поэманы аяқтауға ұзақ уақытын қазақ даласында өткізіп, досымен қажетті ақпараттарды бөліскен Адольф Янушкевичтің үлкен көмегі тиеді. Дастан «Дала», «Таулар», «Бәйге» және «Ән» (полякша нұсқасына сәй­кес) атты төрт бөлімнен құралған.

Поэмада арагідік ұлтымыздың сол­ кезең­дегі ауыр тіршілігі көрініс тапқаны­мен, жалпылай алғанда Зелинский қазақ­тардың өміріне үлкен оптимизммен қарай­ды. Олардың еркін өмір салтын жоғары баға­лайды.

Туындының басты ерекше­лік­терінің бірі – автордың негіз­гі мәтінге өтпес бұ­рын қазақ да­ла­сының жағрафиясы, ұлты­мыздың арғы-бергі тарихы, діні, өмір сал­ты хақында едәуір ақпарат беруі. Сірә, ол­ қадамы кәрі құрлықтың талғампаз оқыр­манына соған дейін беймәлім болған ұл­тымыз туралы толымды ақпарат беру ние­тінен туса керек. Әсіресе кіріспедегі автор тарапынан берілген тари­хи мәліметтер қызықты: «...Ал­тын Орда ыдырағасын қазақтар жеке, тәуелсіз, Мұхамедтің дінін ұс­танушы халық ретінде қалып­тасты. Өзінің бірнеше ғасырлық, бірақ еш жерде хатталмаған тарихында бірнеше даңқты есімдер қалған. Олар: Үндістандағы Ұлы Моғол мемлекетінің негізін қалаушы Бабырдың өзі куәлік еткен қазақтың ең құдіретті билеушілерінің бірі, 400 000 мың сарбаз жасақтай алатын Арыстан хан (Бабырдың замандасы болған Қасым хан болса керек). Он жетінші ғасырдың алғашқы жартысында моңғол тайпаларына жатқызылатын жоңғарларды жеңген Есім хан. Оның немересі, өзінің әділдігімен, ақылымен қазақ ордаларының бірлігін бекемдеп, өзара қантөгістерден сақтаған, халқына заң жүйесін берген Тәуке хан....оның өлімімен ханның жасаған ережелері ұмыт болғаны өкінішті-ақ».

Аталмыш мысалдан поэманы жазу барысында Густавтың қазақ тарихы туралы көп ізденгендігіне көз жеткіземіз. Зелинский өзінің қазақ тарихы мәтінін даярлау барысында танымал тарихшы, этнограф әрі түркітанушы Алексей Левшиннің «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қазақ ордалары мен даласының сипаттамасы» еңбегіне сілтеме жасайды.

«Дала» поэмасы аударылым және­ таралым ауқымы бойынша «Қа­зақ» дастанының деңгейіне жете қой­ма­ғанымен, Еуропаның негізгі тілдеріне түгел тәржімаланып жарық көреді. Осы тұста поэманы 1858­ жылы дү­ние саларынан бір жыл бұрын немістің әлем­ге танымал ғалымы Алек­сандр фон­ Гумбольдт оқып, жоғары бағасын берген­дігін айтып өтуге тиіспіз.

«Дала» поэмасы ана тілімізге танымал ақы­нымыз Тайыр Жароковтың аударуымен 1964 жылы жарық көреді.

Уақыт жылжып, Польша елінің тарихына Ресей отаршылдығына қарсы 1863 жылғы «Қаңтар көтерілісі» атауымен енген ұлт-азаттық күресі басталған тұста өмірлік тәжірибесі бар азамат ретінде Густав Зе­линский аталған қантөгіске қарсы болады. Көтерілістің бірқатар қарсыластары қатарында 1863-64 жылдарды шетте өткізеді.

Үлкен ұлы Юзефтің есте­лік­теріне жү­гінсек, ақын өмірінің соңғы он бес жылында оның шы­ғар­машылығына қатысты сындар көп айтылады. Мұның өзі ­Густавтың әдебиет саласынан тарихқа ойы­суына шешуші ықпал етеді. Туысы Ян Зелинскиймен бірге өз әулетінің үш томнан тұратын тарихын жазып шығады. Аталған еңбектер 1880-1881 жылдары Торунь қаласында ба­сылады.

Тағы бір жайт, Густавты оның жас ша­ғынан кітап әлемі ерекше баурайды. Кітаптарының саны ұл­ғая келе Зелинский Скемпедегі өз иелігінің аумағында арнайы кітап­хана ғимаратын салуға шешім қа­былдайды. Кітапхана оның өз үйінен қашықтау саябақ маңындағы төбешікте бой көтереді. Ғимарат бір қабат етіп салынып, жанында кітап сақтайтын мұнара тұрғызылады. Отбасылық естеліктерге қарағанда, кабинет арагідік әріптестердің бас қосып, саясат, тарих пен әдебиет туралы қызу пікір таластыратын орнына айналған екен.

Бастапқыда кітапхана жұмы­сымен Зелинскийдің өзі айналысады. Кейін арнайы қызметкерлерді жұ­мысқа алады. Кітапханашылар бос кезінде Густавтың балаларын оқытқан. «Скемпе Белведері» атал­ған Гус­тавтың бай кітапханасы 20 мың томға жетеді. Онда кітаптар жә­не мер­зімді басылымдармен қа­тар, си­рек қолжазбалар мен архео­ло­­гия­лық жәдігерлер де жинақ­талған.

Басынан сан қиындықтар өткенімен, адами өлшеммен алғанда мәнді де маз­мұнды ғұмыр кешкен поляк ұлтының ұлы перзенттерінің бірі – Густав Зелинский 1881 жылдың 23 қарашасында өзінің Скемпедегі иелігінде, ұрпағының ортасында дүние салады. Денесі «Борка» серіктестігіне қарасты жер­асты катакомбаларына қойы­лады. Бірақ алпыс жылдан кейін Екінші дүниежүзілік соғыстың бас­талуымен катакомбалар неміс­тер тарапынан қиратылып, сүйек­тер­дің біразы сыртқа шығып қалады. Тек соғыс аяқталып, ел аума­ғы басқыншылардан азат етілге­сін, қайта эксгумация жасалы­нып, сүйегі Қасиетті Анна каплица­сын­да­ғы (часовня) екінші жұбайы – Анела Ромацканың жанына қойы­лады.

Бүгінде Зелинский кітапханасы 120 мыңнан астам халқы бар қала тұрғын­дарына қызмет көрсетіп келеді. Поляк әдебиетінде толымды із қал­дырып, халық үшін атқарған игі іс­терімен жомарт атанған Густав Зе­лин­скийдің есімі Польшада бір­­неше көшелерге берілген. Өзі дү­ниеге келген Марковица елді меке­нін­дегі мектеп те ақынның атында.

Бүгінгі Қазақстан мен Польша қарым-қатынастары жоғары деңгейде дамып келе жатқан мемлекеттер. Бір қарағанда алшақ орналасқан қос мемлекетті ештеңе байланыстырмайтын сықылды. Бірақ елдердің байланысы тереңнен бастау алады. Әсіресе рухани-мәдени байланыстарымыз тұлғалар ізіне куә болатын қызықты ақпараттарға тұнып тұр. Тарихта тағдыр тәлкегімен немесе жұмыс бабымен қазақ жеріне келіп, игі істермен ел жадында қалған поляк ұлтының перзенттері қаншама десеңші: Адольф Янушкевич, Бронислав Залесский, Ян Козелл-Поклевский, Томаш Зан, Северин Гросс, Александр Затаевич....

Дей тұрғанмен қазақ-поляк мәдени байланыстарының тарихында Густав Зелинскийдің алар орны ерекше. Қазақтың байтақ даласына ғашық болып, дәстүрі мен тұрмысын зерттеген, тарихына ынтық болған, келешегіне алаңдаған зиялы Зелинский өз дәуірінде ұлтымыздың атын халықаралық дәрежеде шығарған тұлғалардың бірі де бірегейі. Әр ұлы жазушыны немесе ақынның өзінің жанына жақын, атын шығаратын туындылары болады. Осы орайда айтарымыз, қанша шығармасы басылса да, Густавтың атын шығарған, ақын ретіндегі бағын ашқан бүгінде жарық көргеніне 175 жыл толып отырған «Қазақ» поэмасы болатын. Қорыта айтарымыз, «жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, жылдар жылжып өтсе де Густав Зелинскийдің жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталмақ!

 

Жандос ӘУЕЛБЕКҰЛЫ,
арнайы «Егемен Қазақстан» үшін
ВАРШАВА