Қайран Кеңес, Кенекем! (Эссе)

Мен Кеңестің аты-жөнін ең алғаш «Лениншіл жас» газетінің әдебиет бөлімінің меңгерушісі Оралхан Бөкеевпен бірлесіп жазған очеркінен көріп, сырттай танысқан едім. 

Егемен Қазақстан
12.10.2017 4538

Ол кезде Шерхан (Шераға) «Лениншіл жастың» редакторы, мен оның орынбасары болатынмын. Кеңес деген есімі таза қазақша болғанымен, тегінің Юсупов болып жазылуы ойландырған. Қазақта ежелден келе жатқан «Жүсіп» есімінің татар және өзге кейбір халықтарда «Юсуп» болып жазылатынын білетінмін. Сондықтан әуелгіде бұл өзі қазақ арасына сіңіп кеткен өзге халық өкілі емес пе екен деген ой қылаң берген. Оралханнан сұраған соң ғана олай емес екеніне көзім жеткен. Кейінірек, арада біраз жылдар өткенде Кеңеспен танысудың, қызметті бірге атқарып, тіпті үй-ішімізбен араласудың да орайы келді.

Мен ол уақытта Орталық партия ко­ми­тетінің үгіт және насихат бөлімінде көптен бері қызмет істеп жүрген болатынмын. Бір күні біздің бөлімге жаңа қыз­меткер – Кеңес Юсупов келіп қо­сылды. Сөйтсем, ол айтатындарына әдемі әзіл араластырып, сабырмен сөй­лейтін, шы­ғысқазақстандық, кі­сіні өзіне тартып тұратын, қазақы, сы­пайы, орта бойлы, мығым денелі, сәл қызыл шырайлылау жігіт болып шық­ты. Бөлімде жұмыс іс­теген қазақ, орыс, неміс жігіттерінің бә­рімен жылдам араласып, әңгімесі де, іс-­қарекеті де жарасып, тастай батып, судай сіңіп жүре бергені есімде. Сол уақытта айтқан әңгімелерінен менің тағы бір байқағаным, өзен-суы жоқ қырда өскен біздер сияқты емес, Кеңестің өзен-көл жайын, балық пен балықшылар жа­йын, біз үшін таңсық паром, пароход, теңізшілер жайын барынша жақсы бі­летіні, солар туралы тұшымды, қысқа, қы­зықты әңгімелер айтатыны. Сөйтсем, Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған ол мектептен кейін алдымен Семейдің өзеншілер әзірлейтін училищесін, содан соң ғана, араға біраз жылдар салып барып Қазақ мемлекеттік университетін бітіріпті. Облыстық, рес­публикалық газет-журналдарда қыз­мет атқарып, өмір мектебінен өтіпті. Рес­публикалық «Қазақстан коммунисі» жур­налында бөлім бастығы болып жүріп, Ор­талық партия комитетіне қызметке ауысыпты.

Осы тұста сәл шегініс жасап, өт­кен уа­қыттағы тағы бір эпизодты ай­та кетудің орайы келіп тұр. 2010 жыл­дың басында бір кезде өзім әдебиет жә­не өнер бөлі­мін басқарып қызмет іс­теген «Егемен Қа­зақ­стан» газетінің қызметкері телефон соғып: «Бөке, алда сіздің де мүшел тойыңыз жақындап қалыпты, белгілі жазушысыз, бір кезде газетімізде қызмет етіп, аянбай еңбек сіңірген ардагер ағалардың бірісіз, сіз туралы мақаланы кімге жаздырғанымыз жөн болар еді деп өзіңізден сұрағалы отырмыз», деді.

Менің аузыма жас уа­қы­тында «Лениншіл жас» газетінде, кейіннен мен «Жалын» баспасында директор болғанда сол баспада да мені­мен бірге қызмет атқарған белгілі қа­ламгер Құрманғазы Мұстафин інімнің есімі түсті. Арада екі аптадай уақыт өт­кенде Құрманғазы інім өзінің ден­сау­лығына, емделіп жүргеніне байланысты мақаланы уақытында дұрыстап жазып бере алмаймын-ау деген уайымын айтып, кешірім сұрады. Осыдан соң редакцияның да, менің де таңдауымыз Кеңес Юсуповқа түскен еді. Кенекеңнің қысқа мерзім ішінде «Өмірдің өзінен келген жазушы» деп ат қойып, тиянақты етіп жазған, «Егемен Қазақстанның» бір бетке жуық көлемін алған салиқалы, тартымды мақаласы газетке уақытында шықты. Ол менің өмірдегі тындырған істерім мен шығармашылығым жөнінде де, менімен бірге Орталық партия комитетінде қызмет атқарған кезі туралы да айтыпты. Осы мақала шыққан соң біраз адамдар, соның ішінде Алматыдан Құрманғазы Мұстафин інім де телефон соқты. «Кеңес ағамыз сіз туралы өте жақсы жазыпты. Өз басым ондай дең­гейде жаза алмаған бо­лар едім-ау деп ойладым» деді ол қа­шандағы әділ, шындықты ғана айтатын әде­тінше ағынан жарылып.

Ол кезде Орталық партия комитеті Абай көшесінің жоғарғы жағындағы Фур­манов пен Бейбітшілік көшелерінің арасына салынған еңселі, жаңа, көрікті, үлкен ғимаратқа көшкен болатын. Біз үшінші қабатта, бір кабинетте Кеңес екеуміз отыратынбыз. Бір-бірімізге жылдам үйренісіп дос болып кеттік, үй-ішімізбен араласа бастадық. Бір жолы мен Бақытжан Момышұлы, Қалдарбек Найманбаев, Шәрібек Есмұрзаев, Нұрғожа Жұбанов сияқты ескі достарымның отбасыларымен бірге Кеңес пен зайыбы Зүбәйланы да қонаққа шақырдым. Сол бір жанға жайлы көңілді кеш туралы досым Бақытжан Момышұлының кейінгі жазған мақаласында со жолғы Кеңестің айтқан әңгімесі бар еді: «Ол жылдары Болат пен Кеңес Орталық партия комитетінде бірге қызмет атқарып, бір бөлмеде отыратын, – деп жазған еді ол. – Бір жолы Кеңес дайындалған қағазды бастықтарға көрсетем деп шығып ке­теді. Қайтып келсе Болат өзінің креслосына жантайып жайғасып алып, көзі күлімдеп, май­дақоңыр, жұмсақ, жағымды үнмен «жаным» деп, біреумен елжірей сөйлесіп отырғанының үстінен түседі. Кеңес әуел­гіде оны ың­­ғай­сыз­дандырмау үшін­ шы­­ғып ке­туді ойлайды,­ бірақ Бо­лат оның келгеніне мән бермес­тен, телефонның ар­ жағындағы әлдекімді ер­келете, мейірлене сөйлеп, «мен де сені сағынып қалдым» деп әңгімесін жалғастыра береді. Содан соң Кеңес оның сөздерін тыңдамаған болып, қағаздарын жайлап жинастыруға кіріседі.

Болат: «Жа­райды, онда сол жерде кездесейік» деп сөзін аяқтап, телефон тұтқасын орнына қойып, асығыс жинала бастайды. Кеңестің көңіліне күдік кіреді... «Мен Болатты отбасына адал, кіршіксіз, таза жігіт деп жүрсем... ол да осындай ма еді, шынымен-ақ ол жөнінде оңбай қателескенім бе?» деп ойлайды. Болат онымен қоштасып, сыртқа шыққанда, қалайда осы мәселенің анығына жетуді ойлаған ол, артынан ілесе бірге шығады. Орталық комитеттің ғимаратынан шыққан бойда Болат өзінің артында аңду бар екенін аңғармай, алды-артына қарамай, Фурманов көшесіне түсіп алып, төмен қарай тарта жөнеледі. Кейде ағаштардың, кейде жол бойындағы киоскілердің, үйлердің бұрыштарына бой тасалаған Кеңес өзін тура шым-шы­тырық оқиғалы кинодағы із кесушілер сияқ­ты сезініп, ілесе береді. Шамасы, кез­десетін періштесіне асыққаны шығар, Болат оң-солына, алды-артына қарап, сақ­тану дегенді ойына да алмай, адымын тездете түседі. Кеңес те қалмайды. «Әй, аңқылдаған ақкөңіл Хабиба-ай, өзі сенетін Болатының мынадай тірлігінен оның ешбір хабары жоқ қой» деп ойлайды ол іштей күйініп. Болат Фурманов көшесі бойындағы өз үйінің тұсынан жылдам басып өте шыққанда күдігі тіпті күшейеді. «Октябрь» кинотеатрының алдындағы гүл сататын киоскінің жанына барып бір-ақ тоқтаған Болат гүл сатып алғанда, «ә, батыр, құпияңның ашылғанын қазір енді көретін шығармыз» деп ойлайды бой тасалап, сыртынан бақылап тұрған Кеңес дегбірсіздене түсіп. Кенет ол үйдің бұрышынан күлімдеп шығып келе жатқан Хабибаны көргенде өзінің оңбай қателескенін біліп, аузы аңқайып ашылып қалады. Болат Хабибаға қолындағы гүлін ұсынып, шөп еткізіп сүйісіп амандасып, екеуі қол ұстасқан бойы кинотеатрға кіріп кетеді. Кеңес өзінің қызметтес әріптесін қалай аңдығаны туралы осы әңгімесін айтқанда үйдегі барлық достарымен бірге Хабиба да сыңғырлап күліп еді», деп жазған болатын Бақытжан.

Осы жерде айтуға тиіспін, мен Кеңеспен қызметті бірге істеп, араласып жүрген кезде еш­ уақытта оның біреуді жақтырмай, ғай­баттап, қыжырта сөйлегенін естімеген екен­мін. Өзі жаратпайтын адамдар туралы сөз болғанда ол, шамасы, үндемей қа­латын болса керек деп ойлаймын осы күні.

2000-шы жылдардың басында­ Мұх­­тар Абрарұлы Құл-Мұхаммед Мә­­де­ниет, ақпарат және қоғамдық ке­лісім министрі болып тұрғанда Кеңес екеу­міз де министрдің басшылығымен жұ­мыс істейтін республикалық терми­нологиялық комиссияның мүшесі бол­­дық. Түскен ұсыныстарды қарап, әр­ оты­рысқа өзіміз де ұсыныстар дайын­дап, бірер жыл бірлесіп еңбек еттік. Ол ­отырыстарда та­лай жаңа терминдер талқыға салынатын, қабылданған соң баспасөзде жарияланатын, сөйтіп біз сол тұста ана тіліміздің бүгінгі заман, уақыт талабына сай өміршең, жаңа терминдермен то­лығуына біршама өз үлесімізді қоса ал­дық деген ойдамын.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де­ Ке­ңес қарап отыруды қаламай, оқушы­ларды, жас қаламгерлерді алыс-жақын ше­телдердің атақты жазушыларының ең таңдаулы туындыларымен таныстыруды мақсат тұтатын «Әлем әдебиеті» ат­ты журнал шығаруды қолға алды. Бұл журнал Кеңестің өзі редактор ре­тінде қол қойып тұрған тұста да, одан кейін де жас қаламгерлеріміздің көңіл көк­жиегін кеңейтіп, әлемдегі әдебиеттің ең­ озық үлгілерінен хабардар етіп, солармен бой теңестіруге ұмтылуға, қа­­зақ әдебиетінің жас ұрпағын әлемдік биік­терге талпынуға құлшындыратын бағалы басылым болғанын білеміз. Республикалық, отандық баспасөзден аз жылдар ішінде-ақ өзінің орнын ойып алған осы журналдың мемлекет тарапынан қаржы бөлінбеуі себебінен соңғы уақытта жарыққа шықпай тоқтап қалуы өкіндіреді.

Кеңес жас шағынан бастап-ақ баспа­сөзге еркін араласқанмен, көркем шы­ғар­­маларды аз жазған, бірақ саз жазған жазу­шылардың қатарына жатады. Оның сонау жетпісінші жылдардың аяғы, сексенінші жылдардың бас кезінде шағын жанрларда тудырған көркем дүниелері, әңгіме, повестері бірден-ақ жұртшылық назарын өзіне аударған болатын. Олар қазақ тілінде «Ақиқат сапары», «Қарашадағы көктем», ал орыс тілінде «Охапка полевых цветов» деген атпен жинақтар болып басылып та шыққан еді. Ал енді оның есімін елімізге кеңінен танытып, оған үлкен абырой-бедел әкелген – атағы әлемге жайылған Габриэль Гарсия Мар­кестің «Жүз жылдық жалғыздық» атты романын қазақ тіліне өте сәтті аударғаны деуімізге болады. Мен бір жолы осы кітаптың қалай аударылғаны жөнінде Кеңестің өзінен сұраған болатынмын.

– Шынымды айтсам, Маркесті аударамын деген ой менде әуел баста болған жоқ. Сол кезде әлдеқандай шаруамен «Жалын» баспасына кіріп қалдым. Енді кетейін деп тұрғанымда баспаның бір қызметкері «Сізді баспаның директоры Найманбаев шақырып жатыр», деп жүгіріп келді. Қалдарбек досыңызды өзіңіз тәуір білесіз ғой. Оның бір керемет қасиеті – жұрттың бәрімен жылы қа­бақ танытып, өте жақсы сөйлесетіні. Ка­бинетіне кірген бойда ол мені жылы сөздерімен баурап алды.

– Осы жолы Мәскеуге барған сапарымда жұрттың қолына түспей жүр­ген мына кітапты алып келдім, – деп Маркестің атақты романын көрсетті. – Ен­ді осыны кімге аудартамыз дегенді көп ойланып, ақыры өзіңізге тоқталып отырмын. Өйткені мен сіздің жазушылық та, аудармашылық та қабілетіңізді жақ­сы білемін ғой, – деді төтесінен. Мен «Алдымен оқып шығайын, ойланып көрейін», – деп қашқақтап көріп ем,­ Қалекең бәрібір бұлтартпады. Ақырында оның кабинетінен романды аударып беретін болып, келісімшартқа қол­ қойып, кітапты арқалап, сыртқа шық­тым. Габриэль қатардағы жай жазушы емес қой. Шынымды айтсам, оны ойда­ғыдағыдай етіп аудару жеңіл болмады. Бар уақытымды, күшімді салып, екі жылдай қадалып отыруыма тура келді, – деген еді ол.

– Оның есесіне бұл аударма өзіңе үл­кен абырой әкелді. Қазақ жастарының та­лай буыны жастанып жатып оқитын болады әлі, – деп Кенекеңе қолдау көрсетіп, көңілін демдедім.

– Бұл айтқаның рас енді. Кітап шыққан бойында әдебиет сыншылары тарапынан аударма өнерінің үлкен табысы ретінде бағаланды. Тиражы да тез сатылып, елге жылдам тарап кетті, – деген еді Кенекең өңінен ризалық білініп. Менің:

– Осы күні кей аудармаларды оқы­ған­да олақтығы, өзге ел авторының тіл ше­бер­лігі мен айтқысы келген ойларын то­лық, еркін жеткізе алмаған тұстары бай­қалып тұрады, – дегенімді Кенекең:

– Аудармашы ең әуелі өзінің ана тілін бір адамдай жақсы, жетік білетін, бойында қаламгерлік, шығармашылық қасиеті бар, әр сөзге мейлінше жауаптылықпен қарайтын, сөз сыңғырын түсінетін, оларды шебер, еркін қиюластыра алатын адам болуы керек қой, – деп әрі қарай жал­ғастырып әкеткен.

Тіліміздің болашағына алаңдаған Ке­ңес соңғы жылдарда әр сөзді барын­ша ыждағаттылықпен орынды қол­дану, терминдерді дұрыс пайдалану, қалыптастыру туралы елеулі, сүбелі ма­қалалар жазды.

Алды-артына қарамай зымыраған уақытқа тоқтау жоқ. Бүкіл ғұмырын қазақ баспасөзіне арнаған, кезінде «Егемен Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып істеген Кеңес Юсуповтің өмірден озғанына да біраз айлардың жүзі болыпты. Оның журналист, жазушы, аудармашы ретінде қалдырған ізі республика баспасөзі беттерінде сайрап жатыр.

Болат БОДАУБАЙ,
жазушы, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

22.10.2017

Студенттерге арналған «Ұлы дала жастары» жобасы іске қосылды

22.10.2017

Қостанайда полицейлер көкпар тартты

22.10.2017

Жанат Жақиянов жеңіліп қалды

21.10.2017

«Хабар» агенттігі БАҚ өкілдері арасында дәстүрлі футбол турнирін өткізеді

21.10.2017

Кенияда журналистер мінген тікұшақ көлге құлады

21.10.2017

5,5 пайыздық мөлшерлемемен несие бере бастады

21.10.2017

Роналду жылдың ең үздік футболшысы атанды

21.10.2017

Мешітті тонаған азамат ұсталды

21.10.2017

Кәсіпкерлер палатасы есеп берді

21.10.2017

Қазақ романсиадасына 20 жыл

21.10.2017

Қырғыз саясаткері Нұрсұлтан Назарбаевқа өтініш білдірді

21.10.2017

Сарыағаштық шаруалар қайта өңдеу ісін жандандыра бастады

21.10.2017

Газ келді. Қосуда қиындық бар

21.10.2017

Рухани келісім – бейбітшілік негізі

21.10.2017

Ауғанстан мешіттеріндегі жарылыстан құрбандар саны артуда

21.10.2017

Түркияда Қазақстан мәдениеті мен киносының күндері

21.10.2017

Қостанайда құқық қорғау қызметтері орталығы ашылды

21.10.2017

Қарттар үйіне көтеру құрылғысын тарту етті

21.10.2017

Қостанайда полицейлер көкпар тартты

20.10.2017

Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінде кадрлық өзгерістер болды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Кімді тұлға тұтамыз?

Баяғының жастарына «Мен өмір­ден өзімді іздеп жүрмін» деп сөйлеу тән болатын... Жақында Америкада оқып жүрген қазақ­стандық жас өреннің пікірін тыңдап көруге тура келді.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Дауыл алдындағы тыныштық болып жүрмесін

Төрткүл дүниені тығырыққа тіреген 2008 жылғы жаһандық қаржы дағдарысы мен 2009 жылғы «ұлы рецессиядан» енді ғана оңала бастаған әлем экономикасы 2016 жылдан бастап баяу да болса тұрақты даму бағытына бет бұрды.

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

Шексіз білім

«Білім шексіз бе, әлде білімнің шегі бар ма?» деген сұраққа жа­­уап­ іздеп жүріп, Оксфорд уни­вер­ситетінің профессоры, матема­тик Мар­кус дю Сотойдың «Біз нені біле алмаймыз: білім шегіне сая­хат» («What we cannot know») ат­ты кітабын сатып алдым. Про­фес­сор бұл кітабында нөлден бас­­­тап жетіге дейінгі межені бел­гілейді. Нөлінші межені «Белгілі, бірақ белгісіз» әлде «Белгілі, бірақ бей­мәлім» деген дұрысырақ па?­ Біз біле­тін нәрседен бастап еш­қашан біле алмайтынға, ал одан шек­сіздікке дейінгіні тұспалдайды. Біз нені білмейміз және нені біле ал­маймыз? 

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Ұялы байланыс: ұтқан кім, ұтылған кім?

Бүгінде ұялы телефонды пайдалан­байтын адам кемде-кем. Олай болса осынау ертелі-кеш қолымыздан тастамай «рахатын» көріп жүрген игілік үшін кімдерге қанша ақша санап береді екенбіз?  

Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Қарсылық па, таршылық па?

«Біреу Алматыға бір «КамАЗ» сәбіз әкеліп төгіп, елге тегін таратты» деген хабардың шығуы мұң екен, веб-сайттар ақырғы жаңа­лықтың айналасына шыбындай үймеледі. 

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу