Қазақстан • 14 Қазан, 2017

Мәңгілік елдің сарыны – Манас

6727 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Ақбас Алатау баурайында бір түйенің өркешіндей бірге жасасып, біте қайнасқан қазақ пен қырғыз тарихтың ұзын салқар керуенінде үзеңгілес те үндес жүрген. Сондықтан Мұхтар мен Шыңғыс, Кенен мен Оспанқұл, Жамбыл мен Тоқтағұл, Шоқан мен Боранбай сынды арда ұлдары төс түйістірген, тарихы ғана емес, тағдыры да қатар өрілген бауырлас жұртты біріктіретін қасиет-құндылықтар аз емес. Соның бірі де бірегейі – «Манас» дастаны. 

Мәңгілік елдің сарыны – Манас

Алаш ұранды алып Манас

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сын­ұлы батырлар жыры туралы «Бұрынғы жаугершілік заманда халық тән есебінде болғанда, батырлар жан есебінде болған. Халықтың батырлары қандай болса, халықтың рух жағы да сондай болған» деп жазады. Ұшы қиыры жоқ Ұлы даланы, сал­қар сахараны ат тұяғымен бағын­дырған, күн түбіне күңі­рене жортып, дүниенің келбе­тін әлденеше өзгерткен батыр бабаларға жорықшы жыраулар жігер берсе, қаһармандық эпос ар-намысына қамшы бол­ған. Эпикалық санадағы көш­пеліге ел қамы үшін от пен суға түсуге тайсалмайтын қаһар­ман ер-азамат үлгі болды, осы­лай­­­ша ғасырлар бедерінде жауын­­гер түркілер арасында мінсіз ке­йіп­кер батыр культі қалыптасты.

Туған жерін қызғыштай қорғап, туған елін қой үстіне боз­торғай жұмыртқалайтын бара­қат­ты өмірге бастайтын же­ңім­паз батыр бейнесін шал­қар шабытпен жырлайтын абыз жыраулардың мәртебесі қаша­нда жоғары болған. Күл­лі көшпелі жұрттың ортақ мұрасы «Қорқыт ата кітабы», «Оғызнама», «Манас» секіл­ді ұлы эпостарымызда Байкал­дан Балқанға, Алтайдан Альпі­ге дейін жортқан жауынгер жұрт­тың шаңды жорығы­ның сүр­леу суреті ғана емес, халқы­мыз­дың өр рухы, терең даналық тол­ғамы қатар сақталған. Сол се­бепті түркі халықтары әлемде тең­десі жоқ телегей-теңіз эпос тудыр­ды, ақындығымен даңқы шы­ғып, адамзат мәдениетіне асыл қазына сыйлай алды. Сол жау­һарлар ішінен Гиннестің рекорд­­тар кітабына енген «Манас» жы­рының түгел түркі үшін бағасы айрықша зор екені белгілі.

«Манас» – қырғыздың ұлы эпосы ғана емес, түркі халық­тарының эпикалық мұрасының да алып шыңы. Телегей теңіз бұл жырдың көлеміне әлемде бірде-бір эпикалық ескерткіш теңесе алмайды. Мәселен, Сағымбай Орозбақовтан жазып алынған жырдың көлемі 250 000 жолдан тұрады. Бұл Фирдоуси «Шах­намасынан» 2 есе, Гомердің «Илиа­дасынан» 16 есе көп. Бұ­ған Саяқ­бай Қаралаевтан жазып алын­ған Манастың баласы мен немересі суреттелетін «Семетей», «Сейтек» жырын қос­са­ңыз, тауды шайқайтын, те­ңіз­ді тебірентетін, орманды мүл­­гі­тетін ақындықтың айшық­ты құдіретін тани аласыз.

Энциклопедиялық сипатта­ғы, эпикалық тыныстағы эпос­тың арғы бастаулары тым те­реңнен тамыр тартады. «Бұрын­ғыдан қалған сөз: Қарахан, Оғыз ханнан кейін Аланча хан ұрығынан Байғұр, Ұйғыр дегендер болған екен» деп есте жоқ ықылым заманнан шежіре бастайтын жыр Манасты:

«Артық туған Манастың,

Арғы атасы Қарахан.

Қараханнан тараған,

Теңдесі жоқ Оразай.

Кіндік қаны тамған жер,

Алтай деген жер екен», деп таныстырады.

Осылайша арғы алтайлық тамырдан бастау алып, түпкі тегін Қарахан, Оғыз ханмен байланыстыратын алып Манас шамырқанған бір сәтінде:

«Атам – Жақып, Манаспын,

Арғы ұрығым – Алашпын!» – деп ұлы бабасына сиынады.

«Алаш, алаш болғанда, Ала тай ат болғанда, Тамғасыз тай, енсіз қой болғанда» деген тәмсіл сөз қазақ, қырғыз, қарақалпақ сияқ­ты бір атадан тараған ха­лық­тарға ортақ ұран болған. Сон­дықтан әйгілі дастан:

«Арғы атамыз Алаш деп,

Намысыма талас деп,

Алты жүз арғын, найманды,

Ер тартуға сайлады.

...Түбінен бөтен туып па,

Түрікті құдай ұрып па?!

Алаш хан екен атамыз,

Арпалыспай қайтіп жатамыз», деп Алаш ұранын ту етіп көтереді.

Ендеше бүгіндері жүз жылға толған Алаш автономиясының әзелгі ұраны Алаша хан мен Манас батыр заманынан ұла­сып, жүлге тартып, ұрпаққа жет­кені дау тудырмайды. Бұл орай­да тарихи жырлар, аңыз-әпса­на­лар, шежірелерді жүйелі игеру арқылы отандық тарихтың дерекқорын байыта түсуге әбден болады. Тек «Манас» жырының өзінде түгел түркіге қатысты қаншама тарихи оқиға, жер-су аттары, тегі бір кейіпкерлер бар десеңізші. Егер «Манас» эпосын адамзат ақыл-ой қазынасына қосылған алып мұра десек, осы жырдың өнбойында батыр бабаларымыз туралы өмір-деректердің өріле өрнектелгенін байқаймыз. «Манас» жырында жалпы алты Алаштың, түгел түр­кі­нің бірлігі дәріптеледі. Тек қырғыз тарихына қатысты ғана емес, қазаққа байланысты да көптеген мәліметтер, деректер келтіріледі.

«Жолдас болған нойғыт бар,

Арқа сүйеген найман бар,

Қоныстас жүрген қоңырат,

Үйірлес жүрген үйсін бар,

Араласқан алшын бар,

Арғыннан Қарақожа бар», –

деген жолдар эпос пен этностың біртұтас ағза екендігін көрсет­кендей. Сондықтан төл тарихымызды шетелдік жиһангерлердің жол жазбалары мен архивтерден ғана іздемей, қаһармандық жырлардан, алтын аңыздарымыздың арқауынан іздеу, жадыны жаң­ғыр­тудың бір құралы болса керек. Бұл орайда зерделі, құй­ма­құлақ халқымыз тудырған ауыз әдебиетінің үлгілерін тарихи дерек ретінде қолдану, ғылыми нысанға айналдыру – бүгінгі күннің талабы.

Тұлғалар тағылымы

«Манас» жырын алғаш рет жазып алып әлемге танытқан көрнекті шығыстанушы ғалым, біртуар тұлға Шоқан Уәлиханов болса, оны іргелі зерттеу нысаны еткен, кеңестік қиямпұрыс идеологияның қызыл алауынан қарлығаштай қанатымен су сеуіп қорғап, қапаста қалып қоймай қайта жариялануына жолдама берген қайраткер-қаламгер Мұхтар Әуезов болатын.

Шоқан Уәлиханов жазып алған эпостың ең бір шүйгін тарауы «Көкетайдың асы» жыры қапияда ұзақ жылдар жоғалып кеткенде қараңғы архивтердің түк­піріне көз майын шырақ етіп жағып, жансебілдікпен із­деп тапқан, эпосқа екінші ғұ­мыр сыйлаған тағы да академик Әлкей Марғұлан еді. Міне, осы­лайша қазақ халқының үш алы­бы әлемдік эпостың шыңы, тү­гел түркінің мақтанышы «Манас» жырына берік қорған болған.

«Манас» жырын Шоқан 1856 жылы Ыстықкөл экспедициясында Қарқара жайлауында өткен келелі кеңеске қатыса жүріп, қырғыз Боранбай би ауылында жазып алады. Бұл туралы Шоқан «Жоңғария очерк­тері» атты еңбегінде: «Манас» – қырғыз мифтерінің, жомоқтарының, аңыздарының энциклопедиялық жинағы.

Бұла­рдың барлығы бір ғана дәуір­ге және бір ғана Манас батыр­дың төңірегіне топталған. Бұл ежелгі дала «Илиадасына» ұқсайды. Қырғыз халқының тұр­мыс-салты, мінез-құлқы, жағы­рафиясы, діни және меди­ци­налық білім-түсініктері, елара­лық қарым-қатынастары тап осы зор эпопеяда өз көрінісін тапқан» деп баға береді.

Академик Әлкей Марғұлан шығыстың шоқтығы биік ға­лымы Шоқан жазып алған жыр­дың тілі орамды, көркемдігі орасан шұрайлы болуына қазақ пен қырғыздың бауырлас­тық, туысқандық сезімі ерекше әсер еткенін дәлелдеп, жыршы Шоқан Уәлихановқа ақ пейіл­мен ақтарылып, ал В.Радловқа келгенде тосырқап қалғанын айтады: «Тегінде екі ғалым да бір жырды бір жыршыдан (Назар) жазып алғанға ұқсайды. Мазмұн жағынан екі жырдың арасында артық өзгешелік жоқ.

Айырмашылық тек қана жыршының қандай шабытпен айтуынан, жазып алушының қандай тәсіл қолданған әдісінен айырылып отырады. В.Радлов жазуында кейбір әдемі суреттермен бірге, жырдың ағымы жүлгелі түрде суреттелмей, кейде үзіліп, кейде кібіртіктеп отырады. Шоқанның жазуындағы аң­қып тұрған хош иістер, көр­кем бейнелер мұнда сараң кез­де­седі. Тегінде Шоқанға аш­қан кеудесін жыршы аяулы ғалым­ға ашпаған, қулыққа салып «Көкетай» жырының көп жерін қалдырып айтқан, оның ішін­де Көкетайдың өсиет сөзі мүлде жоқ, көш жолы, ас беру, асқа шақы­ру, ат сынау суреттері Ш­о­қ­ан­­ның жазуындай шалқыта ал­май, қысқа-қысқа, кібіртіктеп жазылған».

Кеңес Одағы дәуірінде «Манас» эпосын ғылыми тұр­ғы­­дан зерттеудің іргесін кеңіт­­кен әйгілі сөз зергері, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов болға­ны баршаға мәлім. Ол Шоқан Уәли­хановтың соқпағын жаң­ғыртып, манастануды жаңа сапалық деңгейге көтереді. Данышпан Әуезов Сағымбай Орозбақовтан Ыбырай Абрах­манов жазып алған эпос нұсқа­сы­мен алғаш 1928 жылы Фрун­зеде танысады. Академик-жазу­шының манастануға қосқан шоқ­тық­ты еңбегінің бірегейі – «Киргиз­ский героический эпос «Манас» деген көлемді зерттеуі. Моно­графиялық еңбектің алғашқы нұсқасы 1934 жылы әлдеқашан дайын болған. Автор оны әртүр­лі саяси-идеологиялық кедер­гі­лерге байланысты өзегін өз­герт­пегенімен әр жылдары шұқ­­шиып редакциялап, еселеп өң­деп, болаттай шынықтырып, шың­дай түскені байқалады.

Бұл іргелі зерттеуінде Мұхаң эпикалық мұраны түгел түр­кі­­лік кеңістікте зерттегенде ғана шынайы нәтижеге жетуге болатынын бағдарлап, кон­­цеп­туалдық соны тәсіл ұсы­нады. Жырды Күл­тегін, Тоны­көк мұра­сымен бір­лік­те зерт­теуді ұсы­нып, эпос­тың шығу тегін байыр­ғы Қыр­ғыз хан­ды­ғымен ұштас­тыра­ды. «Манас» эпосының пай­да болу кезеңін арнайы тарау етіп тал­дап, бұл эпостың ілкі сю­жеті ІХ-Х ғасыр тұсындағы Қыр­ғыз қа­ған­дығы дәуірінде тууы ықти­мал деген пікір білді­ріп, өмір­шең де өрісті идея ұсынады.

Мәселен, жалпы түркілік қаһармандық эпос сюжетінің көне үлгілері Орхон-Енисей мәтіндерінен бастау алуы мүмкін деген бағалы пікір білдіріп: «Тас жазуда Күлтегін эпостағы қаһармандай жеңілуді білмейтін батыр тұлғасында есейеді. Баяндауларда хронологиялық реттілік сақталған: Күлтегіннің он алты жасынан қырық жеті жасына дейінгі негізгі ерліктері, өмірінің ақыры суреттеледі. Мұнда қаһармандық эпостың сюжетіне ұқсастық бар» деп жазады.

Осылайша «Манас» жыры­ның көне түркілік тамырына ғылымда алғаш рет сәуле түсір­ген кемеңгер 1952 жылы 8 мау­сымда Фрунзе қаласында өт­кен дүбірлі талқылау жиында «Манас» жырын идеологиялық шабуыл жасаушылардан білім­дар­лықпен қорғап, эпостың қайтадан өмір сүруіне кепілдік береді. Мәскеуден Манасты зиян­ды, буржуазияшыл, діншіл, халық­қа жат эпос деп жариялап, қара құйын соқтырып, эпосқа қара­лы үкім шығарғалы кел­ген профессор Александр Бо­ров­­­ков бастаған топ дегені­не жет­пей қалады. Сол күні «Манас ақ­тал­ды!» деген сүйін­ші ақ­жол­тай хабар Бішкек асып, бүкіл бауыр­лас жұртты тебірентіп жібер­ді. Міне, бұл да Мұхтар Омар­­хан­ұлының жайсаң жанды жазушы ғана емес, Алаштың азу­лы көкжалы екенін көрсететін тағы бір мысал секілді.

Елбасы бастамасымен құ­рыл­ған Халықаралық Түркі ака­де­миясы ағайын елдер арасына алтын көпір болған қасиет­ті мұра­лар мен тау тұлғалар шығар­­маларын зерделеп, тағы­лым түюді алдыңғы буын ұлт кемеңгерлерінен бүгінге ұлас­қан дәстүр сабақтастығы ретін­де абыроймен атқарып келеді. Мәселен, академия алғаш рет ауқымды «Манас» энцик­ло­педиясы мен «Манас» сөздігін жоғары сапалы деңгейде жарық­қа шығарды. Бұл да болса, енші­сі бөлінбеген елдіктің көрінісі, рухани интеграцияның жетістігі.

Түгел түркі ту тіккен – Түркібасы

«Манас» эпосының тек қыр­ғыз тарихы ғана емес, түгел түр­кі­нің, соның ішінде қазақ тарихы үшін де баға жетпес қазы­на екені белгілі. Мәселен, дария­дай дастанның С.Орозбақов нұс­қа­сында Ташкентті билеп тұрған Қытай әскерінің қолбасшысы Панус ханның қалың қолымен түркілердің шайқасы баяндалады. Дастанға құлақ түрсек, шайқас қызған тұста Манастың кеңесшісі Бақай қытай қолындағы тамырлас тайпаларға ұран тастайды. Түркі мен моңғолдың туыс екенін еске салып, бауырларды бірлікке үндейді. Мұны естіген қарсы жақтағы түркі тайпаларының көсемдері кеңес құрып, ақылдаса келе, төрт жүз мың әскерден құралған қалың қолды алып кетеді. Осылайша Ташкенттен жет­кен жаужүрек жауынгерлер Манастың баһадүрлерімен бірі­гіп, жауды қоршайды. Үш күнге созылған қанды шайқаста жау жағы күйрей жеңіледі. «Түркінің бәрі дүркіреп, Күн батыс жұрты күркіреп, Қазақ, Қырғыз, Өзібек» бастап, түгел түркінің басын қосқан құтты Жыланды жерінің содан бері «Түркібасы» деп аталғанын алға тартқан дастан:

«Түркі ұлы тұтас біріксе,

Келе алмас оған дәрменің» –

деп, бауырластардың бірлігінен туатын құдіретті күшті ту етіп жырлайды.

«Қазақ, қырғыз бірікті,

Қытайлардың соры екен.

Алты жүз мың қол болып,

Арада Қытай қамалып,

Бұрынғы аты Жылан су,

Түрік-оғлы түмен барғаны.

Бас қосты бәрі түрік деп,

Жыланды аты жоғалып,

Түркібас атқа қалғаны.

Түркібас аты өшіпті,

Қазіргі ақыр заманда,

Түлкібас атқа көшіпті» – дейді дастан.

Осы орайда бірнеше мәселе­ге ден қою қажет сияқты.

Біріншісі – Түркібасы атауы. Расында, әрісі түркі, берісі қазақ тілінде «р» мен «л» ды­быстарының орын ауысты­руы жиі кездеседі. Мәселен, «мұсылман» сөзі кейде «мұ­сырман» деп айтылса, «зарар» сөзі де «залал» ретінде қол­даныла береді. Сол сияқты «қа­перімде» деген сөз «қапелімде», «рұқсат» сөзі де «ұлықсат» деп айтылып, «р» мен «л» дыбыс­тары өзара өзгеріске ұшы­рай­ды. Мұны кезінде әйгілі түркі сөз­ді­гі­нің авторы Махмұд Қаш­­қа­ри да ескерткен екен. Ендеше ака­демик В.В. Бартольд 1893 жыл­ғы Орталық Азияға сапарын­ың есебінде жазғандай, Түркі­басы­ның әуелгі атауы өзгеріс­ке ұшы­рап, ел арасында Түлкі­басы­ға ай­налып кетуі бек мүмкін. Сондық­тан «Манас» дастанында:

«Түлкібасы, Сайрамды,

Түпкі аттарын аударып,

Түзеген неше жайларды»,

деп жазылуында үлкен мән бар деп ойлаймыз. Осыған байла­ныс­ты, Түлкібасты «Түркібасы» деп атау жөніндегі ұсынысты қолдаймыз.

Екіншіден, құдіретті Естеми қаған орда тіккен Екітау – ақбас Алатау мен қарт Қаратаудың төс түйістірген тұсында, тари­хи Жібек жолының бойы­на орна­ласқан Түлкібасы топы­­рағы ака­де­­мик В.В.Бар­тольд айтатын Мың­бұлақ пен Жүзбастаудан алыс емес. Ал Қытай дерек­терін­­де аты айрықша аталатын шөбі шүй­гін, аң-құсы мол Мың­бұлақ жері көк түріктердің негі­зін қалайтын он оқтардың ор­д­алы ордасы һәм қағанның жаз жайлауы болған. Қытай сая­хат­шысы Сюань Цзянь өз жазба­ларында көк түріктердің қаға­нын Мыңбұлақтағы жайлауын­да көргенін айтады. Бағзының бір баяны «Көне Таңнама» кіта­бында Тоң ябғудың түркі қаға­н­атының ордасын Шаштың (Таш­кент) теріскей жағындағы Мыңбұлаққа көшіргені жазыл­ған. Дастанда айтылатын Жы­лан­­ды өзені Арыс, Құлан, Ақсу, Жабағылы, Кемербастау, Күміс­­бастау, Көкбұлақ, Машат, Балық­ты сияқты Түлкібас жері­нен бастау алатын өзендер­дің бірі. Айта кетерлік жайт, осы Жылан­ды Алатау мен Қара­таудың ара­сын­дағы кең жазық­ты алқапта жал­ғыз кіндіктөбе болып тұрған Түркі­басы жота­сының жанынан басталады.

Үшіншіден, тарлан тарих­­тан белгілі, түркілер мен мұсыл­мандар­дың бірлескен қолы шы­ғыс­тан жеткен қытай қау­пі­не қарсы тұрып, 751 жылы осы Мыңбұлаққа жақын қазір­гі Жуан­төбе жеріндегі Атлах (Отлақ) қаласында кескі­лес­кен шай­қас болған. Қытай­лық қол­басшы Као Шиен-чи Таш­кент әміршісі Бағатұр Тудун­ды азаптап өлтіргеннен ке­йін дүр­кірей көтерілген түркілер мұ­сыл­ман­дардан көмек сұрай­ды. Зияд ибн Салих бастаған мұсылман әскері мен Таң әскері бетпе-бет келіп, кескілескен шайқас бес күнге созылады. Соғыс­тың соңғы күні Таң әскері сапындағы қарлұқтар көтері­ліс жасап, ту ұстап туыс­тары жа­ғына шығып, жаудың бір бү­йірі­нен ойсырата соққы береді. Есең­гіреп қалған Таң қосыны қос тарап­тың қысымына шыдамай, майдан даласын тас­тап қаша­ды. Ибн әл-Асирдің жазуын­ша Као Шиен-чидің 50 мың әскері жер жастанып, 20 мыңы қолға түскен.

Осылайша шы­ғыс­тан төнген қауіптің бетін бір­жола қайырған түркі тайпалары мұсылмандармен етене араласып, нәтижеде лек-легімен ислам дінін қабылдай бастаған. Ендеше тарихта «Талас соғысы» деп аталатын бұл ұлы шайқас Шаш жерінен басталып, Атлах­та аяқталған деуге негіз бар. Ал Ташкент пен Атлахтың, Сай­рам мен Мыңбұлақтың ара­сын­дағы жазық дала – Түркі­басы жері. Кескілескен шай­қас­тың бетбұрысты кезеңі осы тұстан басталып, қашқан жау­ды талқандау Атлах қаласын­да аяқ­талуы бек мүмкін. Міне, мың­жыл­дық­тардың шежіре­сіндей «Манас» дастаны осы ақиқатқа меңзеп тұрғандай.

Ендеше Мәңгілік елдің сарыны іспетті Манасты қайта, қайыра оқиық.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ