Қазақстан • 09 Қазан, 2017

Колин Нокс: Қазақстан дамудың өзіндік жолын қалыптастырған ел

402 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Назарбаев Университетте» шетелден келген танымал ғалым, профессорлар баршылық. Солардың бірі – Мемлекеттік саясат саласындағы философия докторы, профессор Колин Нокс. Ғалыммен тілдесудің сәті түсті. Әңгіме барысында оның зерттеу жұмысының бағыттары, Қазақстан туралы ой-пікірін сұрадық.

Колин Нокс: Қазақстан дамудың өзіндік жолын қалыптастырған ел

– Университетте қазақ жас­тарына дәріс оқып жүр­геніңізге біраз болды. Олардың қарымын жақсы білесіз. Осы орайда, қазақстандық сту­денттердің қабілетін бағамдай отырып, еліміздің болашағына қандай болжам жасай аласыз?

– Бұл – өте ауқымды сұрақ. «Назар­баев Университет» – елдегі ең үздік студенттерді жинайтын білім ордасы. Оқу­ орны өзінің оң имиджін қалып­тастырған. Біздің мектеп бакалаврдан кейінгі білім беретін болғандықтан, түлектеріміздің дені бәсекеге қабілетті және өте елгезек. Әсіресе жоғары оқу орнын аяқтаған шәкірттердің деңгейі өте жоғары екені таң­дандырады. Мәселен, мем­лекеттік басқару дәрісінде студенттер айтқанды қағып алып, пікір алмасуға әзір тұрады.

Қазақстанның алға қойған мақсаты биік. Мұндай талаптың болуы құптарлық жағдай. Қазақстанды дамыған елдермен салыстыратындар көп. Бірақ сол экономикасы мен саясаты оза шапқан мемлекеттер қазіргі деңгейіне бір күнде жеткен жоқ. Олардың болмысы ғасырлап қалыптасты. Ал Қазақстанның тәуелсіздік алғанына небары 26 жыл толды. Осы аралықта Қазақ­стан көп жетістіктерге қол жеткізді. 

Кейд­е біз секілді батыс демократиясынан сусындаған адамдар Қазақстанға өз ұстанымымызбен қарап, сол тұрғыда сынға аламыз. Меніңше, бұл дұрыс емес. Өйткені, бірінші кезекте елдің тарихы, дәстүрі, мәдениеті және даму жолы ескерілуі тиіс. 

Президенттеріңіз бір сөзінде дамудың қазақстандық жолы бар екенін айтқан-ды. Меніңше, Нұрсұлтан Назарбаев тарихқа терең үңіліп, дәстүр мен мәде­ниет­ті ескере отырып, Қазақ­стан­ның өзіндік даму жолын қа­лыптастырды. Тәуелсіздік алған тұс­пен қазіргі кезеңді салыстырып қарасаңыз, өзгерістердің өте көп екенін байқауға болады. Мұның бәрі – 26 жылда қол жеткізген табыс. 

Әр елдің өзіне тән даму бағыты, өзіндік демократиясы болуы тиіс. Демо­кратияның америкалық немесе фран­циялық үлгісін Қазақстанда қолдану мүм­кін емес. Оны енгізген күннің өзінде бәрі жақсарып кетуі неғайбыл. Өйтке­ні атал­ған жүйелер ғасырлар бойы, жергі­лікті ұлтқа негізделе отырып қанат жайды. 

Қазақстан басқа елдердің тәжірибесіне сүйене отырып­ дамудың өзіндік жолын қалып­тастырғанымен, қазақы бағы­тынан ажыраған жоқ. Қазақ­станның басқа мемлекеттерден артықшылығы – жаңаруға ашық болуы. Мәселен, «Болашақ» стипендиясы секілді бағдарламалар арқылы елдегі ең талантты жас­тар шетелден білім алуға жіберіледі. Бұл – елдің дамуына салынған инвестиция. 

– Қазақстандағы үкіметтік емес ұйым­­дарды зерттеген екен­сіз. Қандай қо­­ры­­тынды жаса­дыңыз? Біздегі үкі­мет­­тік емес ұйым­дар қалай қызмет етеді?

– Жалпы, дамыған елде үш сектор бар деп қарастырамыз: мемлекеттік, жекеше және қоғамдық. Дамушы елдердің көбінде үшінші секторды ілге­рілету керек. Қазақстанда атал­ған саланың қанат жаюы елдің әлеуетін арттыру үшін маңызды. 

ҮЕҰ-лардың тағы бір ерек­шелігі – мемлекеттік сектормен бірлесе отырып қоғамдық қызметті өркендетуге атсалысады. ҮЕҰ билікке көмекші құ­рал ретінде қызмет етіп, назардан тыс қалатын шағын топтың дауысын билікке жеткізеді. Қазақстан мұндай ұйымдардың тиімділігін көруі тиіс деп есептеймін.

Біздің бір студентіміз Қазақ­стандағы аутизммен ауыратын балаларға көр­сетілетін қызмет сапасын зерттеп көрген еді. Елде ондай науқасы бар жандарға көптеген азаматтар әлеуметтік желілер арқылы өздерінің ақыл-кеңестерін айтып, қолдау көрсетіп тұра­тын көрінеді. Егер үкіметтік емес ұйым­дар осы ба­ғыт­та жүйелі жұмыс істесе, аутизммен ауырғандарға көрсе­ті­летін мемлекеттік көмек ұлғая түсетін. 

– Өмір сапасы да сіздің зерт­теу объек­тіңізге кірген екен. Жалпы, Қа­зақ­стан хал­қы­ның әл-ауқатын қалай бағалайсыз?

– Білім, денсаулық, әлеу­мет­тік қам­сыз­дандыру секілді салалар – қоғам­дағы өмір сапасының негізгі іргета­сы. Дамыған елдерде биліктің бас­ты міндеті – солардың сапасын көтеру. Үкімет өзіне берілген мерзім ішінде халықтың әл-ауқатын қалай көтер­генімен бағаланады. 

Үкімет өзіне берілген мер­зім­дегі атқарған жұмысына қандай баға береді? Әуелден биліктің басты мақсаты халықтың тұр­мыс-тіршілігін жақсарту емес пе?! Бұған жауап айту үшін мынаны ескеру керек. Қазақстанды дамыған елдердің жағдайымен салыстыру дұрыс емес. Өйткені олар әлдеқашан көп нәрсенің қыр-сырына қаныққан, жүйесі орныққан мемлекеттер. Есе­сі­не, Қазақстанды өзімен дең­гейлес елдермен салыстырып­ көруге болады. Мәселен, Қазақ­стан әлемнің дамыған 30 елі­нің қатарына енуді көздейді. Ендеше, сол тізімнің 26-30 сатысы аралығында жайғасқан мем­лекеттердегі жағдайды ба­ғам­дап көрген жөн. Содан кейін қай салаға көңіл бөлу ке­рек екені нақтыланады. Өйт­­кені Қазақстан сол 26-30 орын­­дардағы елдерді тізімнен ығыс­тырып шығуы тиіс. 

– Астанаға келгеніңізге біраз уақыт болыпты. Содан бері елорда қалай өзгерді? Алғаш келгенде қандай ерек­шелік­тер байқадыңыз?

– «Назарбаев Универси­тетте» жұмыс істегеніме бір жылдан асып кетті. Әйтсе де оған дейін бір мәрте Астанада болғаным бар. Он жылдай бұрын қысқа мерзімдік жобаны жүзеге асыру мақсатында Қазақстанға екі апталық іс-сапармен келдім. Содан бері Қазақстан, әсіресе Астана өте қатты өзгерген. Батыстан келгендер Астананы кейде «крандар қаласы» деп атайды. Өйткені әр келген сайын крандардың көптігін, қаланың үздіксіз дамып жатқанының куәсі боламыз. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі де шаһарға үлкен серпін әкелді. Таяуда көрмені аралап шықтым. Өте керемет, бетке ұстар жоба екен. 

Ең алғаш келгенімде уни­верситеттің қазіргі тұрған орны мидай жазық дала болатын. Бірақ білім ордасының аумағы жыл санап көркейіп келеді.

Бұрын университет пен шаһар арасы ашық алқап еді. Аз мерзімнің ішінде екі араға көптеген ғимараттар салынды. 

– Мұнда қандай пәндерден дәріс оқисыз?

– Біздің мектепте негізгі үш бағыт бар. Ең әуелі, мемлекеттік саясат бойынша магистратура. Бұл пәнге бакалавриатты аяқтағанына көп уақыт өтпеген, жұмыс тәжірибесі аз және мемлекеттік қызмет атқаруды қалаған үміткерлер қабыл­данады. Екінші магистрлік бағдарлама – мем­лекеттік басқару. Үшіншісі – мемле­кеттік саясат бойынша докторлық оқу. Яғни мен дәріс оқитын сабақтардың дені осы мемлекеттік саясат пен мемлекеттік басқаруға негізделген.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен
 Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»