Күйшілік өнерін қазақтың Қадыр ақыны осылай жырға қосқан Тұяқберді ШӘМЕЛОВПЕН Президенттік мәдениет орталығында өтетін шығармашылық кеші қарсаңында әңгімелескен едік. Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, белгілі күйші-композитор, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның халық әртісі Тұяқберді Шәмеловтің Арқаны аламан күйдің дүбіріне бөлеуінің өзіндік себебі бар. Ол елорданың еңсесі зәулім ғимараттарымен ғана емес, мәдениеті мен өнеріндегі өнеге өрнектерімен де биік тұруы тиіс деп есептейді. Ол үшін ерке Есілдің жағасын әуелі қазақтың дауылпаз күйі тербеп жатуына бірден-бір мүдделі өнерпаз.
– Тұяқберді Қажыгерейұлы, естуімізше, сіз жуырда туған ауылыңыздың ауасын жұтып, адамдарының ақеділ мейіріміне шомылып қайтыпсыз. Сол сапарыңыз туралы қысқаша әңгімелеп берсеңіз.
– Батыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында өткен өнер кешімді әсіресе, қарапайым халықтың өте ыстық қабылдағанына марқайып қайтқан жайым бар. Осындай шығармашылық кеш кіндік қаным тамған жер – Бөкей ордасы ауданы, Саралжын ауылында да ұйымдастырылып, концерт аудандық ұлт-аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен жұрттың көңілінен шыққан бір мерейлі шара болғаны сөзсіз. Құрманғазы бабамыз мен Дина анамыздың қайта түрленген тамаша туындыларына ондағы жұрт сусап-ақ отырғандай әр күй орындалған сайын қошеметтерін аямай, ризашылық сезімдерін білдірумен болды. Ара-тұра өзім жазған әндерге кезек берілді. Ән мен жыр дегенде халықтың қалай арқаланып кететініне осы кеште тағы да куә болдым. Бізде кейде тыңдарманның атына сыни көзқарастар айтылып қалып жатады. Көрерменнің мәдениеті төмен деген сияқты біржақты пікірлерді де еститініміз рас. Жалпы мен өз басымды өзге жұрттың алдында халқымыздың хас өнерін насихаттауда бір кісідей тер төккен адаммын деп есептеймін. Талай елдің тыңдаушысын көріп жүрген адам ретінде айтарым: әлемде қазақтай өнердің қадір-қасиетін бәрінен жоғары қоятын, ата-бабадан қалған мұраға өте мұқият қарайтын халықты көрген емеспін. Ауылымның аялы алақаны мен ілтипатынан көкірегіме мол тағылым түйдім деуіме болады. Жергілікті өнерпаздар Жоламан Сейсенғалиев пен Жанаргүл Қуанышеваның, сонымен қатар Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншілері Еркін Өтегенов пен Дастан Есентеміровтің шырқаған әндері қандай әсерлі бояумен әуеледі десеңші. Ғайсағали Сейтақтың сөзіне жазылған «Бөкей орда, жасай бер» атты әнімнің тұңғыш рет орындалғанына қарамастан, халықтың соншалық сүйіспеншілікпен қабылдағанын өз көзіңмен көру бақыт екен. Аудан әкімі Рахман Карин мырза «Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы» белгісін тапсырды. Айналайын, алтын бесігім құрметтерін көрсетіп шығарып салды.
– Ал бүгін Президенттік мәдениет орталығында өтетін кешіңізде қандай шығармалар орындалады?
– Кеште Құрманғазының «Кішкентайы» мен «Арба соққан», сондай-ақ Мәменнің «Ақшолпан» күйлері орындалады. Дәулеткерейдің «Байжұмасын», Ұзақтың «Ақжелеңін», Динаның «Қазақстанын» тартпасаң кештің ажары кіре ме? Тағы да өзім жазған бірқатар күйлермен қатар, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құрметіне «Асқаралы азамат» (М.Құлкенов), «Ауылым аңсарым» (М.Райымбекұлы), «Қадыр ағаны жоқтау», «Ақ әжем» (Ш.Қыдырниязова), «Шағала сағыныш» (А.Бақтыгереева), «Нұрғиса ағаға сағыныш» (Т.Молдағалиев), «Тырналар» (М.Машекенов), «Домбыра» (Қадыр Мырза Әлі), «Ауылым – әсем ән сағым», «Ауылымды сағындым» (А.Асылбек), «Күндер-ай» (Б.Төлебаев) сияқты біраз әндерімді тарту етемін.
– Домбыраны алғаш қолыңызға қанша жасыңызда ұстадыңыз?
– Төрт жасымда сол өңірдегі атақты күйші Аманғали Иманмағзомұлы қолыма домбырасын ұстатқан екен. Әкем де керемет күйші болған кісі. Уақыт өткен сайын қасиетті аспаптың үнін құлағыма құя берген ол бір күндері тіптен осымен шындап айналыса бастайды. Мен өзімнің күй өнері сырларын алғаш Аманғали сынды нағыз күйдің құлагерінен үйренгенімді қай жерде де мақтаныш етуден жалыққан емеспін. Кейін сол сүрлеу мені Құрманғазы атындағы консерваторияның даңғыл соқпағына түсіргені тағдырымды түпкілікті қазақтың күй өнерімен сабақтастыруыма себепші болды. Өнер адамының тағдыры туралы әр түрлі сөздер халық арасына кең тарайды. Соның ішінде күйшілер жайында ешқашан көңілге кірбің ұялатар әңгімені құлағымыздың шалмауы күйдің терең иіріміндеріне бойлаған сайын білгіміз келген құпияларды аша түсуімізге итермеледі. Ал күйдің құдіретіне құлақ асқан адамның халықтың талай ғасырдан бері сары майдай сақтап келе жатқан інжу-маржанын қадірлемеген кезін көрдіңіз бе? Қазақтың домбырасы мен күйі көкжиегінен осылайша көл-көсір тағылым төгіп тұрғанда осы елдің рухани көшін шеттен алапат бір сойқан күш көшіріп әкетеді деген қауіп-қатердің негізсіз екеніне көзім жетеді.
– Сіз қызметіңізді Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінде қатардағы домбырашыдан бастапсыз. Өнердің сынынан кей жандар сүрініп кетіп, опық жеп жататын жағдайлар болады. Ал сіздің өнер жолыңыз қалай болды?
– Қатардағы домбырашыдан бас концертмейстерге, одан кейін жеке орындаушыға ауыстым, енді міне, бүгін көріп отырғаныңыздай, еліміздегі нөмірі бірінші болып есептелетін, 77 жылдық тарихы бар айтулы оркестрге көркемдік жетекшілік етіп, кез келген өнер адамының арманы дерлік тұғырда тұрмын. Осыған дейінгі небір бұралаң-бұлтарысы қаптаған ну ормандай тіршіліктің тізгіні кейде бұра тартып, басқа тұсқа әкетіп жатса, енді бірде сол түйіннің бәрі жаңбырдан кейін ашылған аспанның жүзіндей құлпырып, мерей асырар мезеттің рахатын татасыз. Жалпы күйге жай күнделікті күйбең тірліктің күрең белінен әріге аса алмайтын жандар келмейді. Келіп қалған жағдай болса, ізім-ғайым жоғалып кеткенді ғана көріп жүрміз. Мұнымен не демекпін, мәселе жаңағы айтып отырған қызметте емес, мұнда сіз мейлі концертмейстер болыңыз, мейлі көркемдік жетекші болыңыз, жұрт тек шынайы өнерге баға береді. Кімнің қай жерде отырғанына қарап бағаланбайды. Менің осы оркестрдің құрамында өнер көрсетіп келе жатқаныма қырық жылға жуықтапты. Жұмыр жердің қай қиырына сапар шекпеді дейсіз? Америка, Италия, Франция, Корея, Ауғанстан, Португалия, Пәкістан, Қытай мен Алмания асқан кездерде жүрегімді сыздатқан ұлттық аңсардан ешқашан аттап кеткен емеспін. Біреулерге сондай мезеттерде көкейімізде тек қана дәстүрлі күй өнері арқылы қазақты барша жұртқа таныстыру мақсаты тұрды деген қағида күмәнді түйілуі мүмкін. Күй толқытпаған көкірек мұндай сезімді қайдан ұқсын?! Және бір ғажабы, сол бөгде жұрт біздің өнерімізге қатты қызығушылық танытып, тіпті кеш соңында жібермей, көп сұрақтың астына алып жататынын қайтерсіз. Себебі, қазақтың тарихы мен мәдениетін өзге елге қазақтың күйі мен домбырасы тұрғанда басқа нәрсемен түсіндірудің қажеті бола қояр ма екен. Осы екі киелі дүниесімен-ақ талай сырды тереңнен тебірене жеткізу қиын емес.
– Шет елдегі жастарға біраз дәріс беріп қайтқан көрінесіз.
– 1996 жылы Қазақстан мен Қытай елі мәдениет министрліктері өзара келісімімен ҚХР-ның Шыңжан өлкесі, Құлжа қаласындағы қазақ, ұйғыр, сібе, хансу, дұңған сияқты ұлттардан құралған оркестрді басқарып, алты ай бойы сондағы өнерпаздарға кәсіби тұрғыдан дәріс бердім. Сырттағы қандастар күйді тіпті алабөтен сезіммен тыңдайды екен. Өйткені, біреуден біреу іле жаттап, ауыздан ауызға тез тарайтын жыр өнерінің жөні бөлек те, ал күй өнері мұндай үлгіден әлдеқайда күрделі иірімдегі құдіретті дүние. Қазақтың бүкіл тұрмыс-тіршілігі мен болмыс-бітімі, тағдыр-тарихы жайында жазылған том-том кітаптар сөрені майыстырса, осылардың түгелдей күй шежіреге сыйып кету сыры адамға үлкен ой салады. Қазақтың арғы-бергі композиторларының біраз ән-күйлерін оркестрдің репертуарына енгізуге жіберген уақытымды бос кетті дей алмаймын. Сол аралықта аталмыш өнер ұжымының сандық нотасын еуропалық нотаға аударып шықтым. Қазақстан өнертанушылары мен зерттеушілерінің, музыканттардың еңбектері мен оқулықтарын Қытайдағы қандас бауырларға таратудың екі ел арасындағы шығармашылық байланысқа тигізген пайдасы ұшан-теңіз.
– Шығармаларыңызға көбіне қандай тақырыптарды арқау етесіз?
– «Отан оттан да ыстық» демей ме халқымыз. Сол айтқандай, алдымен туған жерге бас иіп, барыңды арнауға борыштарсың. Күй арқылы мұндай асқақ ұғымдар дауылпаз рухта жырланары сөзсіз. Жастарды патриоттық сезімге, Отанды сүюге тәрбиелеу күн тәртібінде тұрған басты мәселе десек, ендеше оның қайнар көзін басқа беймәлім жақтардан іздеудің әсте қажеті жоқ. Бабалар тағылымынан ескен құдіретті күй сондай тамаша арнаға бастайды. Сайын даланың қай түкпіріне барсаңыз да сол саздың сандуғашы сайрап тұр. Осыншама байтақ даланы жайлаған өнердің тілімен адамзат арманының ұшар шыңына қол жеткізуге болатынын сезінудің өзі адамға бір ғанибет. Сол себепті Отанға арналған орамды туындылар қашанда биік тұра беретін болғандықтан, одан қазіргі күйші-композиторлар да шет қалып жатқан жоқ. Оның үстіне біздер бүгінгі тәуелсіздікке жетуіміздің қаншалық қымбат жолдармен келгенін білетін ұрпақпыз. Қиындықпен бетпе-бет арпалысқанбыз. Қарап отырсаңыз, осы жүрген жолдарымыздың бәрі ертең тарихқа айналып жатыр. Сол парақтарды әлі парықтар ұрпақ туады. Аға ұрпақтың әр саладағы іздеріне зер салғанда, бізден олар қандай тәлімді ізгілікті табуы керек деген тұрғыда көп ойланамын. Осы ойлар мазалағанда ұйқым шайдай ашылады. Отан, туған жер туралы іштегі шерді күймен тарқатуға тырысамын. Күйлерімнің біразы достық пен махаббат сияқты аяулы сезімдерге арналған. Күйдегі, болмаса басқа өнердегі жасандылықты жасыруға болмайды. Әсіресе, адалдық пен адамдық бедерді бейнелеу тек сезіміне селкеу түспеген шынайы жүректен ғана туары анық. Сондықтан жалпақ жұртқа оны жария етпес бұрын осы еңбегің қаншалықты жүрегіңнің сиясымен жазылғанына үңіліп алғанның артықтығы жоқ. Елордадағы кешімде сондай көңіл сүзгісінен өтіп барып, өмір сүріп жатқан туындыларымды ұсынып отырмын.
– Дүниеден өтіп кеткен немесе ұмыт бола бастаған кейбір күйшілердің туындыларын зерттеуде де біраз іс тындырып тастаған сияқтысыз.
– Үлкен жұмысымның бірі – шектінің ұрпағы, Тілеуұлы Мөңке бидің төрт күйін тауып, оның табиғаты мен тарихын зерттеп, нотаға түсіргенім. Бұл қазақтың күй мұрасын толықтырған тағы бір айтулы табысымыз болып табылады. Осы төрт туындыны халыққа алғаш жеткізуші де өзіммін. Мөңке бабамыздың «Жиын, алқа, кеңес», «Қиқу дәурен», «Шалқыма», «Өттің, жалған-ай» күйлері бүгінде баға жетпес рухани байлығымызға айналып үлгерді.
– Кейінгі кезде күйді эстрадаға қосып, үлгісін түрлентіп жеткізетін өнерпаздар сахнаға шығып жүр. Күйші ретінде осыған өзіңіздің пікіріңізді білдіре кетсеңіз.
– Қасиетті домбыраның құлағын оңды-солды соққылап, дабырлаған батыстық әуенге қосып, күйдің байырғы байыпты нұсқасын бұзып жүргендерді жүгендегім келеді. Әсіресе екпіні қай қазақтың болсын намысын жанитын өршіл рухтағы «Адай» күйін айғыздап бітетін болды. «Сарыарқа» күйі де сондай жеңіл әуеннің жетегіне еріп кете барды. «Сарыарқаның» сарқырама мінезін басқаның барабанымен бас үйретеміз деушілік қателік. Бірақ енді талғам талқыланбайды демекші, өмір бір орында тапжылмай тұра бермейді. Өнер бұлағының басына әр түрлі жандар келіп-кетіп жатуы заңдылық. Кімге не деп наз айтасың. Бүгінгі жастардың құлағына жету үшін сондай байламдар жасалуда деп, оған араша түскісі келетін де жоқ емес. Бірақ кім не десе де, адам байырғы тамырдан тәтті жеміс таппайды. Мұның бәрі бір сәттік әуестікпен жұртты өзіне тартқанмен, бірте-бірте ескіріп қалып қоятын уақытша жылтырақтар. Жақында елімізде «Мәдениет» телеарнасы ашылғанда жүрегіміз жарыла қуандық. Бұл арна да дәл біз секілді дәстүрлі күйшілердің жүрегін тебіренткен жайттарды қозғайды деген сенімдемін. Эстрада мен классикаға қарсымын деген сөз емес, бірақ қазақтың қазақ екенін өзге жұртқа паш ететін дүние қашанда дәстүрлі өнерлер екенін есте ұстағанымыз абзал. 2005 жылы Құрманғазы оркестрі, Астана симфониялық оркестрі гастрольдік сапармен Америкаға барған болатынбыз. Сонда бірінші болып сахнада симфониялық оркестр өнер көрсетті. Біз екінші кезекке қойылыппыз. Бірақ бірінші боп немесе соңынан өнер көрсеткенде тұрған ештеңе жоқ. Мұны біз «Көңілашар» күйін орындаған сәттегі америкалықтардың көрсеткен ықыласынан сезіндік. Залдағы жұрт көпке дейін қолдарын соғып орындарынан тік тұрды. Концерттік бағдарлама көзді ашып-жұмғанша өте шығатын нәрсе болғандықтан, өнеріміздің тез бітіп қалғанына өкініп жатыр. Осы кезде «Симфониялық оркестрдің өнерінен гөрі сіздерді көбірек тыңдағымыз келеді. Себебі, Нью-Йорктің бір басында жүзден астам симфониялық оркестр бар, ондай музыкаға өзіміз де қат емеспіз» деген америкалықтың сөзі жадымда жатталып қалыпты. Шетелдік көрерменді бұрын-соңды құлағы шалып көрмеген өнер көбірек қызықтыратынын сонда анық байқап қайтқанмын.
– Ұзақ пен Мәмен сынды кемеңгер күйшілердің туындыларын да көп дәріптеп жүрсіз.
– 5-6 шілдеде Орал қаласында күйші-сазгер Мәмен Ерғалиұлының 140 жылдығына арналған тұңғыш республикалық домбырашылар байқауы өтті. Құрманғазының төл шәкірті, күйші Мәменге арналған бірде-бір шара өтпегендіктен, ХІХ ғасырда өмір сүрген тұлғаның бізге тек «Қаражан ханым», «Он алтыншы жыл», «Қайғылы қара» сияқты жеті-сегіз күйі ғана жеткен. Ол туралы Әлекей, Түркеш секілді дүлдүл күйшілердің өнерін кішкентайынан құлағына құйып өскен, тіпті келіні Динамен де күйтартыста бақ сынасқан деген ел арасына аңыз әңгіме тарап кеткен. Мәменнің туған әкесінің аты – Мұрат, Жаңақала ауданы Пятимар ауылындағы көнекөз қариялардың айтуынша, Ерғали оның нағашысының аты. Мәмен Құрманғазы күйлерінің ел жадында сақталуына көп тер төксе, оның шәкірттері Қали мен Оқап Мәмен жауһарларының ұрпақтан ұрпаққа жалғаса беруіне айтарлықтай үлес қосты. Мәмен күйлері негізінен лирикалық саздылығымен жан баурайды. Тұла бойы отты сезіммен өрілгендей шоқ қариды. Ұзақ туралы да ұзақ толғайтын кез келеді әлі. Осы даланың екі сардарының басын көтеретін уақыт әлдеқашан жетті. Осыған қалайда қаржы табуым керек. Жер-жерде бұл ойды қозғап та жүрмін. Тарихымыз, кешегі ізгілікті із жоғалмасын дейтін болсақ, оған елдің бас көтерер азаматтары дер кезінде көмек қолын созар деген үміттемін.
– Олардың күйлерін зерттеп, халыққа жеткізіп жүрген жандар бар ма?
– Мен өзімді осы Мәмен мектебінің өкілімін деп есептеймін. Ендеше, оның еңбектерін, өмірін халыққа жеткізуде кеш қалдық деп өкінетін жайымыз жоқ. Әзидолла Есқалиев та сол мектептен өнеге түйген, сол сияқты бүгінде әр мектептің белгілі тұлғаларын қоса отырып, неге бір телевизиялық жобаны қолға алмасқа деген ой келеді. Бұған Жанғали Жүзбаев, Ермек Қазиев, Едіге Нәбиев, Айгүл Үлкенбаева, Шәміл Әбілтаев, Біләл Ысқақ, Қошқарбек Тасбергенов, Секен Тұрысбек, Тұрар Әліпбаев секілді тағы да басқа өңірлерден шыққан небір күйшілерді тартса, соның жиынтығының өзі-ақ қыруар байлыққа айналмай ма?
– Әңгімемізді Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрі туралы ойларыңызбен түйіндесек.
– Аңсар-армансыз адамды қанатсыз құсқа теңеп жатпай ма? Сол айтпақшы, менің де жанымды жегідей жейтін бір арман бар. Өзінің орындаушылығымен, көркемдік шығармашылығымен басқалардан өзгеше дара тұрған Құрманғазы оркестрін жұрт әлдеқашан әлемдік деңгейдегі ұжым деп қабылдап қойған. Енді осы өнер ошағының несі кенде дегенде, «ұлттық» деген атау берілсе, қай жағынан да оған лайықты болып тұрар еді. Ұжымымыз халықаралық оркестрлер байқауының бес дүркін жүлдегері. Дүние жүзінің барлық аймағында радио мен теледидар арқылы Құрманғазының «Сарыарқа» күйін оркестрдің орындауында тұрақты беріп тұру құқын жеңіп алғаны туралы біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Оркестрдің репертуарында дәстүрлі күйлермен қатар дүние жүзі халықтарының 4 мыңға жуық классикалық шығармалары бар. Американың «Корнеги Холл», «Кеннеди центр», Римнің «Аудиторим», Берлиннің «Берлин Хаус», Париждің «ЮНЕСКО залы», Мәскеудің «Съездер сарайы», Үлкен театры, П.Чайковский атындағы концерттік залы, Бейжің мен Шанхайдың концерттік залдары дүр сілкінген ғажайып күйдің құдіретін айтып тауыса алмаспыз. Әлемдік биікке ұмтылған күй қанаты мұнан да асқақ шыңдарға самғай береріне сенімім мол.
Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.