27 Қазан, 2011

«Мың тұяқтың дүбірі – бір тұяқтың саусағы»

721 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Күйшілік өнерін қазақтың Қадыр ақыны осылай жырға қосқан Тұяқберді ШӘМЕЛОВПЕН Президенттік мәдениет ор­талығында өтетін шығармашылық кеші қарсаңында әңгі­ме­лескен едік. Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік ака­де­миялық ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі, белгілі күйші-композитор, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақ­станның халық әртісі Тұяқберді Шәмеловтің Арқаны аламан күйдің дүбіріне бөлеуінің өзіндік себебі бар. Ол елорданың еңсесі зәулім ғимараттарымен ғана емес, мәдениеті мен өнеріндегі өнеге өрнектерімен де биік тұруы тиіс деп есептейді. Ол үшін ерке Есілдің жағасын әуелі қазақтың дауыл­паз күйі тербеп жатуына бірден-бір мүдделі өнерпаз. – Тұяқберді Қажыгерейұлы, естуімізше, сіз жуырда туған ауы­лы­ңыздың ауасын жұтып, адамда­ры­ның ақеділ мейіріміне шомылып қайтыпсыз. Сол сапарыңыз тура­лы қысқаша әңгімелеп берсеңіз. – Батыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында өткен өнер кешімді әсіресе, қарапайым халық­тың өте ыстық қабылдағанына мар­қайып қайтқан жайым бар. Осындай шығармашылық кеш кіндік қаным тамған жер – Бөкей ордасы ауданы, Саралжын ауылында да ұйымдас­ты­рылып, концерт аудандық ұлт-аспап­­тар оркестрінің сүйемелдеуімен жұрт­тың көңілінен шыққан бір мерейлі шара болғаны сөзсіз. Құрман­ғазы бабамыз мен Дина анамыздың қайта түрленген тамаша туындыла­рына ондағы жұрт сусап-ақ отырған­­дай әр күй орындалған сайын қоше­меттерін аямай, ризашылық сезімдерін білдірумен болды. Ара-тұра өзім жазған әндерге кезек берілді. Ән мен жыр дегенде халықтың қалай арқа­ланып кететініне осы кеште тағы да куә болдым. Бізде кейде тыңдар­ман­ның атына сыни көзқарастар айты­лып қалып жатады. Көрерменнің мә­дениеті төмен деген сияқты біржақ­ты пікірлерді де еститініміз рас. Жал­пы мен өз басымды өзге жұрт­тың алдында халқымыздың хас өне­рін насихаттауда бір кісідей тер төк­кен адаммын деп есептеймін. Талай елдің тыңдаушысын көріп жүрген адам ретінде айтарым: әлемде қазақ­тай өнердің қадір-қасиетін бәрінен жоғары қоятын, ата-бабадан қалған мұраға өте мұқият қарайтын халық­ты көрген емеспін. Ауылымның ая­лы алақаны мен ілтипатынан көкі­регі­ме мол тағылым түйдім деуіме болады. Жергілікті өнерпаздар Жоламан Сейсенғалиев пен Жанаргүл Қуанышеваның, сонымен қатар Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншілері Еркін Өте­генов пен Дастан Есентеміровтің шырқаған әндері қандай әсерлі бояумен әуеледі десеңші. Ғайсағали Сейтақтың сөзіне жазылған «Бөкей орда, жасай бер» атты әнімнің тұң­ғыш рет орындалғанына қарамастан, халықтың соншалық сүйіспен­шілік­пен қабылдағанын өз көзіңмен көру бақыт екен. Аудан әкімі Рахман Карин мырза «Бөкей ордасы ауданы­ның құрметті азаматы» белгісін тап­сыр­ды. Айналайын, алтын бесігім құр­меттерін көрсетіп шығарып салды. – Ал бүгін Президенттік мәде­ниет орталығында өтетін кеші­ңіз­де қандай шығармалар орындалады? – Кеште Құрманғазының «Кіш­кен­тайы» мен «Арба соққан», сон­дай-ақ Мәменнің «Ақшолпан» күй­ле­рі орындалады. Дәулеткерейдің «Байжұмасын», Ұзақтың «Ақжеле­ңін», Динаның «Қазақстанын» тарт­па­саң кештің ажары кіре ме? Тағы да өзім жазған бірқатар күйлермен қа­тар, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы құр­ме­тіне «Асқаралы азамат» (М.Құл­кенов), «Ауылым аңсарым» (М.Рай­ымбекұлы), «Қадыр ағаны жоқтау», «Ақ әжем» (Ш.Қыдырниязова), «Ша­­­ғала сағыныш» (А.Бақтыгереева), «Нұр­ғиса ағаға сағыныш» (Т.Мол­дағалиев), «Тырналар» (М.Машекенов), «Домбыра» (Қадыр Мырза Әлі), «Ауылым – әсем ән сағым», «Ауы­­лымды сағындым» (А.Асылбек), «Күн­­­дер-ай» (Б.Төлебаев) сияқты біраз әндерімді тарту етемін. – Домбыраны алғаш қолы­ңыз­ға қанша жасыңызда ұстадыңыз? – Төрт жасымда сол өңірдегі атақ­ты күйші Аманғали Иманма­ғ­зомұлы қолыма домбырасын ұстат­қан екен. Әкем де керемет күйші бол­ған кісі. Уақыт өткен сайын қа­си­етті аспаптың үнін құлағыма құя берген ол бір күндері тіптен осымен шындап айналыса бастайды. Мен өзімнің күй өнері сырларын алғаш Аманғали сынды нағыз күйдің құ­лагерінен үйренгенімді қай жерде де мақтаныш етуден жалыққан емеспін. Кейін сол сүрлеу мені Құрманғазы атындағы консерваторияның даңғыл соқпағына түсіргені тағдырымды түп­кілікті қазақтың күй өнерімен сабақтастыруыма себепші болды. Өнер адамының тағдыры туралы әр түрлі сөздер халық арасына кең та­райды. Соның ішінде күйшілер жай­ында ешқашан көңілге кірбің ұя­латар әңгімені құлағымыздың шал­ма­уы күйдің терең иіріміндеріне бой­лаған сайын білгіміз келген құ­пияларды аша түсуімізге итермеледі. Ал күйдің құдіретіне құлақ асқан адамның халықтың талай ғасырдан бері сары майдай сақтап келе жатқан інжу-маржанын қадірлемеген кезін көрдіңіз бе? Қазақтың домбырасы мен күйі көкжиегінен осылайша көл-көсір тағылым төгіп тұрғанда осы елдің рухани көшін шеттен алапат бір сойқан күш көшіріп әкетеді деген қауіп-қатердің негізсіз екеніне көзім жетеді. – Сіз қызметіңізді Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-ас­пап­тар оркестрінде қатардағы дом­бырашыдан бастапсыз. Өнер­дің сынынан кей жандар сүрініп кетіп, опық жеп жататын жағдай­лар болады. Ал сіздің өнер жолы­ңыз қалай болды? – Қатардағы домбырашыдан бас концертмейстерге, одан кейін жеке орындаушыға ауыстым, енді міне, бүгін көріп отырғаныңыздай, еліміздегі нөмірі бірінші болып есептелетін, 77 жылдық тарихы бар айтулы оркестрге көркемдік жетекшілік етіп, кез келген өнер адамының арманы дерлік тұғырда тұрмын. Осыған дейінгі небір бұралаң-бұлтарысы қап­та­ған ну ормандай тіршіліктің тізгіні кейде бұра тартып, басқа тұсқа әкетіп жатса, енді бірде сол түйіннің бәрі жаңбырдан кейін ашылған аспанның жүзіндей құлпырып, мерей асырар мезеттің рахатын татасыз. Жалпы күйге жай күнделікті күйбең тірлік­тің күрең белінен әріге аса алмайтын жандар келмейді. Келіп қалған жағ­дай болса, ізім-ғайым жоғалып кеткенді ғана көріп жүрміз. Мұнымен не демекпін, мәселе жаңағы айтып отырған қызметте емес, мұнда сіз мейлі концертмейстер болыңыз, мейлі көркемдік жетекші болыңыз, жұрт тек шынайы өнерге баға береді. Кімнің қай жерде отырғанына қарап бағаланбайды. Менің осы оркестрдің құрамында өнер көрсетіп келе жат­қаныма қырық жылға жуықтапты. Жұмыр жердің қай қиырына сапар шекпеді дейсіз? Америка, Италия, Франция, Корея, Ауғанстан, Португалия, Пәкістан, Қытай мен Алмания асқан кездерде жүрегімді сыздатқан ұлттық аңсардан ешқашан аттап кеткен емеспін. Біреулерге сондай мезеттерде көкейімізде тек қана дәс­түр­лі күй өнері арқылы қазақты барша жұртқа таныстыру мақсаты тұр­ды деген қағида күмәнді түйілуі мүм­кін. Күй толқытпаған көкірек мұн­дай сезімді қайдан ұқсын?! Және бір ғажабы, сол бөгде жұрт біздің өнерімізге қатты қызығушылық та­ны­тып, тіпті кеш соңында жібермей, көп сұрақтың астына алып жата­ты­нын қайтерсіз. Себебі, қазақтың та­рихы мен мәдениетін өзге елге қа­зақ­тың күйі мен домбырасы тұрған­да басқа нәрсемен түсіндірудің қа­жеті бола қояр ма екен. Осы екі киелі дүниесімен-ақ талай сырды тереңнен тебірене жеткізу қиын емес. – Шет елдегі жастарға біраз дәріс беріп қайтқан көрінесіз. – 1996 жылы Қазақстан мен Қы­тай елі мәдениет министрліктері өзара келісімімен ҚХР-ның Шыңжан өлкесі, Құлжа қаласындағы қазақ, ұйғыр, сібе, хансу, дұңған сияқты ұлт­тардан құралған оркестрді басқ­а­рып, алты ай бойы сондағы өнерпа­з­дарға кәсіби тұрғыдан дәріс бердім. Сырттағы қандастар күйді тіпті ала­бөтен сезіммен тыңдайды екен. Өйт­кені, біреуден біреу іле жаттап, ауыз­дан ауызға тез тарайтын жыр өне­рінің жөні бөлек те, ал күй өнері мұндай үлгіден әлдеқайда күрделі иірімдегі құдіретті дүние. Қазақтың бүкіл тұрмыс-тіршілігі мен болмыс-бітімі, тағдыр-тарихы жайында жа­зыл­ған том-том кітаптар сөрені май­ыстырса, осылардың түгелдей күй шежіреге сыйып кету сыры адамға үлкен ой салады. Қазақтың арғы-бергі композиторларының біраз ән-күйлерін оркестрдің репертуарына енгізуге жіберген уақытымды бос кетті дей алмаймын. Сол аралықта аталмыш өнер ұжымының сандық нотасын еуропалық нотаға аударып шықтым. Қазақстан өнертанушы­ла­ры мен зерттеушілерінің, музыкант­тар­дың еңбектері мен оқулықтарын Қытайдағы қандас бауырларға тара­ту­дың екі ел арасындағы шығарма­шы­лық байланысқа тигізген пайдасы ұшан-теңіз. – Шығармаларыңызға көбіне қан­дай тақырыптарды арқау етесіз? – «Отан оттан да ыстық» демей ме халқымыз. Сол айтқандай, алды­мен туған жерге бас иіп, барыңды арнауға борыштарсың. Күй арқылы мұндай асқақ ұғымдар дауылпаз рухта жырланары сөзсіз. Жастарды пат­риоттық сезімге, Отанды сүюге тәр­биелеу күн тәртібінде тұрған басты мәселе десек, ендеше оның қайнар көзін басқа беймәлім жақтардан із­деу­дің әсте қажеті жоқ. Бабалар та­ғылымынан ескен құдіретті күй сондай тамаша арнаға бастайды. Сайын даланың қай түкпіріне барсаңыз да сол саздың сандуғашы сайрап тұр. Осыншама байтақ даланы жайлаған өнердің тілімен адамзат арманының ұшар шыңына қол жеткізуге бола­ты­нын сезінудің өзі адамға бір ғанибет. Сол себепті Отанға арналған орамды туындылар қашанда биік тұра беретін болғандықтан, одан қазіргі күй­ші-композиторлар да шет қалып жат­қан жоқ. Оның үстіне біздер бүгінгі тәуелсіздікке жетуіміздің қаншалық қымбат жолдармен келгенін білетін ұрпақпыз. Қиындықпен бетпе-бет арпа­лысқанбыз. Қарап отырсаңыз, осы жүрген жолдарымыздың бәрі ер­тең тарихқа айналып жатыр. Сол парақтарды әлі парықтар ұрпақ туа­ды. Аға ұрпақтың әр саладағы іздеріне зер салғанда, бізден олар қандай тәлімді ізгілікті табуы керек деген тұрғыда көп ойланамын. Осы ойлар мазалағанда ұйқым шайдай ашыла­ды. Отан, туған жер туралы іштегі шерді күймен тарқатуға тырысамын. Күйлерімнің біразы достық пен махаббат сияқты аяулы сезімдерге ар­налған. Күйдегі, болмаса басқа өнер­дегі жасандылықты жасыруға бол­май­ды. Әсіресе, адалдық пен адам­дық бедерді бейнелеу тек сезіміне селкеу түспеген шынайы жүректен ғана туары анық. Сондықтан жалпақ жұртқа оны жария етпес бұрын осы еңбегің қаншалықты жүрегіңнің сия­сымен жазылғанына үңіліп алғанның артықтығы жоқ. Елордадағы кешімде сондай көңіл сүзгісінен өтіп ба­рып, өмір сүріп жатқан туындыла­рымды ұсынып отырмын. – Дүниеден өтіп кеткен немесе ұмыт бола бастаған кейбір күй­шілердің туындыларын зерттеуде де біраз іс тындырып тастаған си­яқ­тысыз. – Үлкен жұмысымның бірі – шек­тінің ұрпағы, Тілеуұлы Мөңке бидің төрт күйін тауып, оның табиғаты мен тарихын зерттеп, нотаға түсір­генім. Бұл қазақтың күй мұрасын толықтырған тағы бір айтулы табы­сымыз болып табылады. Осы төрт туындыны халыққа алғаш жеткізуші де өзіммін. Мөңке бабамыздың «Жи­ын, алқа, кеңес», «Қиқу дәурен», «Шалқыма», «Өттің, жалған-ай» күй­лері бүгінде баға жетпес рухани байлығымызға айналып үлгерді. – Кейінгі кезде күйді эстрадаға қосып, үлгісін түрлентіп жеткізетін өнерпаздар сахнаға шығып жүр. Күйші ретінде осыған өзіңіз­дің пікіріңізді білдіре кетсеңіз. – Қасиетті домбыраның құлағын оңды-солды соққылап, дабырлаған батыстық әуенге қосып, күйдің бай­ырғы байыпты нұсқасын бұзып жүр­гендерді жүгендегім келеді. Әсіресе екпіні қай қазақтың болсын намы­сын жанитын өршіл рухтағы «Адай» күйін айғыздап бітетін болды. «Са­рыарқа» күйі де сондай жеңіл әуен­нің жетегіне еріп кете барды. «Са­рыарқаның» сарқырама мінезін бас­қаның барабанымен бас үйретеміз деушілік қателік. Бірақ енді талғам талқыланбайды демекші, өмір бір орында тапжылмай тұра бермейді. Өнер бұлағының басына әр түрлі жандар келіп-кетіп жатуы заңдылық. Кімге не деп наз айтасың. Бүгінгі жастардың құлағына жету үшін сондай байламдар жасалуда деп, оған араша түскісі келетін де жоқ емес. Бірақ кім не десе де, адам байырғы тамырдан тәтті жеміс таппайды. Мұ­ның бәрі бір сәттік әуестікпен жұрт­ты өзіне тартқанмен, бірте-бірте ескіріп қалып қоятын уақытша жыл­ты­рақтар. Жақында елімізде «Мәде­ниет» телеарнасы ашылғанда жүре­гіміз жарыла қуандық. Бұл арна да дәл біз секілді дәстүрлі күйшілердің жүрегін тебіренткен жайттарды қоз­ғайды деген сенімдемін. Эстрада мен классикаға қарсымын деген сөз емес, бірақ қазақтың қазақ екенін өзге жұртқа паш ететін дүние қа­шанда дәстүрлі өнерлер екенін есте ұстағанымыз абзал. 2005 жылы Құр­манғазы оркестрі, Астана симфония­лық оркестрі гастрольдік сапармен Америкаға барған болатынбыз. Сонда бірінші болып сахнада симфо­ния­лық оркестр өнер көрсетті. Біз екінші кезекке қойылыппыз. Бірақ бірінші боп немесе соңынан өнер көр­сеткенде тұрған ештеңе жоқ. Мұны біз «Көңілашар» күйін орындаған сәттегі америкалықтардың көрсеткен ықыласынан сезіндік. Залдағы жұрт көпке дейін қолдарын соғып орын­дарынан тік тұрды. Концерттік бағ­дар­лама көзді ашып-жұмғанша өте шығатын нәрсе болғандықтан, өнері­міздің тез бітіп қалғанына өкініп жатыр. Осы кезде «Симфониялық оркестрдің өнерінен гөрі сіздерді көбірек тыңдағымыз келеді. Себебі, Нью-Йорктің бір басында жүзден астам симфониялық оркестр бар, ондай музыкаға өзіміз де қат емеспіз» деген америкалықтың сөзі жадымда жатталып қалыпты. Шетелдік көрер­менді бұрын-соңды құлағы шалып көрмеген өнер көбірек қызықтыра­ты­нын сонда анық байқап қайтқанмын. – Ұзақ пен Мәмен сынды ке­меңгер күйшілердің туындыларын да көп дәріптеп жүрсіз. – 5-6 шілдеде Орал қаласында күйші-сазгер Мәмен Ерғалиұлының 140 жылдығына арналған тұңғыш рес­публикалық домбырашылар бай­қа­уы өтті. Құрманғазының төл шә­кірті, күйші Мәменге арналған бірде-бір шара өтпегендіктен, ХІХ ғасырда өмір сүрген тұлғаның бізге тек «Қа­ражан ханым», «Он алтыншы жыл», «Қайғылы қара» сияқты жеті-сегіз күйі ғана жеткен. Ол туралы Әлекей, Түркеш секілді дүлдүл күйшілердің өнерін кішкентайынан құлағына құйып өскен, тіпті келіні Динамен де күйтартыста бақ сынасқан деген ел арасына аңыз әңгіме тарап кеткен. Мәменнің туған әкесінің аты – Мұрат, Жаңақала ауданы Пятимар ауылындағы көнекөз қариялардың айтуынша, Ерғали оның нағашы­сы­ның аты. Мәмен Құрманғазы күй­ле­рінің ел жадында сақталуына көп тер төксе, оның шәкірттері Қали мен Оқап Мәмен жауһарларының ұрпақ­тан ұрпаққа жалғаса беруіне айтар­лықтай үлес қосты. Мәмен күйлері негізінен лирикалық саздылығымен жан баурайды. Тұла бойы отты сезіммен өрілгендей шоқ қариды. Ұзақ туралы да ұзақ толғайтын кез келеді әлі. Осы даланың екі сардарының басын көтеретін уақыт әлдеқашан жетті. Осыған қалайда қаржы табу­ым керек. Жер-жерде бұл ойды қоз­ғап та жүрмін. Тарихымыз, кешегі ізгілікті із жоғалмасын дейтін болсақ, оған елдің бас көтерер азаматтары дер кезінде көмек қолын созар деген үміттемін. – Олардың күйлерін зерттеп, ха­лыққа жеткізіп жүрген жандар бар ма? – Мен өзімді осы Мәмен мек­тебінің өкілімін деп есептеймін. Ендеше, оның еңбектерін, өмірін ха­лық­қа жеткізуде кеш қалдық деп өкінетін жайымыз жоқ. Әзидолла Есқалиев та сол мектептен өнеге түй­ген, сол сияқты бүгінде әр мек­тептің белгілі тұлғаларын қоса оты­рып, неге бір телевизиялық жобаны қолға алмасқа деген ой келеді. Бұған Жанғали Жүз­баев, Ермек Қазиев, Едіге Нәбиев, Айгүл Үлкенбаева, Шәміл Әбілтаев, Біләл Ысқақ, Қош­қарбек Тасбергенов, Секен Тұрыс­бек, Тұрар Әліпбаев секілді тағы да басқа өңірлерден шық­қан небір күй­шілерді тартса, соның жиынтығы­ның өзі-ақ қыруар байлыққа айналмай ма? – Әңгімемізді Құрманғазы ат­ын­дағы академиялық ұлт-аспап­тар оркестрі туралы ойларыңыз­бен түйіндесек. – Аңсар-армансыз адамды қанат­сыз құсқа теңеп жатпай ма? Сол айтпақшы, менің де жанымды жегідей жейтін бір арман бар. Өзінің орындаушылығымен, көркемдік шы­ғар­машылығымен басқалардан өзге­ше дара тұрған Құрманғазы оркес­трін жұрт әлдеқашан әлемдік дең­гейдегі ұжым деп қабылдап қойған. Енді осы өнер ошағының несі кенде дегенде, «ұлттық» деген атау берілсе, қай жағынан да оған лайықты бо­лып тұрар еді. Ұжымымыз халық­аралық оркестрлер байқауының бес дүркін жүлдегері. Дүние жүзінің барлық аймағында радио мен теледидар арқылы Құрманғазының «Са­рыарқа» күйін оркестрдің орындау­ында тұрақты беріп тұру құқын жеңіп алғаны туралы біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Оркестрдің ре­пертуарында дәстүрлі күйлермен қа­тар дүние жүзі халықтарының 4 мыңға жуық классикалық шығарма­ла­ры бар. Американың «Корнеги Холл», «Кеннеди центр», Римнің «Аудиторим», Берлиннің «Берлин Хаус», Париждің «ЮНЕСКО залы», Мәс­кеу­дің «Съездер сарайы», Үлкен театры, П.Чайковский атындағы концерттік залы, Бейжің мен Шанхайдың концерттік залдары дүр сілкінген ғажай­ып күйдің құдіретін айтып тауыса алмаспыз. Әлемдік биікке ұмтылған күй қанаты мұнан да асқақ шыңдарға самғай береріне сенімім мол. Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.