Оқиға • 30 Шілде, 2024

Түркістанда Жер ресурстары департаментінің басшысы сотталды

93 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан қалалық соты Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы А.Мырзаевқа, оның сыбайласы А.Балтабаевқа және бөлім басшысы Б. Жетпісовке қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістанда Жер ресурстары департаментінің басшысы сотталды

Фото:Ашық дереккөз

Мырзаев пен Балтабаев алаяқтық және пара беруге итермелегені үшін, ал Жетпісов пара алуға әрекеттенгені үшін кінәлі деп танылған.

Анықталғандай, Мырзаев пен оның сыбайласы Балтабаев кәсіпкердің жер телімін рәсімдеу үшін 18 миллион теңге көлеміндегі қаражатын иемденген.

«Сонымен қатар Мырзаев жалпы қамқорлық үшін шенеуніктерге пара берді деген желеумен Жетпісовтың бұрын келісілген 5 миллион теңгенің 70 мың теңгесін алаяқтық жолмен иемденіп алған», делінген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сот үкімімен Мырзаев 8 жылға, Балтабаев 7 жылға және Жетпісов 7 жылға сотталып, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.