Қазақстан • 16 Қазан, 2017

Жалпыұлттық талқылаудың жарқын нәтижесі

248 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Латын әліпбиінің Парламентте талқыланған нұсқасы елдің көңілінен шықпай, жалпыхалықтық талқылау тағы да жалғасты.

Жалпыұлттық талқылаудың жарқын нәтижесі

Ең басты дау – қазақтың төл дыбыстарының екі әріпті болып келуі. Бұндай көңілге қонымсыз нұсқа түсініксіздік пен қолайсыздыққа тап қылатыны анық еді. Бір қуанарлығы, Елбасы алғашқы нұсқаға қол қоймай, бүкілхалықтық тал­қы­лауды жалғастырғандықтан, ақыры міне, ел көңілінен шығатын қонымды нұсқа дайындалды.   

Алғашқы нұсқадағы халыққа ұнамаған, қос әріпті болып келген қазақтың төл дауысты – ә, ө, ү және т.б. дыбыстар жаңа нұсқа­д­а толық шешімін тауып, енді олар бір әріп болатын болды. Әріптің үстіңгі оң жағына ноқат қойылады, яғни апокрифпен белгіленеді. Қорытындысында халық көңіліне қонымды латын қарпіндегі жаңа әліпби жобасы жарық көрді.

Латын әліпбиіне өтуді өзі­нің Ұлттық тұжырымдамасында 2007 жылдан бері көтеріп келе жатқан «Ақ жол» партиясы да латын әліпбиін талқылаған келелі кеңестер өткізіп, бұған дейін де өз ұсыныстарын жіберген еді.

Бұл тақы­рыпқа оншақты жылдан бері қалам тартып келе жатқандықтан, «Қазақ әліпбиі қазақ үшін жа­ңаруы керек» деген елден ерек­ше қолдау тапқан мақа­ламда қазақ­тың төл дауысты дыбыс­тары­ның қос әріппен белгіленуіне – диграфтарға қарсы шығып, онда өзге нұсқа ұсынған болатынмын. Сонымен «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың бастамасымен жаңа жобаға өз ұсыныстарымызды партияда талқылап, арнайы комиссияға жібердік.

Ал Елбасымыздың алдында арнайы комиссия ла­тын әліпбиінің жаңа жобасын жариялағанда біз де ұтымды ұсы­ныс­тарымыздың жаңа нұсқа­да жақсы көрініс тапқанын көріп, қуанып қалдық.

Осы ұсынылған нұсқадағы 11 әріптің 9 әрпі жаңа нұсқада қабылданыпты.

Әрине латын әліпбиін дайын­даудағы арнайы комиссия жаңа нұсқаның жекелеген әріптері­не бай­ланысты әлі де ұтымды ұсы­ныстар болса қаралатынын мәлімдеді.

Рухани жаңғыруымызға темірқазық болып отырған ла­тын әліпбиін талқылауға бү­кіл халықтың қатысқанына, қол­­­дап жатқанына қарап, жаңа әліп­биі­міздің болашағы айқын болады деп сенеміз.

Латын әліпбиін қабылдау – Рухани тәуелсіздік екенін жақсы түсініп келе жатқан елдің сенімі көңіл қуантады.

Латын әліпбиі қабылданған соң мемлекеттің негізгі ресми әліпбиі ретінде жұмыс істейтін болады. Мем­лекеттік әліпби мем­лекетті ң тұтастығы үшін қызмет етеді.

Латын қарпін талқылауда зор белсен­ділік көрсеткен халық енді жаңа әліпбиі­мізді өмірге енгізу­де де қарқынды қайрат таны­туы тиіс. Яғни қолға алып қана қой­май, қолдануды да бастай беруі­міз керек.

Жаңа рухани жетістікке жете­лейтін жаңа латын әліпбиі – жал­пыұлттық тал­қы­лаудың жарқын нәтижесі.

Қазыбек ИСА,
«Ақ жол» партиясы 
төрағасының орынбасары