Аймақтар • 16 Қазан, 2017

Атырауда республикалық жастар слеті өтті

607 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қазақстан жастары Конгресінің» 15 жылдығына арналған шараға еліміздің әр өңірінен жастар ұйымдарының көш­басшылары мен өкілдері, жас депутаттар, спортшылар, блогерлер, сарапшылар мен мемлекеттік қызметшілер шақырылды.

Атырауда республикалық жастар слеті өтті

Қазақстан жастар Конгресі кеңесінің төрайымы Дариға Назарбаева, Олимпиада жүлдегері Василий Левит, танымал тележүргізуші Сәнді Сұлтан құрметті қонақ ретінде қатысты. 

Үш күнге созылған слет жұ­мы­сында жастарды тол­ған­ды­ра­­тын сауалдар талқыға түсіп, түр­лі тренингтер мен ше­бер­­лік-сабақтары, көше суб­мә­де­ниеті фес­тивалі, түнгі алау жа­нын­дағы бейресми кездесу, облыс әкі­мі Нұрлан Ноғаевпен кездесу, пікірталас, «Жаңа дем» эко­ло­гия­лық акциясы сынды шаралар ұйымдастырылды. 

Қазақстан жастар Конгресі 2002 жылы Елбасы бастама­сы­мен ашылған. Бүгінге дейін «Жа­сыл ел» бірыңғай еңбек жас­тары ұйымы, «Жас Ұлан жас­өс­пірімдер ұйымы, «Сту­дент­тер альянсы» сынды көп­теген ұйым­дар құрылды. Кон­грестің ат­қарушы директоры Айдын Сә­битов: «Биыл әске­ри-патриоттық бағытты ай­рықша назарға алып отырмыз. «Жас қару» патриоттық ұйы­мы жұмысын бастады. Тағы бір жаңалық – дүниежүзілік банк­тің грантын жеңіп алдық. Ауыл жас­тарының бастамаларын қол­дау мақсатында шаралар өтеді. Жалпы, еліміз бойынша 106 конгрестік ұйым бар», – деді.
Республиканың түкпір-түк­пірінен Жайық жағасына жи­налған жастар слет жұ­мы­сына белсенді қатысып, таным көк­жиектерін кеңейтті. Қазақ­стан жастар Конгресі кеңесінің төр­айымы Дариға Назарбаева мен Атырау облысының әкімі Нұр­лан Ноғаев пленарлық мәжі­ліс­ке қатысып, жастармен ашық диа­лог құрды. Есепті баян­да­малар­дан бұрын емен-жар­қын жүз­десуге негізделген жиын­да жас­тар қол жеткізген же­тіс­тік­тері мен толғандырып жүр­ген мә­се­лелерін ашық айтты. 

«Алдымызда нақты мақсат болуы керек, – деді Дариға Назарбаева. – Қазір жастардың жағдайларын жақсартатын мем­лекеттік бағдарламалар бар. «Жұ­мыспен қамту-2020» Жол кар­тасы», «Жастардың кадрлық резерві», «Дипломмен – ауылға!», «Жасыл ел», «Білім мен ғылымды дамыту», «Үш тілде білім беруді дамытудың бағдарламалары», «Серпін», «Мәңгілік Ел жас­тары – индустрияға», жастар кор­пусын дамытуға арналған дүние­жүзілік грант жобалары жар­қын болашаққа жетелейді. Ауыл жастарын оқытуға 7 млрд тең­ге бөлініп отыр. Жастарды ал­ғашқы мамандыққа оқыту бағ­дарламасы бар. Мыңдаған жас азаматқа жол ашқан «Болашақ» бағдарламасын айрықша атауға болады. Мемлекет тарапынан қамқорлық пен қолдау жеткілікті дәрежеде. Олар қалай жүзеге асырылып жатыр, нәтижелері қан­дай? Конгресс осы сауалдарға жауап іздеп, бағдарламалардың тиімділігін, жетістігін бақылап отыруы тиіс. Бақылау болмаса, сұрақ болмаса, жұмыс жүр­мейді. Биылғы жыл еліміз үшін оқиғаларға бай жыл болды. ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месі әлем назарын бізге аударды. Көрме жұмысынан жастар тыс қалған жоқ. Қазақстанның түк­пір-түкпірінен еріктілер жиналды. Туризмді дамытуға жас­тар атса­лысулары керек. Туризм – әлем­дегі ең серпінді дамып келе жат­қан бизнес түрі. Өз жерімізді біле­міз бе? Қасиетті жерлерге, тари­хи мұрамызға қаншалықты қа­нықпыз? Осы сауалдар жауапсыз қалмауы тиіс». 

Жастар саясатының дамуына, ел жастарының азаматтық бел­сенділігін арттыруға, жан-жақ­ты қабілетін шыңдауға бағыт­талған шараларды ұйымдастыруға үлес қосып жүрген белсенді жас­тар Конгресс кеңесі төрағасының алғыс хаттарына ие болды. 

 Дариға Назарбаева Атырауға сапарында Ұлттық гвардияның №51051 әскери бөлімшесіне ба­рып, «Батыс» өңірлік қолбас­шы­­лы­ғында қорғаныс пен қа­уіп­сіздік бойынша атқарылып жат­қан жұмыстарымен танысты. 

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ